– Рахат, құтты болсын! Сіз 2013 жылғы Президент стипендиясының иегері болған едіңіз, бұл жолы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанып келдіңіз. Бұл сыйлық не үшін беріледі, әдеби ортада салмағы қандай?
– Оны енді осы сыйлықты берген кісілер мен осыған дейін алған кісілерден сұрау керек. Берген – Қазақстан Жазушылар Одағының Басқармасы. Ал маған дейін де бұл сыйлықты алған адамның саны аз емес көрінеді. Бір жылдары 40 адамға дейін «Алаш» сыйлығы шүленше таратылған кездер де болды. Кейін мұндай «Атымтай жомарттық» тыйылып, аздап саябырсыған сияқты. Осы жолы әдебиеттің әртүрлі жанрлары бойынша 20 шақты адамға берілді.
Ал оның әдеби ортадағы салмағы қандай, не үшін берілетінін сол кісілер білмесе, күні кеше алып жатқан мен білмедім, салмағын да әлі сезіне қойған жоқпын. Жалпы маған: «Жақында ғана жарық көрген «Әлейім-жалған» деген жыр жинағы үшін берілді», – деді. Соған қарағанда, соңғы бір-екі жылда жарыққа шыққан үздік әдеби туындыға берілетін баға болса керек.
– Жазушылар Одағы Маңғыстау филиалының басшысы өзгеріп жатыр. Бұл орынға ақын, журналист, талантты ініміз Әнуарбек Бимағанбет басшылыққа келді. Өлкеміздегі ат төбеліндей ғана қаламгерлеріміз үшін, жұмысты жақсарту үшін неден бастаған жөн деп ойлайсыз?
– Әнуарбек ініміз біреуден ақыл сұрайтындай жігіт емес, біздің кеңесімізге зәру емес те шығар. Дегенмен, ол сен арқылы маған сауал қойып отырған жоқ шығар, ақыры сұрап қалдың ғой, аз-кем білгенімді айтайын.
Жалпы Жазушылар Одағының қоғамдық ұйым екені белгілі. Оның негізгі міндетін біреулер: «Қаламгерлерге қаржылық, материалдық жағынан көмектесуді ұйымдастырып, қолдау білдіру», – деп жатады, біреулер «Шығармашылығын дамытуға демеу білдіріп, жағдай жасау», – десе, енді біреулер: «Ақын-жазушылардың жұмысын ұйымдастырып, басшылық жасайтын орган», – дейді. Қай-қайсысы да рас шығар.
Бірақ менің бір білетінім: шығармашылықтың театр, кино және телевизия, радио салалары сияқты емес, ақындық пен жазушылық – ұжымдық еңбек емес, жеке адамдардың шығармашылық лабораториясы арқылы жасалатын дүние. Анда-санда, кей-кейде арнайы тапсырыспен болмаса, ақындар мен жазушылар ұжымдасып кітап жазбайды немесе өлең шығармайды. Әркім өзінің ой-өрісі мен қарым-қабілеті, шама-шарқы, шабыт қанатының самғауы деңгейінде жеке-дара туынды жасайды. Тек бізде «Оларға мемлекет қана емес, айналасы, қоршаған ортасы, қоғамы мүмкіндігінше жағдай тудырып, қолдау білдіруі керек, тіпті міндетті» деген қасаң түсінік қалыптасқан. Мен онымен келісе алмас едім. Әрине, мүмкіндік, жағдай, қолдау болған жақсы. Бірақ ешкім де оларды ақын немесе жазушы болғаны үшін алабөтен, елден аққұла, ерекше көңіл бөліп, алақанға салып әлпештеуге міндетті емес. Өлең жазса – әрбір ақынның өзінің шаруасы, оны ешкімге міндетсініп, елден айрықша құрмет талап етуге хақы жоқ. Әрине, еңбектің еленгені жақсы. Ол – өз алдына бөлек әңгіме.
Ал шындығына келсек, мен айтар едім: «Әнуар ініміз ең бірінші Маңғыстау филиалындағы қаламгерлердің елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік өмірінде болып жатқан әрбір ірілі-ұсақты, маңызды оқиғаларына әрдайым үн қосып, азаматтық позициясын білдіріп отыруын ұйымдастыру керек», – деп. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Оған Әнуар ініміздің ақылы мен ақындығы жетеді – тек батылдығы мен батымдылығы жете алса, билігі жетеді – тек ерлігі жетсе болғаны. Біздің қаламгерлерде бәрі бар: қарым да, қабілет те, талант та, тақыт та, байлық та, бақыт та, жағдай да, жазғыштық та, жоқ жерден қайдағы бір бәлелерді қазғыштық та. Тек қана үнемі осы жағынан ақсап жататын сияқтымыз.
Тағы да қайталап айтамын, бұл оңай шаруа емес. Өйткені ақын-жазушылардың бірі – халықшыл, бірі – билікшіл, бірі – діншіл, бірі – тілшіл, бірі – атеист, бірі – агностик, бірі – жалтақ, бірі – шалқақ деген сияқты. Қанша адам болса – сонша мінез-құлық пен ой-пікір болатыны сияқты, қанша қаламгер болса – сонша көзқарас бар. «Дарын басына – бір дарбаза», әрқайсысы – бір-бір таудың ай мүйізді арқары деген сияқты. Олардың барлығын бір арнаға тоғыстырып, ортақ бір үндестік тауып, үндеу жасату да оңай-оспақ шаруа емес. Ол үшін тек ақылдылық пен батылдық қана емес, асқан дипломаттық пен алғыр ойлылық, сұңғыла көсемдік пен сұмдық шешендік те керек болатын шығар. Сондықтан Әнуар ініме арқалаған жүгінің ауырлығына қарап аяушылық білдіре отырып, алдағы уақытта тек қана сәттілік пен абырой тілеймін.
– «Қазақтың мықты ақыны, асау ақыны Қалбай Әбдіраманов қатты сырқаттанып жатыр» дегенді әлеуметтік желіден оқып отырмыз. Тіптен дәрі алуға қаржы таппай жатыр екен...
– Қалбай ағамыздың қатты сырқаттанып жатқаны, инсульт алып, ауруханада жатқаны рас. Бірақ «Дәрі алуға қаржы таба алмай жатыр» деген сөз бекер болар. Олай дейтінім: осыдан 2-3 күн бұрын өзім арнайы барып, ағамыздың көңілін сұрап шықтым. Қасында 30-40 минуттай отырдым. Сол жердегі медбикелермен, санитарлық қызметкерлермен сөйлестім. Дәрі-дәрмек те, бәрі де жеткілікті, дәрігерлер тарапынан да барлық жағдайлар жасалған сияқты. Тек Қалекеңе қазір қарапайым көңіл бөлу мен қамқор жүрек, қайырым мен мейірім, көңілін аулап, қасында ұзағырақ болу жетіспей жатқан сияқты. Бұл жерде айта берсе, әңгіме көп. Осы жерден тоқтатайын...
Ал жалпы, жалғыз Қалбай Әбдіраманов қана емес, қазақ қаламгерлерінің басым көпшілігі әртүрлі тұрғыда әлеуметтік мұқтаждыққа тап болып, қатал қоғамның қара дауылына шыдас бермей, қамқорлықтан тыс қалып, қағажу көріп, қашан да қайырымға зәру болып жүретіні жасырын емес. Ол – енді өз алдына бөлек тақырып.
– Әдебиет, оның ішінде мөлдір де жауһар әлем – Поэзия озалдан адам мен адамның арасын жақындататын, ұлт пен ұлттың, мемлекет пен мемлекеттің сыйластығын, татулығын, түсіністігін қалыптастыратын құндылық. Адами қасиетті, ізгілікті мұрат тұтатын мисссия. Оны осы мақсатынан айырып, жеке бас араздығы, кембағал күншілдік пен мерез міншілдіктің сайманына айналдыратындар да жоқ емес. Қысқартып айтсам, Сіз үшін Өлең құрал ма, қару ма?
– Өлең – мен үшін қару да, құрал да емес, тек қана Өлең! Ал Поэзия, Өлең деген, ол – өмірдің өзі. Яғни өмірді – оның жақсысы бар, жаманы бар, ағы бар, қарасы бар, аласы бар, құласы бар, сыры бар, мұңы бар, қайғысы бар, қасіреті бар, қуанышы бар, реніші бар, күнгейі бар, көлеңкесі бар – бәрін-бәрін жырлау, бәрін-бәрін жазу.
Қазір Өлең дегеннің не екенін білмейтін, түсінбейтін жандар өкіртіп «өлең» жазып жүр. Әрине, тырнақшаның ішіндегі «өлең» – менің айтып отырғаным. Оны «халтура» дейді.
Өлеңді әркім әртүрлі түсінеді. Оны біреулер: «Құдай атқан қу бейнет, қаныңды ішкен кәззап қой», – десе, біреулер: «Қой, олай деме, жазылып біткесін, жаныңды рахаттандыратын ләззат қой», – дейді, біреулер: «Өзегіңді кеулеген өрт» – дейді, біреулер: «Жаныңды жайлаған дерт», – дейді, біреулер: «Арыңның алдында берілген серт», – дейді. Ал айналып келгенде, ол – алмас қылыштай қылпылдаған, ақинақтай жарқылдаған Ақиқат, шынайы Шындық, Жанның шыңғыруы, жүректің түбіндегі жарылыстар мен жанартаулар.
Өлеңмен өзің де ауырасың, Сәке, өзің де – ақынсың. Оның қияметі мен машақатын, рахаты мен ләззатын сен де бір кісідей сезініп жүрген адамсың. Сондықтан өзің де білесің, Өлең деген жазбасаң – жатқызбайды, жазсаң – жақсы атақ, сірә, тағы жоқ. Қалай болғанда да, бұл – Хақтың сөзі, Ақтың әңгімесі. Діншілдер оны: «Алланың ақ кәламы, аузыңа салған Құдай Тағаланың құдіретті тілі», – дейді. «Ақындар Құдайдың сөзін айтады» деп жатады ғой. Асылы, сол сөз рас шығар.
Рас, өлеңді сауын сиырға, күнкөрістің көзіне, нан табуға, мал табуға айналдырып алғандар бар. «Бес-алты ауыз сөз білем» деп, шаты айрылардай болып шалқайып, талтаңдап атына міне алмай, мінсе түсе алмай қалатындар да бар. Әркімге бір жәутеңдеп, сөзін сатып, сол арқылы өзін сатып ағалайтындар да, мойны жуан биліктегілер мен қарны жуан бай-шонжарларды жағалайтындар да бар. Және ондайлар аз емес те. Соның кесірінен қазір қаламгерлер арасында ғана емес, жалпы қазақ қоғамында жалтақтық пен оңғақтық, жәреуке жағымпаздық пен жалбақай жалпақшешейлік өршіп, белең алып тұр.
«Өлең – құрал, қару» дегенде, сонау бурадай шабынған Бұқарлар, буырқанған Махамбеттер, ашынған Абайлар ойға оралады. Бұқардың Абылайға дат айтуы, Махамбеттің Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанға қатты айтуы, тіпті сес көрсетіп, сескендіріп, тепсінуі, Абайдың «Дүтбайға», «Болыс болдым, мінеки!» деп шенеуі, сынап-мінеуі. Қару ма, құрал ма осылар, өзің айтшы, ал?!
Қажет жерінде қайраулы қылыштай сермемесең, саған ол қасиетті Өлең не үшін берілді, атаңның басына ақын болып тудың ба?! Сондықтан ақынды «Қоғамның индикаторы», Өлеңді «Қоғамның айнасы» десе болады.
Менің білетінім: Өлең шын, шынайы болуы керек. Сонда ғана ол Өлең болады. Әйтпесе, мың жерден бояп, жүз жерден қырнап-сырлап, қырғауылдай құлпыртып, тотыдай түрлендірсең де, ар жағында шын жүрегінен шықпағасын жерде ол тек жәй ғана сөз болып қалады. Өлеңге жасандылық пен жәдігөйлік жараспайды.
– «Туғаның да – қайғы, өлгенің де – қайғы, сүю де – қайғы, өмірді сүру де – қайғы» деген Будда пессимист. Пушкин – пессимист. Байрон – пессимист, Лермонтов – пессимист. Талантты ақындардың бәрі – пессимист. Көптің ішінде жүріп, жалғыздықты сезіну тек ақынға ғана тән қасиет пе? Өзіңізді жалғыз сезінесіз бе және осы жалғыздық Сізге ұнай ма? «Пессимист ақын емеспін» деп айта алмайсыз деп ойлаймын. Әйтпегенде, «Жаздың ең соңғы күні» деп кітапқа ат қоймаған болар едіңіз...
– Уайым, қайғы, мұң, шер – қай ақынның да серігі. Қай ақында да пессимистік сарын басым. Оған қоғам мәжбүрлейді, заман әсер етеді, әртүрлі оқиғалар желкелеп, жетектейді.
«Азамат ердің ішінде ат басындай шер өсер» дейді ғой қазақ.
«Жақсы әйелдің ішінде бесігімен бала жатады,
Жаман еркектің ішінде табытымен нала жатады» деген де бар. Ендеше біз сол «жаман еркек» шығармыз.
Мүмкін ақын халқының болашағы үшін басқалардан гөрі көбірек алаңдап, қам жеп, қайғы-қасірет шегетін шығар.
«Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сырын ашар қаламына» дейді ғой, Мағжан.
«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген жоқ па Абай?! Тіпті, жалына қол апартпайтын асаудай арда, тарпаң, өр Махамбеттің өзі қызғыш құсқа мұң шақпай ма?! Бірақ оны «күйректік, осалдық» деп ойлауға бола ма?!
Шынтуайтына келгенде, әрбір адам – жалғыз. Күн – ортақ, Жер – ортақ, сылдырлаған су – ортақ, сыбдырлаған жел – ортақ, аспан – ортақ, ауа – ортақ, ат – ортақ, атақ ортақ болса да, әркімнің жаны – бөлек, мұңы – дара. Айналып келгенде, әркім өзінің қасірет-қайғысымен бетпе-бет, жеке қалады.
Мен де жалғыздықты сезем, сезінем, басымнан кешем. Тіпті, кейде қалың көпшіліктің ортасында отырып, қаралай көңілім құлазитын сәттер де болады. Осыдан төрт жарым жыл бұрын «Талқан қазан» айында тап сондай күйді бастан кешкенімде:
– Алдаспан едім – артуын таппай кетілдім,
Арыстан едім – Айға да шауып мертілдім.
Сегіз тумаласым сеңгір
таудай боп тұрса да,
Жапанда жалғыз қалғандай,
Жал-құйрығы жоқ жетіммін... – деп жазып жүргенім де сондықтан.
Ал жалпы пессимизмге келсек, қоғамның райы, заманның сыңайы солай болып тұр ғой. «Теңдік тиіп, Тәуелсіздік алдық» дегенмен, өз ырысымыз өзімізге бұйырмады, 30 жылымыз әбі-тәбі, әрі-сәрі болып, әне-мінемен, әркімге телмеңдеумен өтті. Жаңаөзеннің жарасы жазылып үлгермей жатып, Қаңтарда қанды қасап қырғынға тағы түстік.
Осыны көріп отырып, мен қайдан оптимист болайын?! Соның бәрін көріп-біліп, сезініп отырып, қалай жадырап күлейін, қалай жарқылдап жүрейін?! Өзің-ақ айтшы, Сәке?
Кейде маған біреулер: «Сен осы неге көңілді өлең жазбайсың? Жырларыңның бәрі қайғылы, мұңды, зарлы ғой», – деп «кінә артып» жатады. Сондайларға жауап ретінде жазылған:
Қалайша «Жаз, – дейсің сен, –
көңілді өлең» –
Өксікке толып тұрса өмір деген?!
Қан жұтқан қазағымды көріп тұрып,
Қабырғам қалды ма енді сөгілмеген?! – деп басталатын бір өлеңім бар.
Үп еткен жел ақынның жүрегін жұлқылайды, сүп еткен суық ақынның жанын қариды.
Баба қазақтан қалған бабау сарын, бағзы жырдың желісін үзбей, Ата-Қазақтан қалған ат басындай мұң мен шерді, қорғасындай құса мен қайғыны ақын айтпағанда – кім айтады?!
Ақын өмір бойы асыл сөздің арқауын сетінетпей, Ана-қазақтан келе жатқан мұң мен зарды, арыз-арманды бала-қазақтың құлағына құйып, жүрегіне жеткізем деумен өтеді. Содан да оның өлеңі мұңды, сосын да оның үні зарлы...
Қой, Сәке, Пушкинді айтып, Байронды, Лермонтовты, Будданы айтып, пессимизмді айтып, жұртты жалықтырып алмайық.
– Бір сұхбатыңызда: «Әрі-беріден соң мен өлеңді өзім үшін жазамын. Өлең жазсам – өзім үшін. Сондықтан өзімнің таным-түсінігім мен ой-пікірімді де ешкімге тықпаламаймын» деген едіңіз. Бұл – либералдық ұстаным. Еркіндік, ешкімді шектемеу, қандай да бір заң, билік, мемлекеттік шектеулер мен діни тиымдардан азат болу. Бұған дейінгі қабылданған канондар мен тиым-ережелерге мойынсұнушылық – консерваторлық. Дала заңы, бағзы дәстүрлерден аттамау, бұрынғыны көксеушілік – поэзияңызда бар және айқын көрініс береді. Екі ұстанымның ақиқатында қайсысына ішіңіз бұратынын, ішкі шындығыңызды айтыңызшы?
– Адам баласына бір нәрсе керек болса, ол – Еркіндік. «Ескінің сарқыншағы, керітартпа, консерватор» десе – десін, мейлі, мен ата салтын, баба дәстүрін сақтауды жөн көрем. Бірақ бұл «Прогреске, жаңалыққа жау» деген сөз емес. Жаңаның жақсылығы болса – қолдаймын, жамандығы болса – алмаймын. Жалпы алғанда, ескіге – сақпын, жаңаға – жақпын.
Менің қазақи жырдың еркіндігі туралы көзқарасым шамамен мынадай: егер қазақтың Қара Өлеңін аспаннан жаңбыр ғып жаудырса, онда бүкіл әлем алтын сыйдың астында қалып, асыл сөз бен ақық жырға, маржан өлең мен гауһар дарияға қарық болар еді.
– Әлеуметтік желіде жеке парақшаңыз жоқ екенін білеміз. Сіздің атыңыздан ылғи зайыбыңыз Нұргүл жазып отырады. Шығармашылығыңыз туралы сайтты да бір кездері Тимур Бектұр жүргізіп жүрді. Бұл заманауи медиакоммуникациялық трендтерді қабылдамау ма, әлде әлем-желінің әлем-жәлем тірлігінен бой сақтау ма?
– Әлеуметтік желі менсіз де қайнап жатқан сияқты. Менің ол жерге керегім шамалы. Оған уақыт өлтіргім келмейді.
Маған керегі ақпарат болса, ақпаратты алудың әлеуметтік желіден де басқа мың сан көзі бар. Маған әлеуметтік желідегі әркімнің пікірі маңызды емес, алатын ақпаратымның ақиқаттығы, қаншалықты шынайылығы маңызды. Сосын сол ақпараттарды салыстыра отырып, анализ жасап, ой түйемін, сараптама жасаймын.
Мен басқа желілерде жоқ болсам да, «Уатсапта» бармын. «Әлеуметтік желілерде мүлде жоқ» деуге болмайды. Ал «Фейсбук», «Инстаграм» сияқты әлеуметтік желілерде менен гөрі сондағы достарымен көбірек сөйлесетін келіншегім күндіз-түні отырады. Кейбір керек нәрселерді мен содан естимін.
Ал маған не керек, не керек емес, нені ұнатамын, нені естігім келмейді, нені көргім келмейді, нені айту керек, нені айтпау керек – ол жағын 33 жылдан бері отасып, түтін түтетіп, бірге келе жатқан ол жақсы біледі.
– Ол үшін зайыбыңызға қаламақы төлейсіз бе, әлде бәрі тегін бе? (Әзіл).
– Немене, сенің келіншегің мен екеуіңнің арасындағы қарым-қатынастың бәрі ақылы негізде ме, не?! Ал бізде олай емес. Ол әуел баста маған тұрмысқа шыққанда: «Ойбай, мендегінің барлығы да, барым да, нарым да – сенікі, бәрін де тегін істеймін, тек мені алсаң болды», – деп «антын» беріп тиген. Әзірге сол уәдесінде тұрып келе жатыр. (Әзіл)
– Қадір – ақыл-ой, Төлеген – сағыныш, Мұқағали – мұң... Рахат кім?
– «Мен – пәленшемін, «Мен – түгеншемін» деп қалай айтайын?! Өзің де – ақынсың, менің өлеңдерімді оқып жүрсің. «Сырт көз – сыншы» деген, осы сұрақты өзіңе қойғым келіп тұр. Ал, айтшы, Сәке, мен кіммін?!
14-15-ғасырларда, Орданың «Алтын» аталып тұрған кезінде Асан Қайғы деген бабамыз өтіп еді. Одан кейін осы ғасырда Мырзан Қайғы деген ақын ағамыз болып еді, ол да жоғалып кетті соңғы кездері. Қазір өзі де көрінбейді, бұрынғыдай өткір сөзі де естілмейді.
Содан кейінгі «Рахат Қайғы» шығармын мен онда. Өзің де айтып отырсың ғой, «пессимистсің» деп...
Мұның бәрі – әзіл ғой, әрине. Ал шынтуайтына келгенде, адам өзіне-өзі баға бере алмайды ғой. Баға бермегені де дұрыс деп есептеймін. Менің кім екенімді халық айтсын, ойлы оқырман берсін бағамды.
– Жақында ғана баспадан Сіздің «Әлейім-жалған» атты кітабыңыз шықты. Осы кітап жөнінде аз-кем ақпарат берсеңіз?
– Бұл – соңғы бір жылда, яғни өткен 2022 жылы ғана жазылған жырларымның жинағы. Аяқ астынан, асығыстау шығарылған кітап. Болашақта кішкене толықтырып, соңғы он шақты жылда жазылған өлеңдерімнің бас-аяғын жинақтап, бір кітап етіп шығармақ ойым бар. Оны енді уақыт көрсетеді. Осы кітапты қысқа мерзім ішінде шығарып берген Алматыдағы «Үш қиян» баспасының директоры Махмут Қосмамбетов ағама рахмет айтамын.
Жаңа өзің айтқандай, өлеңді жазуын мен жазғанмен, оны жариялаумен, жарыққа шығарумен, кітапқа айналдырумен, жалпы маркетингпен айналысып отыратын үйде бір адам бар, ол – зайыбым. Менің күні-түні қатып отырып жазған шығармаларымның қызығын ең алдымен көретін де – сол кісі. Сондықтан кітаптың қанша дана болып шығарылғанын, қаншасы таратылып, қаншасы қалғанын, қайдан алуға болатынын сол Нұргүлден сұрау керек.
– Сөз соңында кейнгі толқын жас қаламгерлерге не айтасыз?
– Жаңа да айттым сөз арасында, адам баласына ең қажетті нәрсе – Еркіндік. Бізді анамыз дүниеге әкелгенде «Ұл тудым» деп қалжа жеген. Әке-шешеміз бізді «Біреуге құл-құтан болсын» деп дүниеге әкелген жоқ. «Бодан болмасын, Бостандықта, ешкімнің табанын жаламай, еркін өмір сүрсін» деп әлпештеп өсірді. Сондықтан бір-ақ рет берілетін мынау дүние-жалғанда шама келгенше емін-еркін, ешкімге жалтақтамай, өз пікірің мен көзқарасыңды ашық айтып өту керек. Әдебиетте де солай еркін ойлы болу керек деп есептеймін.
Еркін болыңдар, ешкімнен де, ештеңеден де қорықпаңдар! Алдыңғы өткен аға буыннан – «Алаштың» арыстарынан, ешкімнен де жаның аяулы емес. Қазақтың тағдыры шешілетін тұста қарабасыңды сағаттап, қарақан басыңның қамын күйттеп, сандыққа салып аман алып қалған жанның атасына нәлет! «Малым – жанымның садағасы, жаным – Арымның садағасы». «Әдебиет – Ардың ісі». Ендеше қаруың – қаламың қолда тұрғанда Ардың сөзін, Ақтың сөзін айтып өтіңдер!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сағындық РЗАХМЕТОВ,
Ақтау қаласы