Өмірінің соңғы күндері жазған өлеңдері халықтың жүрегін елжіретті.
Белгілі айтыскер ақын Серік Қалиевтің "Жол апаты" өлеңі қызу талқылануда
39,240
оқылды

Белгілі айтыскер ақын, журналист Серік Қалиев 27 сәуір күні өмірден өтті. Ақынды мешітке құптан намазына бара жатқан жолда көлік қағып кеткен.

"Дінсіз кетті бір ағам, дінсіз кетті" деп өлең оқып, ұлтына адал қызмет етіп, жастарды мейірімділік пен ұлтқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеген ақынның әлеуметтік желіге жариялаған "Қонақасы", "Жол апаты" деген өлеңдері халықтың қызу талқысына түсіп жатыр.

ҚОНАҚАСЫ 

Біз де өлеміз, берілер қонақасы. 

Әркімнің де болар бір қаламасы. 

Жақынымыз мал таңдап шапқылайды, 

Түгел болсын деп жұрттың тамақ, асы. 

 

Тойдағыдай әркімге сөз ұсынар, 

Тойхананың кәнігі тамадасы. 

Біз көрмейміз, бірақта, жиынды бұл, 

Сезінсіз дәл өзіңдей күйіңді кім? 

Тірі адамдар көрмесе қайдан білсін, 

Жан берудің қаншалық қиындығын?! 

 

Өлген ояу, тірінің көзі бітік. 

Селт етпейді сені ойлап сезімі түк. 

Тоқсан түрін тағамның көрген кезде, 

Біздің жайды кетеді тез ұмытып. 

 

Сен жатсаң да, таудай боп мұңы, шері, 

Ыржың-ыржың тірілер күліседі. 

Қолын жуып, сыбанып білектерін, 

Тамақ жеуге тәбетпен кіріседі... 

 

Той үстінен түскендей бір керемет, 

Өкпе айтпайсың оларға бірдеңе деп. 

Сенің жаның бұл күні жанталасып, 

Шыр-шыр етіп жатқаны кімге керек? 

 

Именіп пе ең Иеңнен танып-біліп, 

Жүрдің бе әлде иманмен арық-тұрық, 

Имамдар жәннатты айтып, 

Жақыныңның ояды көңілдерін қарық қылып. 

 

... Біз тіріміз. Бар ма өлім қалағандай? 

Досқа күлкі, дұшпанға таба болмай? 

Гуілдесіп отырмыз тойханада, 

Көріп тұрып, өлімнен сабақ алмай...

 

ЖОЛ АПАТЫ

 

Әшейінде өлімге үрке қарар,

Тағы да өтті өмірден бір топ адам.

Жалаулаған арманы жарға құлап,

Қапияда қанша ана қалды аңырап!

 

Жол апаты күн сайын – қанды қасап.

Ажал айдап кетеді алдына сап.

Себептер көп: жаман жол, ұшқыр көлік...

Байғұс бала-ай, отты су іштің неғып?

 

Ел тойынып, баюға беттегелі,

Періштесі өлімнің көп келеді.

Имамдарда тыным жоқ, алашапқын,

«Оты өшті, деп, әттең-ай, болашақтың!»

 

Қаралы үйге құмартпас келуге көп,

Айтады ылғи: «жастар көп өлуде» деп.

Соғысында Ауғанның бұрын да дәл,

Адам деген мұншалық қырылмаған!

 

Қазақ деген онсыз да көп емес ек,

Өлім жолын болмайды бөгемесек.

Бірақ, оған жасаймыз айла қандай?

Айыппұлдан жатыр ғой пайдаң оңбай!

 

Сақшылары тәртіптің жүр ағылып,

Құлатасың ақшамен бір-ақ ұрып!

«Жаяу жүр!» деп айтқанды кім тыңдайды?

«Баяу жүр» деп айтсаң да, ел бұрқылдайды.

 

Қоғамдық көліктен жұрт жеріп кеткен.

Арбауына банктің сеніп кеткен.

«Несиені жабам, деп, бірдеңе қып...»

Асыққандар кетуде мүрдеге еніп.

 

Иманы арық, нәпсісі семіргендер,

Сән-салтанат, сауыққа көңіл бөлген.

Бүйте берсе қайтіп бұл ел өседі?

Ұлтымыздың не болмақ келешегі?

 

Ойнамайтын жан деген аманатпен,

Жұртыма, Алла, сабыр мен қанағат бер!..

 


Караван жаңалықтары - https://kaz.caravan.kz/zhangalyqtar/

Өлеңдерінің мазмұны өмірінің соңғы сәттерін сипаттағандай жазған ақын оқырмандарының жүрегін елжіретті.  Отты жырларымен оқырмандарын ізгілікке бастаған ақын ұлтының жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз.

Ақынның "Жұлдыз – сезім", "Ақ моншақ", "Егіздің сыңары", "Ашық хат" өлең жинақтары жарық көрген.