Қылмысқа қарсы күрес – қоғам міндеті

Полиция жылына 7 миллионнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді ұстайды екен.

Жыл сайын елімізде 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алса, апат салдарынан 2 мыңнан аса адам қайтыс болып, 18 мыңның үстіндегі адам жарақат алады екен. Жол үстіндегі қауіпсіздікті арттыру үшін мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен шаралары іске асырылып, тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Тіпті, адамның қатысуынсыз, жүгенсіз жүргізушілердің тәртібін бақылау үшін автоматтық құрылғылардың көмегіне көптеп жүгіне бастадық. Десе де, әлгінде айтқандай, тасжолдан келетін қайғылы оқиғаның статистикасы жаға ұстатса, полиция жылына 7 миллионнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді ұстайды екен.

Сондықтан кеше Астанада алғаш рет еліміздегі қоғамдық кеңестердің бірлескен отырысы өтіп, қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімді жүйесін құру мәселесін талқылады. Кеңес жұмысына қатысқан спикерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы, киберқылмыс пен есірткіге қарсы күрес мәселесінде атқарылған шараларды тыңдап, алда атқарылар міндеттерге алып-қосарларын бірлесіп шешуге ниет білдірді.

Қоғам мүшелері 2024-2028 жылдарға арналған Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасында бекітілетін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің одан арғы стратегиясын талқылап, азаматтардың өмірін, денсаулығы мен мүлкін қорғауды күшейту, құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімді жүйесін құру, полиция жұмысын сервистік бағдарланған, адамға бағдарланған модельге айналдыру мәселесінде атқарар жұмыстың көп екенін жеткізді. Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, ғылыми қоғамдастық, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Айта кету керек, тұжырымдама бастапқы кезеңнен-ақ жұртшылықтың қатысуымен әзірленуде. Сондықтан құжатта жұртшылықпен келісілген шаралар, оның ішінде азаматтық қоғаммен сындарлы әріптестік орнату жөніндегі жұмыстар көрініс табатын болады. Жиналғандардың айтуынша, қоғамда қылмысқа қарсы күрес және құқықбұзушылықтың алдын алу тек қана полицияның міндеті деген қасаң пікір қалыптасқан. Алайда қоғамдағы қылмысқа қарсы күрес – қоғамның міндеті.

ІІМ елдегі құқықтық тәртіпті және криминогендік жағдайды қадағалауды барынша қамтамасыз етуде. Сонымен қатар адамды нысанаға алған клиентке бағытталған сервистік жұмыс моделіне көшу жүзеге асырылады. Бағалау критерийлері өзгереді. Халықпен жұмыстың жаңа форматтары енгізілуде, жүйеішілік өзгерістер жүргізіліп, заңнама жетілдіріліп жатыр. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе қылмыстың алдын алу үшін салдарымен күресуден гөрі алдын алу шараларын ұжымдық түрде қабылдау барынша тиімді, нәтижелі және пайдалы екенін дәлелдеді. Мәселен, дамыған елдердің ұлттық құжаттарында құқықбұзушылықтардың алдын алу бүкіл қоғамның, орталық және өңірлік атқарушы органдардың міндеті болып табылады деген қағидаттар бекітілген.

Кеңес отырысында Тұжырымдаманың негізгі ережелері мен оның негізі ретінде алынған халықаралық тәжірибе, сондай-ақ шешімдерді әзірлеу процестері егжей-тегжейлі қарастырылды. Әсіресе,  есірткі қылмысы, киберқылмыс, соның ішінде интернет-алаяқтық, түбегейлі шаралар қабылдауды талап ететін жол қауіпсіздігі жағдайы әлі де болса маңызды болып отыр. Сол үшін спикерлер барлық мүдделі тараптарды құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірлескен жұмысқа шақырып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сонда ғана елдегі құқықтық тәртіптің жай-күйіне тікелей немесе жанама әсер ететін проблемалардың себептері мен жағдайларын жоюға қол жеткізілетіні ерекше айтылды.

Ж.МҮСІЛІМ