Доландық оқушылар мектепке арналмаған, жеке тұрғын үй ретінде салынған нысандарда оқып жатыр.
Алматы облысының оқушылары «Жайлы мектепке» емес, жай мектепке зар болып отыр
2,698
оқылды

Алматы облысында мектептердің жетіспеушілігі мен апатты және үш ауысымды білім ошақтарына қатысты мәселе өте күрделі.

Тіпті, білім беруге арланып салынған арнайы ғимараты жоқ ауылдар бар. Әсіресе, Алматы қаласы маңындағы ірі аудандардағы елді мекендерде мүлде білім ошағы жоқ ауылдар да кездеседі. Кейінгі жылдары қалалы жерге жаппай қоныс аударуға кіріскен еліміздің әр қиырындағы, алыс-жақындағы аймақ тұрғындары көбіне шаһарлардан үй алуға шамасы жетпегендіктен, сол қалалардың маңындағы саяжай орамдары мен жаңадан бой көтерген үлкенді-кішілі ауылдарға тұрақтайды. Соған сай жыл сайын тұрғындар саны артып, олармен бірге мектеп жасындағы балалар қатары көбейеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, мұндай жағдай Алматы қаласы маңындағы аудандарда аса күрделі. Соның ішінде Қарасай ауданындағы тұрғындар саны жыл сайын көбейіп, мектеп жасындағы балалар еселеніп өсіп отыр. Қазақтың саны көбейгенге қуанғанымызбен, олардың әлеуметтік мәселелері шешілмей жатқаны бәрімізді қынжылтады. Сондай елді мекендердің бірі – Қарасай ауданындағы Долан ауылы. Мұнда тұрғындарды толғандыратын, ашындыратын проблемалар жетерлік. Тез арада шешуді қажет ететін күрделі мәселелердің көш басында мектептің жоқтығы тұр. Бұрын бұл ауылда тозығы жеткен бастауыш мектеп болған. Бірақ ғимарат тым ескі әрі білім беруге қолайсыз болыпты. Апатты жағдайдағы білім ошағы балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретіндіктен, доландықтар шулап жүріп, оны жаптырып тастайды. Жергілікті билік төтеннен туындаған мәселені түбегейлі шешудің жолын таппағандықтан, қазіргі кезде мектепке баратын балаларды дайындайтын нөлдік сыныптарға арнап бір үйді, бастауышта оқитындарға арнап қатар тұрған екі жаңа үйді жалға алып, қиындықтан уақытша шығып отырған көрінеді. Бұл нысандар мектепке арналмаған, ауылдың тұрғындары өздерінің отбасылық жағдайына лайықтап салған кәдімгі тұрғынжайлар болып саналады. Сондықтан сабақ оқуға мүлде қолайсыз екені айтпаса да түсінікті. Спортзал, жиынжай, асхана, арнайы кабинеттер деген атымен жоқ. Шынын айтқанда, бір сынып үй иелерінің жатын бөлмесінде, бірі залында, бірі ас бөлмесінде, бірі қонақтарға арналған бөлмеде білім алып жатыр. Ал төртінші сыныптан жоғары сыныптағылар әке-шешесінің мүмкіндіктеріне қарай маңайдағы басқа ауылдардағы орта білім ошақтарында білім алады. Көбі Алмалыбақ ауылындағы мектепке қатынайды, Қырғауылдыға барады.

Биыл Білім басқармасының Алматы облысында «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында 15 900 оқушыға арналған 12 мектеп салынады, оның бірі – 1 200 орындық білім ордасы Долан ауылында тұрғызылады деген ресми ақпараттан соң, доландықтар балаларын қайда оқытамыз деген жыл сайынғы машақаттан құтылатын болдық деп қатты қуанған еді. Алайда ол қуаныштары ұзаққа бармады. Қазір  әкімдіктегілер де, білім саласындағылар да «Жайлы мектеп» жайлы жұмған ауыздарын ашпайды. Осыған алаңдап, алдарына барған тұрғындарға күмілжіп, биыл құрылыстың бастала қоюы екіталай деген екіұшты жауап беріпті. Жылдағыдай, бастауыштан жоғары сыныптарда оқитын балалардың тізімін жинатып, қай мектепте оқитынын анықтауға кіріскен. Соған қарағанда, «Жайлы мектепті» айтпағанда, жай қарапайым білім ошағына зар болып отырған доландықтарға алдағы бірер жылда жаңа білім ошағы бұйырмайтын сыңайлы.

– Халықтың саны жыл санап артып барады. Құдайға шүкір, бала саны да көбейіп келеді. Бірақ сол жеткіншектердің заманға сай білім алуына ешқандай жағдай жасалмаған. Оған бас ауыртып жүрген басшыларды да көре алмай отырмыз. Бұрынғы бастауыш мектеп қирағалы тұрғандықтан, ата-аналар жаптырып тастады. Содан бері нөл сыныптағылар мен бастауыш сыныптағылар мектепке арналмаған, жеке тұрғын үй ретінде салынған нысандарда оқып жатыр. Нөлевойдағы төрт сынып бір үйде, бастауыштың балалары қатар тұрған екі үйде білім алады. Бұл ғимараттар негізінен адамдардың тұруына арналып салынғандықтан, балалардың оқуына аса қолайсыз. Спортзал, жиынжай, асхана деген жоқ. Тар бөлмелерде оқыған  жеткіншектердің қалай білім алатынын айту қиын. Әйтеуір оқып жатыр деген аты ғана. Ал төртіншіден жоғары сыныпта оқитын жүздеген баланың көбі Алмалыбақтағы мектепке барады. Ондағылар да жыл сайын оқу жылы басталарда біздің ауылдың балаларын қабылдамаудың жолдарын қарастырып, түрлі сылтаулар ойлап тауып, барынша аз бала алғанды жөн көреді. Оларды да түсінуге болады. Өйткені бір сыныпта 35-40 баладан оқиды.

Осыған қарап-ақ білім сапасының қалай болатынын болжай аласыз. Мектептің тасымалы бар. Бірақ олар оқушыларды үлкен трассадан алып кетеді де, қайтадан сол жерге әкеліп тастайды. Балалары үйге аман келгенше әбден қиналатын ата-аналар балаларын оқытудың басқа амалдарын іздейді. Биыл ауылда «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 1 200 орындық білім ошағы тұрғызылады дегенде қуанып қалып едік. Онымыз ұзаққа бармады. Білетіндердің айтуынша, әзірге оның ауылы алыстау. Әлі толық шешімін таппаған сыңайлы. Осылайша, балаларымыз қатарларынан қалмаса екен, әдемі, кең әрі жарық, жақсы жабдықталған мектепте білім алса екен деген арманымыз әзірге орындалмайтын сияқты. Өйткені ата-аналар бірігіп, әкімдікке де, білім бөліміне де барды, «нақты осылай болады» деген жауап ала алмады. Соған қарағанда бастауыштың жеткіншектері әлі біраз жыл тұрғын үйлерде білім алатын, ал ересек оқушылар басқа ауылдарға сабылатын сияқты, – дейді ауыл тұрғындары атынан хабарласқан Меруерт Манапқызы.

Қазақтың «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген сөзі расымен ақиқат екен. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына да, қазақтың рухани астанасы Алматы қаласына да жақын орналасқан ірі елді мекендегі жағдай – осы. Аудандық білім бөліміндегілер Доланда мектеп жоқтығын жоққа шығармайды. Мектепке дайындық тобындағылар мен бастауыштағылардың білім беруге жарамсыз ғимараттарда оқитынын да, ересек балалардың басқа ауылдардағы білім ошақтарына қатынайтынын да жасырмайды. Бірақ өздерінің қолдарынан ештеңе келмейтінін айтып, барлығын жоғары жаққа сілтейді. Ондағылардың айтуынша, нөлевойды қоса алғанда бастауыштың 500-ге жуық баласы жоғарыда біз айтқан үш жеке үйде оқиды. Ал төртіншіден жоғары сыныптардағы 1 000-ға жақын бала мүмкіндіктеріне қарай маңайдағы ауылдарға қатынап, білім алады. Мүмкіндігінше тасымал ұйымдастырылған. Алайда ата-аналардың айтуынша, оқушыларды тасымалдайтын екі газельге балалар сыймайды. Ауылдың маңынан үлкен күре жолдар өтеді. Басқа жаққа барып оқитындар күн сайын өмірлерін қатерге байлайды.

Алматы секілді алып қаланың іргесіндегі Доланда көлік қатынасы қиын. Көбі қалаға барып нәпақа іздейтін, балалары басқа елді мекендерге барып білім алатын ауылда жолаушылар таситын автобустар қатынасы жолға қойылмаған. Былтыр автобус қатынасы ұйымдастырылады деп үш жерге аялдама салынғанда, жұрт қуанған екен. Сол аялдамаларға әлі автобус тоқтағанын ешкім көрмепті. Сонымен бірге ауызсуға қатысты проблема да жылдар бойы шешімін күтіп отырған көрінеді. Көшелерді ретттеу, ауылішілік жолдарды жөндеу, электр қуатымен қамтамасыз етуде де олқылықтар жетерлік.

Қайсар Алтай,
Алматы облысы.