Жақында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров парасатты, байсалды, халықшыл саяси мәдениет қалыптастыру маңызды екенін айтып Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады. Депутаттың пікірінше, аймақтарда жергілікті әкімдер бюджет қабылдау процесіне жаңа сайланған мәслихаттардың потенциалын пайдалана отырып, бюджет процесіне қоғамды кеңірек қатыстыру мәдениетін жасауы керек.
Ерлан Саиров: Үкіметтің әдіс-тәсілдері өзгеруі керек
1,140
оқылды

– Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалыңызда Үкіметтің бүгінгі халықпен жұмыс істеу, қоғаммен коммуникация жасау тәсілдері көңіл көншітпейтінін айттыңыз. Бұл сауалды жолдауыңызға не себеп болды? Халық тарапынан келіп түскен арыз-шағымдар бар ма? 

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елімізде жүргізіп жатқан реформалары­ның ең негізгі, түпкі мақсаты – халық­тың әл-ауқатын арттыру. Саясат пен экономиканың ара­сында тіке­лей байланыс бар. Яғ­ни, ха­лық­тық билік, демокра­тия, плю­рализм болған кезде эко­­номика­лық салада монопо­лияға, олиго­полияға жол беріл­мейді. Эконо­мика­лық салада протекция бол­майды. Сондық­тан Үкімет Қасым-Жомарт Ке­мелұлының саяси реформаларын эконо­мика­лық өсімге конвер­тация жасай отырып, халықтың әл-ауқатын арттырудың амал­да­рын жасауы керек. Бүгінгі Үкі­мет­тің алдын­да­ғы ең негізгі мә­селе – саяси ре­фор­маларды ай­мақ­­тардағы бюд­жеттің ашық­ты­ғына, аймақтар­дағы көптеген түйткілді проблема­ны ашық талқылауға әкелетін тетіктер жа­сау. Сон­дық­тан депу­таттық сауал халықтан келетін әртүрлі хат­тан, шағым­нан қарас­тырылған. Халық пен Пре­зидент ара­сында эконо­мика­лық саясат үшін жауап беретін негізгі құ­рылым бол­ған­дықтан Үкіметтің әдіс-тәсілдері өзгеруі керек. 

– Мемлекеттік ақпарат қауіп­­сіздігі аясында проблемалар кө­бе­йіп кеткені рас. Алайда ақ­па­раттық қауіпсіздікті қамтама­сыз ету жолдары бар ма? 

– Мемлекеттің ақпараттық қауіп­сіздік проблемасы ең бірін­ші қазақстандықтардың мемле­кеттік өзін-өзі сезінуіне байла­нысты. Өйткені мемлекеттік өзін-өзі сезіну дегеніміз – әр аза­­мат­тың Қазақстанды Отаным деп сезінуі. «Қазақстан Отаным бол­ғандықтан осы елдің тұтас­тығы мен бірлігіне, ынтымағына азамат ретінде жауап беремін» деген түсінік әрбір адам­да болуы керек. Бүгінде ақ параттық қауіпсіздік проблемасы әлеу­меттік желілердің пайда болуы­мен күрделене түсті. Бұрын бұ­қаралық ақпарат құралдарының ақпаратқа монополиясы болған. Қазір БАҚ-тың ақпаратқа еш­қан­дай монополиясы жоқ. Мем­ле­кеттің ақпараттық қауіпсіздігі әрбір азаматтың іс-қимылына байланысты болып отыр. Міне, осы тұрғыдан ақпараттық қауіп­сіздіктің стратегиясын өзгерту керек. Сонымен бірге мемлекет алдындағы халықтың пейілі қан­дай? Әрбір азаматтың ақпарат­тық қауіпсіздікке жауапкершілігі бар екенін түсінуі үшін не істеу керек деген сұраққа жауап беру керек. Жалпы, мемлекеттің ақ­парат саласындағы іс-қадам­дарының концепциясын өз­герту керек. Бұл өте ауқымды мәселе. Дегенмен осы түйткілді шешуге бүгіннен бастап кірісуі­міз қажет. 

– Жергілікті бюджеттің қа­лып­тасуы барша халыққа жаппай ашық және түсінікті болуы тиіс екенін айттыңыз. Сонда бүгінге дейін жергілікті бюджет ашық жүргізілмеген бе? 

– Қазір аймақтарда қатысу бюджеті деген бар. Яғни, бюд­жет­тің әлеуметтік саласы халық­тың тікелей араласуымен қалып­таса­ды. Бюджеттің белгілі бір 10 па­йызы халықтың нақты қажет­тілігіне жарауы керек. Бұл баста­ма кейбір аймақтарда іс-жүзіне асып жатыр. Дегенмен де, әрбір ау­данның, облыстың бюджеті қайда кетіп жатыр? Қалай ұста­лып жа­тыр? Халыққа келетін нақ­ты қан­дай әлеуметтік пайда бар? Осының барлығына әкім­шілік, мәслихат нақты есеп беріп отыруы керек. Міне, бюджеттің ашықтығы дегеніміз осы. Егер бюджет ашық болатын болса, ауданда, облыста бюджеттің қайда кетіп жатқаны жайлы ақпаратты халық біліп отырса, онда халықтың мемлекетті түсіну дәрежесі кеңейеді. Мемле­кет пен халықтың арасындағы түсіністік ұлттық консенсусқа алып келеді. Сондықтан бюджет мәселесіне ұлттық консенсусқа алып келетін құрал ретінде қа­рауымыз керек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

К.ҚАРҚЫН