Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының жиыны өтті.
Ерлан Қарин: Әрбір ұлт достықты нығайтуға үлес қосып отыр
1,301
оқылды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі жиыны туралы пікір білдірді. Бұл туралы Telegram арнасында жазба жариялады. 

Оның айтуынша, форум еліміздегі маңызды саяси оқиғалардың бірі екені анық.

«Мемлекет басшысы Ассамблеяда сөйлеген сөзінде мемлекеттік құрылыстың іргетасы этносаралық келісім мен бірлікке негізделетінін аңғартты. Этносаралық қатынас бағытындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін кешенді міндеттер қойылды.

Президент сөзінің негізгі түйіні мынадай тұжырымға саяды: жалпыұлттық бірегейлікті әлеуметтік-саяси, экономикалық және рухани құндылықтарды негізге ала отырып, табиғи әрі тарихи жолмен қалыптастыру және дамыту керек.

Президенттің айтуынша, «Біздің барша халқымыз өздерін үлкен және біртұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі ретінде сезінеді», «ондағы әрбір этнос достықты, үйлесімділік пен келісімді нығайтуға баға жетпес үлес қосып отыр».

Осы орайда Мемлекет басшысы жалпыұлттық бірегейліктің нышандарын тағы бір рет атап өтті.

Бірінші, азаматтық бірегейлігімізді танытатын көк төлқұжат.

Бұл барлық азаматтың тең және мемлекеттің қорғауында екенін көрсетеді.

Екіншісі, Қазақстанның тәуелсіздігін, оның ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мемлекеттілігін бейнелейтін аспан түстес көк байрақ», – деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысы өтті.