Соңғы кездері елімізде ауқымды кітап көрмелері жиі өткізіле бастады. Жәрмеңкеде оқырман қауымға ұсы­нылатын әдебиет түрі де көбейген. Баспалардың ба­сы қосылған жерде көңіліңізге жаққан еңбекті қолға ұстап, парақтап қарап шығып қана қоймай, сатып алуға мүм­кіндік туады. Кітап нарығы енді ғана жанданып келе жатқан тұста, көптеген оқырмандар кітаптардың тек электронды нұс­қасымен ғана танысып, соны оқығанын қанағат тұтып кел­гені еске түседі.
Оқуға қандай кітап ыңғайлы?
1,487
оқылды

Әлбетте, соңғы жылдары кітап­тар­дың электронды нұсқасы жиі та­ралып жатқанда, оқырман қауым қағаз нұс­қадағы кітап нарығының көрігін қыз­ды­рып, осы сауда-саттықтың жандануына ниетті екенін байқадық. Қарап тұрсаңыз, элек­тронды кітап нарығы өзінің ба­сым­дық дәуірінен айырылып, таралуындағы заң­дастырылған желі, тұғырнама әлеуетін то­лық жүзеге асыра алмай, екінші сатыға тү­сіп бара жатыр. 

Біз «екі түрлі кітап форматының оқыр­ман қай нұсқасын таңдайды?» деген сауал­ға жауап іздеп, қазіргі қазақтілді оқыр­ман кеңістігінде екеуінің пайдалы тұс­тары мен кемшіліктерін саралап шық­тық. 

Электронды кітап vs қағаз кітап

Кітапты қолға ұстағанға не жетсін?! Өйт­кені парақтап тұрып, ұзақ үңіліп, ке­рек мәліметті асықпай ұғынып алу біздің қа­тарластарымыз үшін маңызды. Алайда 2000 жылға дейін білім алған консерватор ұрпақ үшін үйінде кітап сөресінде тұрған «байлыққа» жетері жоқ. Көз қуантады әрі ұстап, парақтап шығуға мүмкіндік береді. «Әр парақтың исін сезіне отырып, тасқа ба­сылған таңбаның көз жүгіртіп оқи бере­тін ләззатын кейінгілер ұқпайды» деп са­­­­найды. 

Жазушы Бақытбек Қадырдың ай­туын­ша, қазір кез келген қағаз кітаптың жолға арналған кішкентай түрі, сақтау үшін қатты мұқабалы, арзан болуы үшін жұқа мұқабалы деген секілді бірнеше түрі шығарылады. 

«Кітаптың қағаз нұсқасы оқырманға пай­далы, көзіне келтіретін зияны аз, зейі­ніне тез тоқып алуға ыңғайлы, біздің на­рық­та баспагерге де табыс әкеледі. Өйт­кені ол кітап электронды нұсқада шығып, та­ралса, оқырман одан керемет ләззат ала ал­майды. Ал екіншіден, электронды нұс­қа­мен таралған кітап жазушының еңбегін ақ­тамайды. Осындай өнімді саудалау, тұтынушыға жеткізу және оның қаржы алмасу нарығы қалыптаспаған. Автор мен бас­­паның мүддесі осы нарықта қорғал­ма­ған. Оқырман да электронды өнімнің ба­­­ға­сын білмейді, оны сатып алу мәдениеті қа­лыптаспаған. Бізде ол тек пираттық нұс­қамен тегін таралып кетеді. Осы тұр­ғы­дан қарасақ, коммерциялық жағынан қа­ғаз кітап шығару ыңғайлы деген ойда­мын», – дейді ол. 

Алайда кейбір кітаптың қағаз нұс­қа­сын тауып алу қиындау. Айталық, ғы­лы­ми-фантастикалық, жаратылыстану ғы­лым­дарының әдебиеттері, тіпті көлі­гіңіздің техникалық сипаттамасы берілген кітаптың қазақша яки орысшасының өзін табу қиындау. Амалсыздан электронды нұс­қасын іздеуге кірісесіз. 

Электронды кітапты сақтауға сөре қа­жетсіз. Тек оны ашып оқитын элек­трон­ды құрылғы және оның жадысында қа­­жетті орын болса жеткілікті. Планшет, ком­­пьютер немесе флешкаңызда үлкен бір кітапхананың қоры сақталып тұра бе­ре­­ді. Оны кез келген жерде гаджеттен ашып оқисыз, керек мағлұматыңызды алу­ға өте қолайлы. 

IT маман Аршат Ораз өзі электронды кі­­­тапты таңдайтынын, оның функ­цио­нал­дық артықшылықтары басым екенін ай­­тады. Ол қағаз кітап қазір тек бұрынғыға құрмет немесе романтика іспеттес деп са­найды.

«Қағаз кітапты шығарудың шығыны көп. Яғни, экономикалық тұрғыдан тиім­сіз. Электронды кітаппен екеуінің де фун­кциясы ақпарат беру. Демек, қайсысы ың­ғайлы болса, соны қолданған дұрыс. Электронды кітаптардың дамығаны сон­ша­лық, оқырманға қолайлық туғызатын көп нәрсесі бар. Мысалы, қарапайым қа­­­раңғы-жарық режимі, қаріп көлемі жә­не түрлерін таңдау. Оны өзіңмен бірге алып жүру де оңай, бір жерге көшкен кез­де тасып әуре болмайсың. Одан бөлек, е-кітаптар көп орын да алмайды, қол­же­тім­ділігі де оңай. Сондықтан заманға сай, қа­зір ең дұрысы – е-кітаптар. Өзім сондай түр­лерін оқимын», – дейді Аршат Ораз.

Баспагерлер үшін де басты мәселе

Баспагер, Step&World баспасының не­гізін қалаушы Раиса Қадыр Сайранның пі­кірінше, «электронды кітапқа сұраныс көп пе, қағаз кітапқа сұраныс көп пе?» де­ген ұзақ жылдарға созылған пікірталас қа­зақ оқырмандарын ғана емес, әлемдегі барлық оқырманды алаңдатып отыр. Бұл тіпті, баспагерлер үшін де маңызды мә­селе екен.

«Қолымызда планшет, смартфон бол­ған заманда уақытты үнемдеу үшін, ауыр кі­тапты ұстап жүрмеу үшін Digital фор­маттағы кітаптар қолайлы еді. Оған жас­тар арасында сұраныс көп. Ал кішкентай ба­лаларға келсек, олар кітапты қолға ұстап оқығысы келеді. Себебі сенсорика, моторика жағынан кітаптың парақтарын ұстап, сезініп оқу дегеннің әсері ерекше. Со­ны балаларға қалыптастыра беруіміз қа­жет. Ал уақыты аз ересектер автобуста, мет­рода босқа уақытында электронды кі­тап оқыған тиімді», – дейді Раиса Сай­ранқызы. 

Баспагер электронды нұсқада кітап шығармайтынын, елімізде оған қо­лайлы монетизация жасайтын, толық жұ­мыс істеп тұрған тиімді платформа та­былмай жатқанын атап өтті. Шетелдік ав­торлардың кітаптарының аудармасын шы­ғаратын баспаға кітап біріншіден қағаз түрінде таралуы тиіс деген талап қойылады екен. Авторлар электронды форматты шы­ғаруды рұқсат етпейді, өйткені қол­даныстағы кейбір платформалардың әл­сіз­дігінен кітап PDF түрінде тарап, пират кө­шірмеге айналады деген қауіп басым. «Байқасаңыз, кітапқұмар жандарға ар­нал­ған Telegram, WhatsApp чаттар бар, ішінде «500-1 000 теңгеге электронды кітаптар са­тамыз» деп отырады. Ол авторлық қ­ұ­қық­қа, зияткерлік өнімдер заңына қай­шы, қарақшылық деп саналды, оны біз құп­тамаймыз. Электронды формат оқыр­манға тиімді, алайда біздің жос­пары­мыз­дың мақсаты және стратегиясы – қағаз түріндегі кітапты кеңірек тарату», – дейді бас­пагер.

Оның пікірінше, оқырмандарға қағаз түрдегі кітапты оқу мәде­ние­тін үйретуді жалғастыра беру керек. Өйт­кені бұл дәстүр 90-шы жылдардан кейін оқырманнан уақытша ажырап қал­ған. 

Қазіргі тренд – аудиокітап

Баспагер электронды кітаптар жеңіл әрі көбірек сатылатынын еске са­лып, өзі де осындай кітапты оқитынына тоқ­тала кетті. 

«Қазір мен шетелдік кітаптар керек бол­­ған кезде көбіне Amazon-нан онлайн фор­матта сатып аламын. Соны план­ше­тім­де арнайы қолданба арқылы оқимын. Ұнап жатса, кейін кітаптың қағаз нұсқа­сын да сатып аламын», – дейді ол. 

Раиса Сайранқызы шетелдегі кітап жәр­­меңкелеріне жиі баратынын, баспа­гер­­лер пікірінше, қазіргі тренд немесе бә­секе қағаз түріндегі кітап пен аудио түрін­дегі кітап арасында болып жатқанын атап өтті. 

«Скандинавия және Еуропа елдерінде кітап сатылымы бойынша ересектерге ар­налған кітаптардың 60 пайызы аудио фор­матта сатылып жатыр. 40 пайызға жуы­ғы кітап қағаз тү­рінде. Электронды фор­мат қа­зір өте аз. Оқырмандар көру қа­білетін сақтауға мүд­делі. Олар күні бойы те­лефонда, компью­тер­де отыра­тын­дық­тан эк­ранға аз қарағысы ке­леді. Ал аудионы кө­лік­те кетіп бара жат­қан кезде де тың­дау­ға болады. Сондық­тан қазіргі за­манауи тренд – аудиокітап», – дейді Раиса Сайран­қызы.

 

Сөз соңында айтарымыз, оқырмандар ал­дында өзінің қолайлығы мен ерекшелігі бар кітаптың үш нұсқасы тұрса, кітап на­рығының өкілдеріне өз өнімін үш түрлі етіп ұсыну мүмкіндігі туындағанын көр­дік. Алайда біздер үшін осы үш нұсқаның үшеуі де қолайлы. Түптеп келгенде, білім­ге құмар көзіқарақты қазақтілді оқырман қауымның көбейе бергені жақсы емес пе?!

Жәнібек АМАНГЕЛДІ