Қазір қоғамда алаяқтықтың алуан түрі пайда болды. Өзгенің сеніміне кіріп, қалтасындағы қаржысын жымқыру ең жиі кездесетін қылмысқа айналды. Былтыр 4 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Оларға келтірілген залал 3 млрд теңгеге жеткен.
Қаржы пирамидаларына құрсау көп
1,488
оқылды

Осылайша, қаржы пирамидаларының құрығына түсіп, жер сыйпап қалғандар саны күн санап артып келеді. Көп жағдайда азаматтар қаржы пирамидаларын аңғармай қалып жатады. Жалпы, қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады? Олардың жұмыс істеу жүйесі қандай? 

Былтыр қаржы пирамидасына ал­данған әйел Астана қаласындағы Іш­кі істер министрлігінің ғимараты жа­нын­да өз-өзін өртеді. Абырой болғанда, 32 жастағы Б.Досмаилова тірі қалып, же­дел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғадан кейін елді әбігерге түсірген Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс қозғалды. Mudarabah Capital ком­паниясын жарнамалаған вайнерлер Мейір­жан Төребаев пен Мейірхан Шер­ниязов та жауапқа тартылды. Досмаилова қар­жы пирамидасына 20 миллион тең­ге­сін берген. Ал Mudarabah Capital Дос­маи­ло­ваны ғана емес, 160 салымшыдан 

2 млрд теңгеге жуық ақша жинап, бәрін сан соқ­тырып кеткен. Рас, кейінгі жылдары Қа­зақстанда қаржы пирамидасына бай­ланысты қылмыстық істер көбейді. Ал жа­қында Астанада Qnet қаржылық пира­ми­дасын құрды деген күдікті ұсталды. Қар­жы мониторингі агенттігінің мәлі­ме­тін­ше, ведомствоның Астана қаласы бойын­ша департаменті прокуратурамен бір­лесіп Qnet қаржылық пирамидасын құру­ға және басқаруға қатысы бар деген адамды анықтаған.

«Бұл компания Астана мен Ақмола об­лысының аумағында 2020 жылдан бас­тап қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеген. Кү­дікті жеке тұлғалардан тартылған қа­ра­жат­ты кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, Qnet қаржы пирамидасының қызметін ұйым­дастырды. Схема бойынша ескі са­лым­шыларды жаңа келгендердің жар­на­лары есебінен қайта бөлу және байыту ар­қылы жүзеге асырылған. Qnet халық­аралық компаниясының қызметі желілік маркетинг және электронды коммерция қызметі түрінде жасырылған», – делінген хабарламада.

Бірқатар шетелде Qnet компаниясы қар­жы пирамидасы деп танылып үлгерген. Сондай-ақ оны Қаржы нарығын реттеу жә­не дамыту агенттігі қаржы пирами­да­сы­ның белгілері бар компаниялар тізіміне қос­­ты. Өкілетті органның қорытындысына сәйкес компания салымшыларынан түс­кен түсім сомасы 463 миллион теңгені құ­­рады. Астана қаласының мамандан­ды­рыл­ған тергеу соты күдіктіге 2 айға қа­мау­да ұстау шарасына санкция берді.

Қаржы пирамидасы қашан шықты?

Статистикалық деректер бойынша, қаржы пирамидаларына алда­на­тын адамдардың 60 пайызы жоғары бі­лім­ді. Алайда уақыт өткен сайын қаржы пи­­­­ра­мидалары өз жүйелерін жетілдіріп, аза­маттардың тануына мұрша берер емес. Елі­­­­мізде ең алғашқы қаржы пирамидасы 1993 жылы пайда болған. Содан бері 30 жыл өтіп, қаржылық сауаттылық деңгейі өс­ті десек те, әлі күнге дейін табысқа ке­не­­летініне сеніп, бар жиған-тергенін қар­жы пирамидаларына салатындардың са­ны азаймай отыр. Мәселен, былтыр елі­міз бойынша қаржы пирамидаларына қа­­тысты 61 адам қылмыстық жауап­кер­ші­лікке тартылды, 46 адам сотталды.

«Былтыр ішкі істер органдары өн­ді­­рі­сін­де барлығы 81 іс болды, оның ішінде 23 іс өндіріспен аяқталды, оның ішінде 22-і сотқа жіберілсе, біреуі ақталмайтын не­гіздер бойынша тоқтатылды», – деп ха­­­­бар­лады Ішкі істер министрлігі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мә­ліметінше, қаржы пирамидасының түрі көп. Атап айтар болсақ, мессенджерлердегі чат­тар, яғни WhatsApp, Telegram арқылы та­ратып, қызметтерін ұсынатындар. Екін­ші, желілік маркетинг. Оның ішінде түрлі бі­лім курсы бар, тіпті зергерлік бұйым­дар­ды да сатады. Осындай жолмен қар­жы­лық пирамидасын ашады. Үшінші ин­вестициялық жобалар және төртіншісі тұтыну кооперативтері. Сарапшылардың айтуынша, жалпы, қаржы пирамидаларын бірден ажырату қиын. Белгілі экономист Мақсат Халықтың сөзінше, олар желілік маркетинг, қор биржалары түрінде де жұ­мыс істей береді. Яғни, қаржы, инвестиция нарығында пайда болған трендтердің ешқайсысын құр жібермейді. Алайда ор­тақ ұқсастықтары барын айтып, тізбектеп береді.

«Ең қызығы, қаржы пирамидасы за­ман­ның өзгеруіне байланысты түрленіп оты­рады. Сондықтан оны ажыратып алу қиын. Өйткені соңғы уақытта крип­то­валю­та, биткоинның әсерінен көп қаржы ұйы­мы пайда болды. Түптеп келгенде, ұқ­сас жағы өте көп. Біріншіден, осы қар­жы пирамидасын құрып, ел есінде қалған италиялық Чарльз Понци схемасымен бай­ланыстырып айтады. Ол дегеніміз – бір адам бастаушы болады да, қалған адам ар­тынан ереді. Яғни, бастаған адам бір-екі адам­ды көндіреді. Сол аралықта өзге адам­дарды да тарта бастайды және ақша­ны бастапқы кірген адамдарға уәде еткен­дей толық төлейді. Бұл пирамида ең соңғы адам келуін тоқтатқан кезде ғана құлайды. Сон­дықтан олар үнемі үздіксіз адам тар­ту­мен айналысады», – деді Мақсат Ха­лық.

Интернеттегі сілтемелер бұғатталады

Бүгінде қаржы пирамидаларының әлеуметтік желідегі жарнамасына қар­сылық көбейген. Былтыр 6 мыңға жуық сілтеме бұғатталды. Бұл туралы Қар­жы­лық мониторинг агенттігі хабарлады. ІТ құралдары интернетте заңсыз маз­мұн­ды іздеу үшін қолданылады. Қаржы пи­ра­­­м­идаларының сайты мен аккаунтынан «Киберқадағалау» жүйесінде бұғаттау үшін Ақпарат министрлігіне жіберіледі. Жыл басынан бері интернет ресурстарын тек­серу үшін Telegram-да Baiqa, piramida  бо­ты іске қосылды. Бұл азаматтарға веб-сайт­­тар мен әлеуметтік желілерде қар­жы­лық пирамидалардың белгілерін өз бетін­ше тек­серуге мүмкіндік береді. Қысқа мер­­­зімде азаматтардан 2,1 мыңнан астам өтініш түс­кен. Бұл жұмысты ведомство Kompra компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жа­тыр. Қаржы пирамидасы белгілері бар ак­каунт жазылушыларын анықтауға мүм­кіндік беретін аналитикалық жүйе ен­гі­зіл­ді. Бұл аудиториямен ақпараттық тү­сін­діру жұмысын мақсатты түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 3 айда 23 мың азаматқа ескерту хабарламасы жі­беріл­ді. Оның 90 пайызы (21 мың) күдікті ак­каунттардан бас тартты.Қаржы пирами­далары сайттарының домендеріне мән беріп қарайтын болсаңыз, қазақстандық компания болса kz, әлемдік компания бол­са com деп бітеді. Ал оларда xwz болып аяқ­талады. Мұны қарапайым халық бай­қамайды. Тіпті, сенімді болу үшін мысалы «Халық банктің» суретін қойып қоятын пирамидалар да бар екен. 

Алаяқтар жазасын алады

Қаржы пирамидаларының артында белгілі бір қылмыстық топ тұрады. Олар азаматтардың ақшасын жинағаннан кейін ізін суытып, шетелге қашып кетеді. Жыл ба­сында қаржы пирамидасымен 85 мил­лион теңге ұрлаған қазақстандық Украи­на­дан экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. 

«Украина Бас прокурорының офисі қар­жы пирамидасын ұйымдастырған жә­не басқарған К. есімді Қазақстан азаматын экстрадициялау туралы өтінішімізді қа­на­ғаттандырды. Тергеу барысында аталған адам­ның 2017-2018 жылдар кезеңінде тұр­ғын үй сатып алуға жәрдемдесуге уәде бе­ріп, қазақстандық азаматтардың 85 млн тең­­геден астам ақшалай қаражатын алдап ал­­ғаны анықталды», — делінген ха­бар­ламада.

Прокуратураның ақпаратына қара­ған­да, ұсталған азаматқа халық­ара­лық іздеу жарияланған. Осы жылдың қаң­тарында күдіктіні Украина аумағында сол елдің құқық қорғау органдары ұстады. Қа­зір ол Астана қаласының тергеу изо­ля­то­рында қамауда. 

Сондай-ақ QI Trade Kazakhstan қаржы пи­рамидасының 15 қызметкері сотталды. Қаржы пирамидасының бас офисі Алматы қаласында орналасқан, өңірлерде 12 фи­лиалы жұмыс істеген. AMAZON (АҚШ) бүкіләлемдік алаңында сауда жасау деген ат­пен, сенімгерлік басқару негізінде аза­мат­тар пайыз түрінде одан әрі кіріс алу үшін ақша салған. Салымшыларға салым со­масына байланысты жылдық 96%-ға дейін пайда уәде етілген. Соның сал­дары­нан компания 6 млрд теңгеден астам қар­жыны жымқырған. 1 345 азамат жапа шек­кен. Азаматтарды алдау схемасын жа­са­ған, сондай-ақ компанияның бас офисі және филиалдары басшыларының кінәсін прокуратура дәлелдеді. Нә­ти­же­сін­де, Бостандық аудандық сотының үкі­­мімен 15 адам 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 

Алматы қаласы Экономикалық тергеу де­партаментінің өкілі Жақсылық Мырза­хан­ның айтуынша, былтыр Алматы қа­ла­сы бойынша Экономикалық тергеп-тек­серу департаменті қала аумағындағы 8 қар­жы пирамидасының қызметін тоқ­тат­ты. Олар – Innova Gold, QOZGAN, Тhe Finiko, Grand lux house, Tender, «Альфа Сейлс Консалтинг», Forex клуб, Rich Beach. Қылмыстық кодекстің 217-ба­бы­мен қаржы пирамидасы бойынша қоз­ғал­ған 6 қылмыстық іс сотқа жолданды: Caspian Crocus, TheFiniko, World Business Consulting – 2, Qozgan In, B2B Jewelry. Жо­ғарыда аталған қаржы пирамида­лары­нан 3 500-ден астам азамат зардап шекті.

– Мәселен, Qozgan Inc қаржы пира­ми­дасын ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Ұйым­дас­тырушылар азаматтарға өз ақшалай қара­жа­тын тендерлік жобаларға салуды ұсын­ды, бұл 105 күн ішінде салым сомасының 5-30 пайызға дейін еселеп қайтаруға бо­ла­ды деп сендірген. Салымшылардың жал­пы саны 50-ден астам адамды құрай­ды, келтірілген залал сомасы 270 миллион тең­геден асты», – деді Алматы қаласы Эко­номикалық тергеу департаментінің өкі­лі Жақсылық Мырзахан.

Сондай-ақ құрамында алтын эле­мент­тері бар алтын құймалары мен косметикалық өнімдерді сататын ин­­­­тернет дүкен ретінде жасырынған Innova Gold инвестициялық пирамидасын ұйым­дастырушыға қатысты сотқа дейінгі іс тергеліп жатыр. Жақсылық Мырза­хан­ның айтуынша, экономикалық тергеу қыз­­меті қаржы пирамидасын ұйым­дас­ты­ру­­шылардың банк шотына, жылжы­ма­лы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды. World Business Consulting қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қа­тысты қылмыстық іс бойынша сегіз жә­бір­ленушіге келген 34, 2 млн теңге залал өтелді. Бұған дейін B2B Jewerly қаржы пи­рамидасын ұйымдастырушыларға қа­тыс­ты қылмыстық іс бойынша 230-дан ас­там жәбірленушіге 300 миллион теңге шы­ғын төленді.

Ендеше қауіп қайдан демеу керек. Қар­жы пирамидалары заман талабына сай түрленіп, азаматтардың сеніміне кіру­ді одан ары жалғастыра береді. Ал ал­дан­бау үшін қаржылай сауатты болу қажет. 

Көктем ҚАРҚЫН