Жуырда Қазақстан Президенті Архиві мемлекеттік архив қызметкерлері, архив ісінің болашақ мамандарының арасында волейболдан турнир өткізді. Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, архив мекемелері арасындағы серіктестік байланыстарды күшейту, архившілерді дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту.
Турнирге ҚР Президенті Архивінің «Қыран», Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің WAKANDA, Жетісу облысының мемлекеттік архивінің «Жетісу», Алматы облысының мемлекеттік архивінің «Архив тарландары», Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің «Әулиеата», Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің «Самұрық», Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Тұлпар» командалары және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның Тарих, археология және этнология факультетінің студенттерінен құралған «Тарих» командасы қатысып, өзара бақ сынасты.
Шараның ашылу салтанатында ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде турнир ҚР «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының 25 жылдығына орай «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» архивтік марафонының аясында ұйымдастырылғанын атап өтті. Архившілер арасында өткен бұл жарыста әрбір команда тыңғылықты дайындықпен келгені байқалды, себебі көрермендер мен ұйымдастырушылар ойын барысында қатысушыларға ерекше тәнті болды.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Қыран», 2-орынды WAKANDA, 3-орынды «Самұрық» командасы иеленді. Жүлделі орындарға ие болған командаларға кубок пен бағалы сыйлықтар табысталды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» атағын «Жетісу» командасының ойыншысы Айжан Әбілғалимова мен WAKANDA командасының ойыншысы Бауыржан Байбеисов жеңіп алды.