Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов Мәсімовтің денсаулығына қауіп төніп тұр деген ақпаратқа күмәнмен қарайды.
"Түрмеде отырған адамның өз баспасөз қызметі қайдан болады": депутаттар Мәсімовтің денсаулығына қатысты пікір білдірді
4,232
оқылды

Мәжіліс депутаттары Кәрім Мәсімовті қорғаушылардың оның денсаулығы жайлы айтып, түрмеден босату туралы талабына қатысты пікір білдірді. 18 жылға сотталған ҰҚК-ның экс-басшысының айықпас дертке шалдыққаны туралы Мәсімовтің жеке интернет-ресурсының баспасөз қызметі жазған. Дереккөз оған диагнозды Америкада тұратын дәрігердің қойғанын айтады, – деп хабарлайды  КТК арнасы.

Қазақстан  Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов Мәсімовтің денсаулығына қауіп төніп тұр деген ақпаратқа күмәнмен қарайды.

“Біріншіден, сұрақ: өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген адам тергеу изоляторында отырғанда өзінің баспасөз қызметі қайдан болады? Сот үкімі жарияланған кезде біз сот залынан түскен суретін көрдік. Ол 2016 жылы қалай көрінсе, қазір сол кейіпте. Оның үстіне,  ол жазасының бір жылын өтеп қойды. Менің ойымша, денсаулығына қатысты мәселе болуы мүмкін емес”, – дейді ол.

Кәрім Мәсімовтің сайтында жарияланған ақпаратта америкалық дәрігер оның айықпас дертке шалдыққаны туралы медициналық дәлелдеме келтіреді. Шетелдік маманның пікірінше, ҰҚК-ның бұрынғы басшысы шұғыл түрде гуманитарлық бостандыққа шығуы керек, өйткені бұл диагноздардың соңы өлімге әкеліп соғуы мүмкін.

Депутат Ерлан Саиров ешқандай жеңілдік пен амнистияның болмауы керек екенін айтады.

“Ал егер ол медициналық тексеруден өтуі керек болса, онда дәрігерлер қазақ болуы керек – науқасты тікелей өздері тексеруі керек. Үшінші тұлғасыз. Шетелден келген мамандардың қандай талдауларға сүйенетіні белгісіз”, –дейді Саиров.

Еске салайық, ҰҚК-ның экс-басшысы 18 жылға сотталған. Сондай-ақ оның мал-мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылған. Сот  оны мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп тартып алу және билікті асыра пайдалану үшін кінәлі деп тапты.