Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылған қалалық сенбілікке қатысып, елордадағы Желілік саябақта ағаш отырғызды.
Үйімізді таза ұстауымыз керек – Тоқаев
973
оқылды

Мемлекет басшысы сенбілік барысында волонтерлермен және студенттермен әңгімелесті.

"Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан үйімізді таза ұстауымыз керек. Ағаш отырғызып, көшелерді тазалауымыз керек. Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Бізде басқа ел жоқ. Сондықтан бәріңді жауапкершілігі мол азамат болуға шақырамын. Баршаңызға, әсіресе еріктілерге алғыс айтамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сенбілікке қатысқандар 2 түп қарағай және 39 түп жөке көшетін екті.

Президентке елорданы көгалдандыру және абаттандыру жоспары таныстырылды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл қала аумағында 1 миллионнан астам жасыл желек, атап айтқанда түрлі ағаш көшеттері мен көпжылдық гүлдер отырғызу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Есіл өзені бойындағы рекреация аймақтарына және саябақтарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекет басшысы қала тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтіп, елорданы абаттандыру ісіне баса назар аударатынын айтты.