Сыр өңірінде газдандыру жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта өткен жылы 14 жобаны жүзеге асыруға 8,7 млрд теңге бөлініп, 6 ауыл газға қосылған.
Газдандыру жұмыстары қарқын алды
1,163
оқылды

Жалпы, облысқа қарасты 7 аудан мен елді мекендерді көгілдір отынға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Ең алғаш Қызылорда қаласының жылу көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көші­ру жоспары іске асырылды. Содан бері 20 жылға жуық уақыт ішінде аймақты газ­дандыру көрсеткіші 70 пайызға жетті. 

Соңғы жылдары Арал ауданындағы Жақсы­қылыш кенті, Шиелідегі Бай­сын мен Қазалыдағы Ғани Мұратбаев ауылына табиғи газ тартылып, қала маңындағы Қарауылтөбе елді мекені көгілдір отынның игілігін көрді. 2021 жылы Шиелі ауданына қарасты Ш. Қодаманов пен Н.Бекежанов ауылдар­ына газ тартылды. 

Ал былтыр 10 жоба түзіліп, оны іске асыру үшін қомақты қаржы қаралды. Оның ішінде Жаңақорған ауданындағы Бірлік пен Қыраш, Аралдағы Сексеуіл кенті, Қармақшыдағы Төретам мен Ақай ауылдары, Қазалы ауданына қарас­ты Жалаңтөс Баһадүр, Басықара, Қ.Пірімов елді мекендері, Шиелідегі М.Шоқай ауылы маңынан газ тарату стансасын салу жоспарланған. Нәтижесінде, өткен жылы 589 шақы­рым газ құбыры тартылып, Қазалы ау­данындағы 1 қала мен 3 ауыл, Шиелі­дегі 2 ауыл, Тереңөзек кентіндегі кейбір көшелер көгілдір отынға қо­сылды.

Биыл да қызылордалықтар үшін жа­ғымды жаңа­лықпен басталды. Жа­ңа­қорған ауданының Бірлік және Қыраш елді мекендері табиғи газға қосылды.

«Өткен жылы облыс аумағында жүргізілген жұ­мыстар нәтижесінде 26 елді мекен, 583 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтылды. Биыл респуб­ликалық бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлініп, өткен жылы басталған 7 жоба жалғасын тапты. Тағы  12 жаңа жобаны іске асыруға кірістік. Оның ішінде Жаңақорған ауданының «Жайылма», «Шалқия», «Құттықожа», «Төменарық», «Кейден» ауылдарын газдандыру жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, өткен жылы құны 3,4 млрд теңгені құрайтын Жаңа­қорған  кентіндегі 10/0,4 кВ электржелілік жүйені жаң­ғырту жұмыстары қолға алынған. Соның арқа­сында кенттегі 70 шақырымға жуық электр желісі жаңарып, қосымша жаңадан 23 трансформатор орнатылады», – дейді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Ақүйік ауылдық округіндегі Бірлік ауылына газ құбырын Gas Energy Construction ЖШС жүргізді. Жоба республикалық және облыстық бюд­жеттен қаржыландырылып, 440 тұрғын үй мен  5 әлеуметтік нысан газдан­дырылды. Қыраш елді мекеніндегі 124 тұрғын үй мен   6 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылды. 

Алдағы уақытта тағы да 5 ауылды газбен қамту жоспарланған.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы