Бір жарым жыл бұрын 270 миллион теңгеге салынып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту етілген «Тәуелсіздік» орталық саябағының жағдайы жан шошырлық.
Жетісу облысындағы миллиондарға тұрғызылған саябақта сая болар бір тал жоқ
2,404
оқылды

Алыстағы Алакөл ауданында жергілікті тұрғындарды мазалайтын  мәселе жетерлік. Солардың ең басында мемлекеттің қаржысына тұрғызылған нысандардың кәдеге аспай жатып, тозып-тоналуы, жерге қатысты жөнсіздіктер, әлеуметтік саладағы әділетсіздіктер мен білім және денсаулық сақтау салаларындағы келеңсіздіктер тұр. Жергілікті белсенділер  жұрттың жанайқайына айналған, күрмеуі күрделі жағдайларды жоғарыға жеткізудің барлық жолдарын қарастырып, бұқаралық ақпарат құралдарына да хабарласып, әлеуметтік желілер арқылы да таратып жатыр. Бірақ  солардың барлығы жауапсыз қалып жатқаны да рас. «Үндемесек, үйдей пәледен құтыламыз» дегенді мықтап меңгеріп алған биліктегілер былқ етпейді, әйтеуір. 

 «Облыс әкімі өзі тағайындалғаннан бергі бір жылға жуық мерзімде ауданға бірнеше рет атбасын бұрып, халықпен кездесті. Сол жүздесулерде небір мәселелер көтерілді. Бірақ ешқайсысы шешімін тапқан жоқ», –  дейді аудан тұрғындары. 

Күні кеше шекаралық аудандағы бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген азаматтардың шақыруымен Алакөл жаққа арнайы барып қайтқан журналист Сандуғаш Дүйсенова шекаралы өңірдегі тағы бір шетін мәселенің бетін ашып, дабыл қақты.  Ол Алакөлдегі жазғы туризмнің  орталығы болып саналатын, көл жағалауындағы елді мекен – Ақши ауылында мемлекеттің 270 миллион теңгесіне осыдан жыл жарым бұрын салынып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту етілген «Тәуелсіздік» орталық саябағының жантүршігерлік жағдайын өз көзімен көріп, жағасын ұстап, жанынан түңіліп қайтыпты. 

– Барлығы қирап тұр. Ең масқарасы, саябаққа   кіреберістегі салтанатты аркадағы, барлығымыз үшін қасиеті де қастерлі, әрі мақтаныш саналатын Тәуелсіздік сөзінің әріптері түсіп қалған. Қалған әріптерді құрастырып оқысаң, «Туесідік» деген сөз шығады. Осылайша, киелі ұғымның ұнжырғасы түсіп, мағынасы қашып тұр. 4 гектар аумақты алқапқа орналасқан «демалыс орнының»  бір жағының қоршауы құлап, жау шапқандай болып жатыр. Аты дардай орталық саябақтан жанға сая болар тал таппадық. Қыруар қаржыға отырғызылған  шыбықтардың барлығы көктемей жатып, көктей солған.  Құрастырмалы ғимараттың  барлығы тас-талқан. Бірінің есігі қирап, терезесі сынған, тағы бірінің шатыры ұшқан. Орындықтардың, тағы басқа аялдайтын, саялайтын дүниелердің барлығы шатқаяқтап, желмен тербеліп, құлағалы тұр. Өйткені олардың сирақтары мен тіректері онсыз да  үгітіліп жатқан төсеніш кеспе тастардың арасындағы қара  жерге жай қадай салынған, бетондалмаған. Кейбір нысандар адамдардың өмірлері мен денсаулығына қауіп төндіреді. Тамшылатып суландыру жүйесі салынғаннан бері пайдаланылмағандай, быт-шыты шығып, жер бетінде шашылып қалған.  Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алакөлге келген туристер үшін барынша қолайлы әрі жайлы жағдайлар жасау мақсатында жазда көлге  демалушылар ең көп келетін Ақши ауылында салынып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған салтанатты жиын кезінде пайдалануға берілген саябақтың қазіргі жағдайы тым аянышты. Бүгінгі кездегі көрінісіне қарап отырып, осы «демалыс орны» мүлде пайдаланылмаған ба деп ойлайсың. Салынғанына екі жыл толмаған саябақ емес, өткен ғасырлардан жеткен, күтімсіз, қараусыз қалған дүниедей әсер етеді алғаш көрген адамға.   Басқасын қойшы, аудандық, ауылдық деңгейдегі атқамінерлер сырты қаусап, қаптамасы қопарылып  тұрған кіреберіс арканың төбесіндегі Тәуелсіздік сөзінің әріптері түсіп қалғанын байқамауы, олардың мемлекеттік рәміздерге де мән бермейтінін байқатады. Шынымды айтсам, жүрегім ауырып, жаным жабырқап қайтты Алакөлден. Әй, осылай жалғаса берсе, түбі біз ел бола алмаймыз-ау осы..., – дейді қашанда ақиқатты айғайлап айтатын, кейде сонысымен биліктегілерге жақпайтын Сандуғаш Дүйсенова. 

Жоба авторларының   жоспары бойынша,  4 гектар аумақта 336 орындық амфитеатр, жаздық сцена, жағажай волейболына, футбол мен үлкен тенниске арналған   алаңдар,  спортпен шұғылдануға арналған аймақтар мен жаздық кафе орналасуға тиіс болған. Балаларға арналған аттракциондар қою, шағын сәулет формаларын орнату, велосипедпен серуендейтін жолақтар жабдықтау ойластырылған.  Алайда солардың бірде-бірі жұмыс істеп тұрған жоқ. Мұда келген жан саябақ деген атаудың аты мен заты бір-біріне сай еместігіне бірден көз жеткізеді.  

Ақшидегі Тәуелсіздік саябағының қазіргі жағдайын суреттерден көріп, бейнебаяннан байқасаңыздар, журналистің жанайқайын өздеріңіз де түсінерсіздер және «жаны ашымастың, басы ауырмас» деген сөздің шындығына құлдық ұрып,   жауапты тұлғалардың жауапсыздығы мен жаны ашымастығына қынжыларыңыз анық. 

Қайсар Алтай, Жетісу облысы.