Пара дзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті.
16 жастағы пара дзюдошы Альфия Тілекқабыл Азия чемпионатында топ жарды
1,228
оқылды

 Екінші жарыс күнінде 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Альфия Тілекқабыл жеңімпаз атанды.

Ол көзі мүлдем көрмейтін спортшылар санатында (J1) белдесті. Айналмалы жүйе бойынша күрескен ол чемпиондық атаққа дейін Дилорам Диханова (Қазақстан) мен Хосиотхан Позильжонова (Өзбекстан) жеңді.

Айта кетерлігі, 16 жастағы Альфияға бұл - алғашқы Азия чемпионаты. Ол пара дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасына биыл ғана қосылған.

Пара дзюдодан Азия біріншілігі Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Алғашқы жарыс күнінде қазақстандық Даяна Федосова (-57кг, J2) мен Ерғали Шамей (-73кг, J1) чемпион атанса, Ақмарал Науатбек (-52 кг, J2) күміс, Олжас Оразалы (-73 кг, J2) қола медаль еншілеген болатын.

Париж Паралимпиадасы алдындағы ресми чемпионатта спортшылар J1 (көзі мүлдем көрмейтін) және J2 (көзі нашар көретін спортшылар) санаты бойынша бақ сынауда.

Құрлықтық дода 30 сәуірге дейін жалғасады.

Әзірге, 11 елдің 100-ден астам спортшысы  J1 (көзі мүлдем көрмейтін) және J2 (көзі нашар көретін спортшылар) санаты бойынша өзара мықтыны анықтады. Жекелей сайыс нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы командалық медаль кестесінде екінші орынға жайғасты.