Дәрігерлер жаңа туған нәрестеге полимелия деген диагноз қойды. Қосымша қол-аяқпен туылатын балаға қойылатын бұл диагноз әлем бойынша өте сирек кездеседі, – деп хабарлайды Zakon.kz.
Үндістанның Раджастхан штатында үш қолды сәби дүниеге келді, – деп жазды Daily Mail басылымы.
Баланың екі қолына қоса арқасынан қысқа қол өсіп шыққан. Ол қолда үш саусақ бар.
Желіде ерекше сәби түсірілген видео тарады. Бейнежазбадан бүйірінен жатқан баланы көруге болады, үшінші қолын ұстаса, бала жылай бастайды. Кіндігі түспегеніне қарағанда, бала жақында ғана туылған.
Нәрестенің аты-жөні, жынысы және қалай туылғаны жарияланбады. Дәрігерлер емдеудің ықтимал әдістері туралы хабарлаған жоқ, алайда мұндай жағдайларда қосымша шыққан қол немесе аяққа ампутация жасалуы мүмкін.