Италияның Еуропарламенттегі бұрынғы депутаты Пьер Антонио Панцери «Катаргейт» дауына ілігіп, істі болып жатыр.
Мәсімов пен Әблязовқа қолдау көрсеткен депутат қамауға алынды
1,581
оқылды

Билікті асыра пайдаланғаны әрі мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға сотталған ҰҚК-ның экс-төрағасы өзімен бірге Батыстың ықпалды тұлғаларын да іле кетті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Брюссельдегі адам құқын қорғаумен айналысатын танымал депутаттардың бірқатары осы күнге дейін Кәрім Мәсімовтің қолтығынан демеп, астыртын қолдау көрсетіп келген.

Италияның Еуропарламенттегі бұрынғы депутаты – Пьер Антонио Панцери «Катаргейт» дауына ілігіп, істі болып жатыр.

Панцери жетекшілік ететін «Fight Impunity» үкіметтік емес ұйымының Жаңа Қазақстанды жамандаудан аузы босамай келген еді. Ақорданың демократиялық құндылықтарды аяққа таптағанын айтып, Тоқаевтың репутациясын кірлетуді көздеген осынау ұйым «Мәсімовке бостандық» акциясын ұйымдастыруға ұйытқы болған еді.

Панцери «абақтыда азап шегіп жатқан Мәсімовтің» мәселесін Еуропарламентке жеткізіп, Батыстың саяси институттары мен қоғам назарын Қазақстанға бұруға әрекет еткен.

Сөйте тұра Батыстағы «мәсімовшілер» лоббиі 18 жылға сотталып кете барған ҰҚК-ның экс-төрағасына араша түсе алмады.

«Катаргейт» дауының «бас кейіпкері» деп танылған Панцери сәуірдің басынан бері үй қамақта отыр. Депутаттың жертөлесінен табылған 600 еуро мың Еуропарламенттегі саяси дауға себеп болды. Онымен аффирленген «Fight Impunity» ұйымының басына бұлт үйіріліп, Брюссельдің қырын қабағына іліккен жайы бар. Әлбетте, Мәсімовтің жақтастарының тізімі Панцеримен шектелмейді.

Мәсімовке бостандық беруді талап еткендердің арасында Бельгия социал партиясының белсендісі Мари Аренаның аты аталады.

Панцеридің сыбайласы саналатын Арена былтыр қараша айында «Мәсімовке кеңшілік жасауды сұрап» Қазақстанның Бельгиядағы елшілігіне хат жолдаған. Арена осы күнге дейін Еуропарламенттің Адам құқы жөніндегі бөлімшесін басқарып келді.

Бұған ескі де жаңа Қазақстанның ежелгі дұшпаны Әблязовтың қандай қатысы бар?

Бельгияның L-Post басылымы «Катаргейт» ісіндегі басты күдікті Панцеридің атышулы олигархпен ауыз жаласқанына айғақ тапқан. Босқын мәртебесінен айырылған Әблязов еуродепутаттың аузын майлаған болса керек.

«2019 жылдың ақпан айында Мұхтардың адвокаты әрі сенімді серігі Ботагөз Жәрдемәлі Панцери бастамашы болған Еуропарламенттің басқосуына қатысқан. Пьер Антонио ол тұстары Адам құқын қорғау жөніндегі бөлімшені басқарды», – деп жазады L-Post. 

Еуродепутаттың Әблязов пен Мәсімовке қаншалықты жанашыр екені бір құдайға аян, біздіңше, ол бұл қызметі үшін қомақты қаламақы алған. «Катаргейт» дауы Панцеридің парадан бас тарта алмайтынын, бұл тұрғыдағы иммунитеті әлсіз екенін айғақтағандай.

«Катаргейт» дауының Назарбаев дәуіріндегі «Қазақгейт» жанжалынан айырмашылығы шамалы. Батыстың саясатына ықпал етуді көздеген Катар билігі икемге келеді-ау деген саясаткерлерді сатып алған.

Панцери бастаған бірнеше депутат арабтардан пара алғанын көпке ұзамай мойындады. Абақтыда ұзақ аялдағанды қаламайтын біздің кейіпкер «Катаргейтке» қатысты ақпаратты түгелдей қотарып айтуға уәде берген. Панцери Әблязов пен Мәсімовті айналып өтпес деп ойлаймыз.