Алматы қаласында «Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті.
Алматыда халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті
1,280
оқылды

 Алматы қаласында «Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен фестивальдің мақсаты, қуыршақ өнерін дамыту, осы бағыттағы халықаралық байланыстарды арттыру, отандық мамандардың біліктілігін арттыру болып табылады. Апта бойы өткен өнер мерекесіне Грузия, Түркия, Корея, Өзбекстан, Қырғызстанның және еліміздің қуыршақ театрлары қатысып, балалар мен ересектерге арналған үздік қойылымдарын қойды.

«Осы өнер мерекесі мемлекеттер арасындағы кәсіби қуыршақ өнерінің дамуына ықпал етіп, өзара ынтымақтастықты арттыруда. Фестивальге әр елден келген өнер театрлары мен  белгілі өнер қайраткерлері осының айқын дәлелі», – дейді өнер додасын ұйымдастырушылар.  

Фестиваль аясында конкурстық және конкурстан тыс спектакльдердің көрсетілімдері Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрында, Мемлекеттік қуыршақ театрында және Тотальный театры сахналарында өтті. Фестивальдің конкурстық қойылымдарын құрамында Қазақстан, Корея, Грузия және Түркияның жетекші театр қайраткерлері бар халықаралық қазылар алқасы бағалады. Қазылар қауымына белгілі театр сыншысы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Анар Еркебай  жетекшілік етті.  

«Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің «Ең үздік қойылым» номинациясы бойынша Иакоб Гогебашвили атындағы Кутаиси мемлекеттік кәсіби қуыршақ театры қойған  Г.Х. Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» қойылымы марапатталды. 

Сонымен қатар  «Ең үздік актерлік шеберлік» номинациясы бойынша Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры Е. Локшинаның «Мен бір жұмбақ адаммын. Абай» қойылымы танылса,  «Ең үздік қуыршақ жүргізуші» номинациясы бойынша  FFWANG театры қойған «Хонг Доджи мен Исими» қойылымының  актеры Кван Со Ёнг танылды.  

 Сондай-ақ  «Ең үздік сценография» номинациясы бойынша Тотальный театрының суретшісі Юлия Чернова Г.Х. Андерсеннің «Дюймовочка» қойылымындағы жұмыс үшін лайық деп танылды.   

«Ең үздік қуыршақ суретшісі» номинациясы бойынша «Алақай» Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының суретшісі Әсия Құрманалина «Ақ кеме» қойылымы үшін марапатталды.

Одан бөлек қазылар алқасы шешімімен фестивальге қатысқан 14 театр мен 9 жеке тұлға Алғыс хатпен марапатталды.

Жалпы фестивальдің жүлде қоры аса қомақты болды. Барлық номинация жеңімпаздары ақшалай сыйлыққа ие болды. Бас жүлде иегері 1 300 000 теңгеге ие болды.

Қазылар алқасының мүшесі, Шота Руставели атындағы кино және театр Грузин мемлекеттік университетінің профессоры Лаша Чхартишвили "Ортеке" VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің ұйымдастырылуына жоғары бағасын беріп, қазақстандық театрлардың өнерін ерекше бағалады. 

Ол өз сөзінде  «Мұндай өнер сайысы халықтарды жақындастырып, рухани байланысты арттырады.  Осы шараның басты ұйымдастырушысы Корей академиялық театрына рахмет айтамын», – деді. 

Айта кетейік, "Ортеке" VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі екі жыл сайын еліміздің әр қаласында өтіп тұрады. Биыл бұл өнер додасы Алматы қаласында өтті.        

 

                                                            Нұрболат Адырбек, Алматы