Парламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы өтті. Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне халықаралық келісім мен хаттаманы ратификациялау мәселесі қойылды.
Тауар айналымында тығыз байланыс орнайды
815
оқылды

Атап айтқанда, ТМД елдері арасындағы жал­ған тауар белгілері мен географиялық көрсет­кіштерді пайдаланудың алдын алу және жолын кесу жөніндегі келісім және Кеден одағының аумағындағы еркін экономикалық аймақтар жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хат­таманы ратификациялады. 

Палатаның Заңнама және сот-құқықтық ре­форма комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштердің ұлт­тық және шетелдік иелерінің құқықтарын тиімді қорғау мен сақтауды қамтамасыз етудің маңызы зор екенін айтады. ТМД елдері 2021 жылдың мамырында қол қойған тиісті келісім осыған бағытталған. 

«Келісімді қабылдау – дер кезінде қолға алынған әрі қажетті шара. Өйткені ол мемле­кеттерге жал­ған тауар белгілері мен географиялық көрсет­кіштері бар тауарларды өндіру және өткізу фак­тілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ ТМД елдерінің кедендік шекаралары арқылы жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өткізу мәселе­лерінде тығыз ынтымақтастық жа­сауға мүмкіндік беретін жағдайларды қамтамасыз етуге бағыт­талған», – деді ол.

Ал палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Динара Шүкі­жанованың айтуынша, ратификацияланған хаттаманың негізгі мақсаты – Еуразиялық эко­номикалық одақ шеңберінде заңнаманы үйлес­тіру, сондай-ақ санитарлық-эпидемиология­лық қызметті жетілдіру бөлігінде өткен жылы қабыл­данған түзетулерді ескере отырып, құқықтық және редакциялық өзгерістер енгізу.

«Республиканың көптеген аумағы шынымен де санитарлық-эпидемиологиялық қызмет инвесторларын тартып, жаңа өндіріс орындарын іске қосса да, барлық нысан тиісті қарқын алған жоқ. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін заңнамалық реттеудегі олқылықтар бірқатар қиындыққа әкеліп соқты. Соның салдарынан әлеуетті инвесторлар үнемі дайын бола бермейді», – деді Д.Шүкіжанова.

Бұдан бөлек, бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстандағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жо­басын және кейбір заңнамалық актілерге, соның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ко­декске өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы заң жобасын жұмысқа алды.

Жиында депутаттар жер, ішкі көші-қон, шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы, моноқалалар туралы, самокаттар қозғалысын реттеу мәселелерін көтеріп, Үкімет басшысы мен оның орынбасарларына және Бас прокурорға  депутаттық сауал жолдады.

Мәселен, белгілі заңгер Базарбек Бақытжан банктерге кепілге қойылған ауылшаруашылық жерлерді мемлекетке қайтару керегін жеткізді. Қазір Бас прокуратураның ақпараты бойынша екін­ші деңгейлі банктер мен каржы институт­тары­ның иелігінде кепілдік ретінде көлемі 2 мил­лион гектар болатын 3,9 мың ауылшаруа­шылық мақсатындағы жер тұр екен. Оны қаржы ұйымдары не өздері пайдаланбайды, не мемлекеттік меншікке қайтаруға асығып отырған жоқ.

«Заңды белден басқан жемқор әкімдердің ке­сі­рінен пайларынан, яғни шартты жер үлестері­нен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып ақиқат іздеп, пайларын қайтару жолында сот­тасып әлек болып жүр. Соттар болса үлескерлердің жерін банкке кепілге кою туралы келісімшарт­тарды бұзу жөніндегі талап арыздарын көп ретте қараусыз қалдырады не болмаса талапты қарау мерзімі ескіріп кеткенін алға тартып қанағат­тан­дырмай тастайды. Ендеше нақты жер реформа­сынан бастап екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының иелігіндегі жерлерге ие болуы­мыз керек. Бұл да халықтың жері екенін ұмыт­пауымыз қажет», – дейді ол.

«AMANAT» партиясы депутаты бұл мақсатта Үкімет пен Бас прокуратура бірлесе отырып, 2025 жыл­ға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жария­лап – шартты жер үлесінен тұратын және банк­терде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қай­тадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жо­баны қабылдау керегін және үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңи мүм­кіндігін қарастыру керегін ұсынады. Сондай-ақ коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 миллион гектар көлеміндегі жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94-бабына сәйкес мемлекеттік мен­шікке қайтаруды қамтамасыз етуіміз қажет. Аза­маттардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктерде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға мораторий енгізілуі тиіс.

Ал «AMANAT» партиясы фракциясының келесі мүшелері Ұ.Тұмашинов пен Е. Саиров Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға шекара маңындағы аудандардың әлеу­меттік-экономикалық мәселелерін жүйелі шешу  туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл ретте олар ха­лықты шекара маңына тұрақтандыру және ынта­лан­дыру мақсатында еңбек етіп жүрген аза­маттар  мен  азаматшалардың  жалақыларына  аудандық 1,5 үлестік қосымша коэффициент қо­суды ұсынады. Сондай-ақ олардың еңбек өті­лінің 1 жылын 1,5 жыл етіп есептелуін қарастыру қажет. Тек осындай шаралардың арқасында  жетіспей тұрған   дәрігер, ұстаз,  мал дәрігерлері, агроном  тағы да басқа  жас мамандарды сол аймақтарда  тұрақтануына ықыласын арттыруға болады. Одан да өзге атқарылар шаруа жетерлік.  

«Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев  Бұқтырма  су қоймасының  үстінен  көпір салуға тікелей тапсырма берген болатын. Бұл көпір, Ертіс өзенінің  арғы  жағында орналасқан  бес шекара­лық аудан:  Күршім, Қатон Қарағай,  Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай халқының өмір  бойғы арманы. Көпір құрылысы  қарқынды түрде жүріп жатыр. Бірақ биылғы жылға бөлінген  қаржының көлемі 4 млрд теңгені құрайды. Ол дегеніміз – қа­жетті қаржының  оннан бірі ғана. Халыққа аса қа­жетті күрделі құрылыс нысанын Үкімет бұлай­ша қаржыландыратын болса, Пре­зиденттің тап­сырмасы ондаған жылға  созылып кетеді. Ал ол кезде айтылған  шекаралық бес ауданда тұратын  халықтың  қалмауы да  мүмкін», – дейді халық қалаулылары.

Аманаттықтар көтерген келесі бір проблема  Теріскейге көш жайы. Депутат Д.Мұ­қа­ев: «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Теріскейге 7 923 адам қоныс аударған. Олардың 1 320-і қандас және 6 603 ішкі қоныс аударушылар болған. Ал биылға 8 652 адамға квота бөлінген. 2021-2025 жылдарға арналған бұл бағдарламаға 46,7 миллиард теңге бөлінсе де, оң нәтижесін бермей отыр. Себебі көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен. Ал олардың саны жыл санап артуда. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген бас­паналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай», – дейді ол. 

Осы ретте солтүстікке көшуге ынталы азамат көп екенін, былтыр Dauletten қайырымдылық қоры арқылы 36 адамнан тұратын 5 отбасы қоныс аударғанын атап өткен депутат жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемле­кет­тік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Одан бөлек, қоныс аударғаннан кейін туылған әр сәбиге берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру қажет. Бұл демографияға серпін бермек. Сондай-ақ қоныс аударған жандардың кәсібін дөңгелетіп кетуге 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген не­сиелер санын арттырып, субсидиялар, гранттарды ұлғайту керек.

Жалпы отырыста «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшелері С. Мұсабаев, Е. Жаңбыршин Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Бас  про­курор Берік Асыловқа Маңғыстау облысын­дағы  «Қошқар ата» радиоактивтік қалдықтар қоймасын рекультивациялау жұмыстары туралы депутаттық сауал жолдады. Мұндағы жұмыстар басталмай жатып екі рет тоқтап қалған, бөлінген миллиардтаған қаражат бір емес, екі рет игеріл­меген, Президенттің Үкіметке берген тапсырмасы осылайша орындалмай қалып отыр. Парламент мінберінен бірнеше рет көтеріліп қол жеткізілген Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының 2022 жылғы 23 желтоқсанындағы хаттамасы да орындалмаған.

Сонымен бірге жиында тозығы жеткен және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесі де сөз болды. Бұл проблема еліміздің барлық аймағында өте маңызды болып тұр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес республика бойынша жалпы тұрғын үй қоры 54 731 көппәтерлі үйді құрайды, оның ішінде 752 үй апатты, 3 024 үй тозығы жеткен деп танылған. Мәселен, Атырау облысында 119, Астана қаласында 206-ға жуық апатты үй бар.

«АМАNАТ» партиясы бұл мәселемен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. 2021 жылы өңір­лер­де тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы бе­кі­тілді. Қазір бұл бағыт «Халықпен бірге!» атты партияның сайлауалды бағдарламасындағы не­гізгі бағыттардың бірі болып табылады, оған сәйкес 

30 мыңға жуық тозығы жеткен және апатты жағ­дайдағы тұрғын үйлердің иелері жаңа пәтерлерге көшуге мүмкіндік алуға тиіс. Жергілік­ті атқарушы органдар қазіргі жағдайды өзгертуге қолдан келгенше ықпал етуде. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, аталған мәселені түбегейлі шешу үшін тек  жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз, сондықтан қаражатты республикалық бюджеттен де қарастыру керек.  Отбасы банкі арқылы несиелік тұрғын үйді қаржыландыру үлгісі бойынша, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін облигациялар шығаруды ұйымдастыру қажет», – дейді фракция мүшелері.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары сауал жолдап қана қоймай, қарауына екі заң қабылдады. Олар – «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағы­ның кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерек­ше) экономикалық аймақтар 

және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы және «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар 

және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы.