Қазір Ирактағы түрмеде ДАИШ террористік (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ұйымына қатысқаны үшін сотталған 6 Қазақстан азаматы өз жазасын өтеп жатыр.
Ирактағы түрмеде отырған 6 қазақстандық әйел аштық жариялады – СІМ
1,590
оқылды

Ирактағы түрмеде өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық әйелдер аштық жариялады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Ирактан «Русафа» операциясы аясында бүлдіршіндер Қазақстанға жеткізілді. Алайда олардың аналары өмір бойына бас бостандығынан айырылып, Бағдат (Ирак) түрмесінде жазасын өтеуге қалды. Биыл 24 сәуірде Қазақстанның Иорданиядағы елшілігіне террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы Ирак билігінің үкіміне наразылық ретінде Бағдаттағы Русафа-6 атты түрмесінде отырған шетелдіктер, оның ішінде Қазақстан азаматтары да аштық акциясын бастағаны туралы хабарлама түсті», – деді А. Смадияров.

Осы орайда ол істі болған бұл адамдар өз мемлекеттеріне тезірек экстрадициялау процедурасын өткізуді талап етіп отыр. Аштық акциясы Ирак билігінің «Рақымшылық туралы» заңға қол қоюы туралы қауесет тараған кезде басталған.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ирак билігі биыл барлық санатта қылмыс жасаған адамдарға «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл нақты ақпарат емес. Айта кетейік, рақымшылыққа ілігетін адамдар өз жазасының үштен бірін сол елде өтеуге тиіс. Қазір жоғары аталған мекемеде ДАИШ террористік (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ұйымына қатысқаны үшін сотталған 6 Қазақстан азаматы өз жазасын өтеп жатыр. Жалпы, наразылық білдіріп отырғандар әділетсіз үкімге, негізсіз айыптауларға қатысты шағым айтып отыр. Егер Ирак билігі рақымшылық акциясын қабылдаса, онда біз тиісті келіссөздерді жалғастырамыз», – деді СІМ ресми өкілі.