Президент тапсырмасы бойынша Республикалық бюджет комиссиясы 106,7 млрд теңге болатын 72 жобаны қолдады.
Жемқорлардан қазынаға қайтарылған қаражатқа 72 жаңа мектеп салынады
1,208
оқылды

Үкімет сыбайлас жемқорлардан сот арқылы алынған, мемлекетке қайтарылған қаражатты мектептердің құрылысына беру механизмін бекітті. Бұл туралы Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тиісті түзетулер енгізілген қаулыға Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында жемқорлардан алынған қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағыттауды тапсырған болатын.

«Жалпы, мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс», – деді Президент.

Бүгінгі таңда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге түсті.  

Сонымен қатар Республикалық бюджет комиссиясы Президент тапсырмасы бойынша 106,7 млрд теңге болатын 72 жобаны қолдады. 

Атап айтқанда, 94,1 млрд теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға, тағы 12,6 млрд теңге 3 жаңа нысанның (екі ауысымда 1400 орынға арналған 2 мектеп және 200 орындық мектеп-интернат) құрылысын аяқтауға бағытталады.