Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров шетелде құлдықта қалған азаматтарға қатысты мәлімдеме жасады.
«Соңғы кездері Таиланд пен Мьянма шекарасында орналасқан Алтын үшбұрыш деген аумақта Қазақстан азаматтары жұмыс құлдығына түсіп жатыр. Біз қанша ақпарат таратсақ та, баруды қоймай жатыр. Осы жылғы ақпаратқа сәйкес, 5 адам сол жерде қалды. Сәуірдің ортасына таман бір жігіт Таиландтағы консулға хабарласып «менің жанымда төрт адам бар, құлдықта отырмыз, көмек керек» деп хабарласқан. Бұл жағдайлар бұрын болғандықтан, консулдың тәжірибесі бар. Консул оларға кеңес берді»,– деді ол.
Смадияров атағандай, компанияның аумағы шекараның жанында, онда кішігірім өзен бар.
«Қазақ жігіттері сол өзенді жүзіп, Таиландтың шекарасына өтуі керек болған. Бірақ олар қашуларына жарты сағат қалғанда консулға хабарласқан. Консул Бангоктан ол жерге 7-8 сағат көлікпен жетуі керек. Ол әрине, үлгермейді. Жігіттер компания аумағынан шығып, оларды компания өкілдері қуған. Төртеуі жүзіп үлгерген, біреуі жағада қалып қойған. Төртеуіне қуып жете алмаған. Олар консулға хабарласқан. Олар қазір Бангокта 3-4 күнде елге қайтады. Олар Таиландтың миграциялық заңын бұзғаны үшін сотқа тартылды. Депортация жасалады. Елшіліктің араласуымен олар айыппұлдан босатылды», – деді ол.
Смадияров атағандай, қалған бір азаматпен бір аптадан бері байланыс болмаған.
«Компанияның қызметшілерімен байланыс орнаттық. Бірақ олар әлі дұрыс жауап бермеді. Компания бір азаматқа 6 млн теңге сұраған. Жігіттер ондай ақша болмаған соң, қашқан. Олар IT компаниясында жұмыс істеуге барған», – деді ол.