«AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалы бастауыш партия ұйымы мүшелері «Кедергісіз келешек» жобасы аясында теміржолшылар отбасында болып, қолдау көрсетті.
Теміржолшылар отбасында дүниеге келген Кенжебек Рахметәлиев 2013 жылға дейін дистанцияның Төретам телімінде электромонтер болып жұмыс істеген. Тағдыр жазуымен сол 2013 жылы электр желілерінің ток күшінің жоғалу ақауын жөндеп жатқанда жұмыс кезінде екі қолынан жарақат алып, денсаулығына байланысты зейнеткер атанды.
Теміржолшы зейнеткер тағдырдың тауқыметін тартса да еш мойымады. Әріптестерінің қолдауымен және бапкері Өміржанның ықпалымен спортқа ден қойып, таеквондомен шұғылданды. Нәтижесінде, елімізде өткізілген түрлі республикалық спорт бәсекелерінде топ жарып, паратаэквондо шебері атанды.
Дүниежүзілік Еңбекті қорғау күніне орай «Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясы» бастауыш партия ұйымы мүшелері, аталмыш мекеменің кәсіподақ төрағасы Дарханбек Мақсатов, өндірістік оқыту шебері Жанболат Бекетовпен бірге паратаэквондошы Кенжебек Рахметәлиевтің хал-жағдайымен танысып, азық-түлік себеті мен қаржылай қолдау көрсетті.
Паратаэквондо шебері, зейнеткер теміржолшы Кенжебек Рахметәлиев әріптестерінің қолдауына алғысын білдірді.