Тарихта болмаған заң қабылданбақ: билік онлайн-платформаларды және интернет-жар­наманы реттеуге кірісті. «Бұл не үшін қажет бола қалды? Интернеттегі демократияны тағы шектей ме?» деп, жұртшылық тіксінуі мүмкін.
Интернетті реттеу шектеу ме?
1,580
оқылды

Биліктің қандай түсініктемесі бар? Елде бұл тұр­ғыда не өзгереді? Мысалы, Үкімет адам құқығын қорғауды автоматтандыруға, оны жа­сан­ды интеллектінің модерациясына беруге тыйым салу қажет деп санайды. Мемлекеттің тіл­дің ғаламтордағы өрісін кеңейту, онлайн алаяқтықпен күрес те осы реформа аясында жүр­гізіледі. Осы салаға қатысты заңнама түзу арқылы Қазақстан дамыған елдердің үлгісін қабылдауы мүмкін.  

Түріктің тәжірибесі

Бүкіл әлемде ақпараттық техно­ло­­гиялар өркен жайған заманда адам­зат әлеуметтік желі арқылы тілдесіп, жаңалығымен бөлісіп, сол арқылы өзара қарым-қатынасқа түсуді көбірек таңдай бастады. Бірақ GeekBrains интернет тұғырнама­ларды дамыту жөніндегі сарапшысы Алек­сандр Сагунның түсіндіруінше, тіпті дамы­ған елдердің заңнама­сында «әлеумет­тік желі» деген ұғым жоқ көрінеді.

Мысалы, Сингапур оларға қа­тысты төл заңнамасында «интернет-делдал» терминін пайдаланады. Ал АҚШ пен Еуропада «интернет-платформа» ұғымы енгізілген. Қа­зақстан да осыны үлгі етпек.

«Заң қабылдау көбіне кешігіп жүреді. Әлеуметтік желілердің та­нымал болғанына жиырма жылдай уақыт өтті. Әлемдегі алдыңғы қа­тарлы елдерде онлайн-платфор­маларды заңнамалық реттеу, оларға контентті тарату, пайдалану­шы­лардың дербес деректерін өңдеуді бақылау, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен ықпалдасу бойынша міндеттемелер жүктеу белсенді жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан саланы реттеудің лайықты тетігін енгізгісі келсе, бірінші кезекте әлеуметтік желінің, кең ұғымда алғанда, онлайн-платформалардың құқықтық мәртебесіне анықтама бергені жөн», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, Еуропа ел­дері, Түркия, Аустралия, Латын Америкасы мемлекеттері және бас­қалары шетелдік онлайн тұ­ғырнамаларға және соған жататын әлеуметтік желілерге бақылауды күшейтуге кірісті. Бұл жерде олар­дың басым көпшілігі америкалық екені мәлім. Бір ғажабы, АҚШ Пре­зиденті де арнайы Жарлығымен оларға міндеттеме артты. Жарлық «Онлайн-цензураның алдын алу туралы» деп аталады және онда он­лайн тұғырнамалар мен әлеу­меттік желілердің міндеттемелері белгіленген. Ұжымдық Еуропада Еуропарламент пен ЕО Кеңесі «Электронды коммерциядағы, ішкі нарықтағы ақпараттық қыз­меттердің кейбір құқықтық ас­пектілері туралы» және «Аудио­ви­зуалды медиа қызметтер туралы» директиваларын қабылдады. Бра­зилияда бұл саланы «Интернет желісіндегі азаматтық құқықтар тұ­жырымдамасы», Аустралияда «БАҚ-пен келіссөз жүргізу ко­дексі», Түркияда «Шетелдік әлеу­мет­тік желілерге бақылауды кү­шейту туралы» заңы реттейді. 

Түрік заңына сәйкес, пайдала­нушыларының саны 1 миллионнан асатын шетелдік компаниялар, яғни Twitter, Facebook, Instagram (Мета) және басқасының Түр­кия­дағы өкілдігі болады. Ол Үкіметтің және жеке тұлғалар жариялаған құқыққа қарсы, қорлау және жала жабу сипатындағы контентті жою немесе бұғаттау талабына жауап береді. Сұрауды орындауға әлеу­меттік желіге 48 сағат бөлінген. Бұғаттаудан не жоюдан бас тарту нақты дәйектелген, негізді болуы тиіс. Кесілген мерзімде талапты орындамаса немесе дәлелді жауап беруден бас тартса, Ақпараттық технологиялар және байланыс агенттігі онлайн тұғырнамаға 700 мың доллардан асатын айыппұл сала алады екен.

Сарапшының түсіндіруінше, озық елдердің заңнамасына сәй­кес, егер онлайн тұғырнамаларда, соның ішінде әлеуметтік желіде үшінші тұлғалар, яғни пайдала­нушылар заңға қайшы, теріс ақ­параттар орналастырса, ол үшін YouTube, Meta немесе басқа да он­лайн-платформа иелері жауап­кершілік арқаламайды. Бірақ соны жоюдан бас тартса, жауапқа тар­тылуы мүмкін. 

Қазақстанның Қылмыстық ко­дексінде интернетті, электронды ақпараттық ресурстарды пайда­ланып жасалған қылмыстар үшін түрлі жаза қарастырылған. Бірақ тек ақпарат орналастырған адамдар ғана жазаланады, ал заңсыз кон­тент онлайн тұғырнамаларда ары қарай қала береді. Сондықтан са­рапшылар құқығы бұзылған пай­даланушылардың шағымына уа­қытылы ден қоймаған немесе мүл­дем үн қатпаған әлеуметтік же­лі иелеріне қатысты жауапкер­шілік көзделуі керектігін айтады. Мұндай заңнамалық өзгерістер интернет тұғырнамалардың Қа­зақстан аумағындағы қызметін жетілдіруге, пайдаланушылар ша­ғымының рөлін күшейтуге әкеледі. Интернеттегі заңға қайшы кон­тентті бұғаттауда қоғам белсен­ділігін арттырады. 

Батыс үлгісі бізге не береді?

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеп жатқан «Ин­тернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» заңының жобасында әлеуметтік желілер үшін жазалар қарастырылмаған. Бірақ мемлекеттік реттеу тетіктері пысықталады деп күтілуде. 

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан бұл жерде Еуропаның тәжірибесін, соның ішінде Digital Services Act (DSA) немесе «Цифр­лық қызметтер туралы» жаңа заңын үлгі етпек. Еуропарламент пен Еу­ропа кеңесі 2022 жылғы 23 сәуірде жаңа ережелер туралы саяси ке­лісімге келді. Нәтижесінде, DSA 2022 жылғы 16 қарашада ЕО ресми журналында жарияланғаннан кейін күшіне енді. 

Digital Services Act заңын қолданудың басты бағыттарының бірі – онлайн тұғырнамалардағы жарнама. Мәселен, онда тек қана балалардың аккаунттарын іріктеп алып, соларға нысаналанған, таргеттелген жарнама көрсетуге тыйым салынады. Тек ересектерді ғана топтарға бөліп, жарнаманы соған бейімдеуге рұқсат. Дегенмен мұнда да шектеу бар: атап айтқанда, пайдаланушылардың дербес де­ректеріне, соның ішінде ұлтына, нәсіліне, саяси көзқарастарына немесе сексуалды бағдарына ба­ғытталған жарнамаларды ны­са­налап көрсетуге жол берілмейді. 

Мұның сыртында жаңа заң нормалары онлайн-платфор­ма­лардағы және инфлюенсерлердің коммерциялық коммуникация­ларындағы бүкіл жарнаманы «мөл­дір», айқын ету тетіктерін қарас­тырады. Қазақстандық заң да осы кейіпте қабылданса, онда мысалға, вайнерлердің нені жарнамалап, насихаттап жүргені бақылауға алынбақ. Ұсынылған қағидалар қабыл алынса, онда танымал пай­даланушылар, блогерлер, қоғам­дық пікір көшбасшылары, вай­нерлер және онлайн тұғырнама­ларда коммерциялық қызметпен айналысатын өзге тұлғалар онысын тек құқықтық өрісте жүзеге асыруға міндеттеледі. Әйтпесе, қазір белгілі бір интернет қайраткердің үстінен нақты адам полицияға шағым түсірмесе, оған қарсы ешқандай жауапкершілік қарастырылмайды. 

Күңгірт тұстарға жарық түсірмек

Мамандар интернет-жарнама – әлемдік экономиканың қар­қын­ды дамушы сегменттерінің бірі екеніне назар аудартады. Бір ғана Facebook-те қаншама адам өз пос­тын көбірек адам көруі үшін күн сайын ақылы түрде насихаттайды. Бұл қызметке әсіресе, биылғы пар­ламенттік сайлаудың үгіт науқаны барысында сұраныс күрт өсті. 

Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жарнаманың белсенді өсуі креативті индустрияның да­муына айтарлықтай серпін береді. Жыл сайын әлемде интернет-жар­намаға бағытталатын шығындар орта есеппен 15 пайызға өсіп ке­леді. eMarketer мәліметінше, жа­һанда тек бір жыл ішінде интернет желісінде таргетке 491,7 миллиард доллар құйылған. Соның ішінде Қазақстанда былтыр интернет-жарнама нарығы бірден 20,18 па­йызға өсіп, 34,4 миллиард тең­геден асты. Биылғы парламенттік дода бұл көлемді ары қарай қар­қынды арттырғаны даусыз. 

Пандемия кезінде көпшілік әлеуметтік желілерде тіркеліп, онда суда жүзген балықтай еркін бағдарлана алатын болды. Kepios дерегінше, нәтижесінде әлеуметтік желілердің жалпы аудиториясы шамамен 30 пайызға өскен. Соңғы 3 жылда 1 миллиардтан астам жаңа пайдаланушы қосылыпты. Қазақ­стан да бұдан шет қалмады: интер­неттің отандық сегментінде барлық негізгі көрсеткіш артты. Ұлттық статистика бюросының мәліме­тінше, пандемиядан соң респуб­ликада 6–74 жас аралығындағы тұрғындар арасында интернет же­лісін пайдаланушылардың үлесі 90 пайыздан асты. Яғни, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сон­да отыр. Ендеше мемлекет олар­дың құқықтарын аяққа таптат­па­ғаны жөн. 

«Интернет-жарнама құралдары үнемі жетілдіріліп отырады және алуан түрі пайда болуда. Соған қа­рамастан, Қазақстанда олардың құқықтық өрісте жұмыс істеуі үшін қажетті заңнамалық негіз толық­қанды қалыптастырылмаған. Өзек­ті тұжырымдамалық аппарат жоқ, пайдаланушылардың өзара және онлайн-платформалар әкім­шілігімен іс-қимылы нақтылан­баған, ол сектор реттелмейтін «сұр аймаққа» толы. Мұның бәрі нақты реттелген құқықтық салада жұмыс істейтін кәсіби журналистер мен дәстүрлі БАҚ арасындағы тең­сіздікті жояды. Өйткені олар ау­дитория үшін онлайн-платфор­ма­лар субъектілерімен де бәсекелесуге мәжбүр» деген түсініктеме берді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Тағы бір мәселе: әлеуметтік желілердің бәрінің интерфейсі, пайдаланушылық келісімдері тек орыс тілінде болып келеді. Ин­тер­нет тұғырнамалардағы шет тіл­деріндегі мәтіндік контентті қа­зақ­шаға аудару жүйесі қарас­тырыл­маған. Жаңа заң қазақ тілді ауди­торияға ыңғайлы және толық тү­сінікті болуы үшін бұларды да мемлекеттік тілге ыңғайлауды та­лап етуге жол ашуы ықтимал.

Сөз бостандығы шектелмей ме?

Талдау және ақпарат орталығы жүргізген мониторинг онлайн-плат­формаларда адам құқығын аяқасты ету жайттары жиі кезде­сетінін көрсетті. Қылмыс саны жыл сайын өршіп барады. Суицидті насихаттау деректері 2021 жылғы 28-ден былтыр 88-ге дейін, яғни бірден 3,1 есеге күрт көбейді. Басқа адамды қорлаудың деректері де 2021 жылғы 27-ден былтыр 147-ге ұлғайды. 

Бұрын-соңды болмаған «Ин­тернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» заңы жо­басын талқылау жалғасып жатыр. БҰҰ сөз бостандығы құқықтарын қорғау және ынталандыру мәсе­лелері бойынша эксперті Дэвид Кайе Қазақстан бұл салада Қытай, Ресей сияқты оқшауланған мем­лекеттердің емес, демократияға ұмтылған дамыған елдердің заң­на­малық реттеу тәжірибесін басшы­лыққа алғаны жөн деген пікірде. 

«Қазіргі алмағайып заманда сөз бостандығына, демократияға төн­ген үлкен қатерлердің бірі – заңдар арқылы бекітілетін қағидалардың нақты еместігі, бұлыңғырлығы. Салдарынан құзырлы органдар және оларды қолдаған соттар кез келген бапты өз қалауынша қол­данып, өзіне ұнамаған кез келген адамды жазалаудың тетігіне ай­налдыруы ықтимал. Бұл ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп: осы жолға түскен мемлекет өзінің құ­қық қорғаушы міндеттемелерін тәрк етеді. Әлеуметтік желіден шын мәнінде зиянды ақпараттар­ды елемей, тек өзіне ұнамсыз ақ­парат­тарды жойғызумен елігіп кетеді», – деп алаңдаушылығын білдірді БҰҰ маманы.

Оның байламынша, мемлекет интернет тұғырнамалардан қандай да бір контентті өшіруді және есептік жазбаларды бұғаттауды тек сұрау, тілек түрінде жолдай салады. Шынында, бұл тұрғыда заңмен рег­ламенттелген заңды процедура­лары сақталуы шарт. Әрбір қа­зақстандық әлеуметтік желіде өзіне қатысты нақты қандай заңнамалық қағидалар әрекет ететінін, өзінен не талап етілетінін түсінгені ма­ңызды. Сөз бостандығы негізсіз шектелмеуі үшін қағидалар айқын болуы шарт.

Елдос СЕНБАЙ