Қоқыс жинаудан бөлек, қоршаулар, ескерткіштер, шағын сәулет нысандары жөнделіп, тазаланды.
Астанадағы дәстүрлі сенбілік
1,244
оқылды

 Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Астанада дәстүрлі «Жасыл Астана» экологиялық айлығы жалғасып жатыр. 6 мамырға дейін қала ішінде жаппай сенбіліктер, ағаш отырғызу жұмысы тынымсыз жүргізілмек.  

Осыған орай,   29 сәуір күні Астанада жаппай үлкен жалпықалалық сенбілік өтті. "Астана СуАрнасы" ұйым қызметкерлері мұндай шаралар ұжымның жұмылдырып, біртұтастыққа шақыратынын сөз етті. 

– Сенбілік ұжымды жақындастыра түсті. Соның арқасында біз бір-бірімізді басқа қырынан көріп, тани түстік. Ұжымдық рухты көтерді. Өйткені осы шараға мыңнан аса қызметкер жиналды. Сол себепті бүкіл ұжымшарларда  мекеме қызметкерлерін сенбілікке қатысуға шақырамын. Жыл сайын ұжымымызбен Ақбұлақ жағалауын тазалауға шығып тұрамыз. Сондықтан өз қаламызды тазалықта ұстаудан қашпаймыз,  қайта титтей де болса, септігіміз тисе ризамыз, – дейді Әсем Толымбекова.  

Оның айтуынша, таңғы 8-дерден сенбілікте жүрген ұжым Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінен Абылай хан көшесінің бойына дейін тазалап, ағаштарды әктеп шыққан. Мәселен, еңбек ұжымдарының, қала тұрғындарының, ШОБ өкілдерінің күшімен полигонға 800 тоннадан астам қоқыс шығарылған екен.

Ал Президент саябағына мекемелер ғана емес, қарапайым жандар отбасымен сенбілікке шыққан. Тіпті, кейбірі балаларын жеетектеп алған.

"Бала айтқаныңды емес, көргенін істейді",  демекші, ересектердің не істейтінін көрсін, білсін деп алып келдім. Бірін-бірі танымаса да, біріне-бірі жылылық танытып, бірлесе жұмыс істеген жұртты көрді. Соған қызығып, өзі де  сенбілікке араласты. Бұл – алдымен ұрпақ тәрбиесі. Бізден көргенін, келешекте өздері істейді. Екіншіден, баланы тазалыққа, еңбекқорлыққа үйретеді. Осындай шараны ұйымдастырған қала әкімдігіне алғысым шексіз",  дейді астаналық тұрғын Қымбат Қасымова. 

Бүгінгі шараға ақ халатты абзал жандар да атсалысып, қала тазалығына көмектесті. Есіл әкімдігіне қарайтын Хусейн Бен 7 мекенжайы бойынша орналасқан қалалық психикалық денсаулық орталығы да ұжым болып сенбілікке шықты. 

– Осындай сенбіліктер бізде жылына екі рет, көктем мен күзде өткізіліп тұрады. Мекемеміз елорданың төрінде тұр. Бір жағында мешіт, арғы бетінде – ЭКСПО. Соған сай әдемі қалыпты сақтауымыз керек. Айналамыздың таза болғаны өзімізге де жақсы емес пе?! Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен мұндай шараға қуана атсалысып отырмыз. Бір жеңнен қол шығарып, тұтастығымызды көрсетуіміз керек, – дейді Сандыгүл Әлиханқызы.

Атап айтқанда, елордада 2027 жылға қарай 85 учаскеде саябақтар мен скверлер салу, «Жасыл белдеуде» 650 мың ағаш отырғызу, 2,4 мыңнан астам қоқыс контейнерін орнату, коммуналдық көлікті газға көшіру, жыл сайын 200-ден астам аула мен қоғамдық орынды абаттандыру көзделген. 

Фото: Р.Фахрутдинов