Үшауысымды мектептен қашан құтыламыз?
Үшауысымды мектептен қашан құтыламыз?
323
оқылды
Жетісу жерінде құры­лыс қарқынды. Жыл сайын жүздеген отбасы пәтерлі бо­лып, мәдени-әлеумет­тік нысандар да көптеп салынуда. Дегенмен Ал­маты облысындағы басты мәселелердің қатарында білім саласындағы үшауы­сымды және апатты мек­тептерден біржола құтылу бар. Әр жылы осы бағытта қо­мақты қаржы қарастырылып, бірнеше мектептің құрылысы жүргізілгенімен, осыдан оншақ­ты жыл бұрын айтылған үшауы­сымды білім ошақтарына қатыс­ты күрделі жағдайдың күрмеуі әлі күнге толық тарқаған жоқ. Бұл мәселе бірінші кезекте об­лыстың Алматы қаласы маңында орналасқан аудандарында ас­қынып тұр. Мамандар мұның себебінің бірі ретінде еліміздегі шалғай ауылдардан жаппай қоныс аударушылардың басым бөлігінің тірлігіне тіректі Алматы сияқты алып мегаполистен іздейтінімен және нәпақа табу үшін қала маңын паналауға мәж­бүр болатынымен түсіндіреді. Оңтүстік астана маңындағы ауылдар арасы соңғы жылдары бір-бірімен қосылуға жақын­дағанын, бір кездегі саяжай­лар­дың тұрақты елді мекенге айнал­ғанын өзіміз де көріп жүрміз. Сонымен бірге Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл ау­дандарында ауылдардың іргесін кеңейтіп, үйлер салуға рұқсат еткенде, сонда тұратын адамдар­дың балалары баратын мектеп­тер, адамдары емделетін денсау­лық сақтау мекемелері және тағы да басқа мәдени-әлеуметтік мекемелер салуға арналатын жер телімдерін ойластырмауы мен жобаланбауы да қиындық ту­ғызады. Күні кеше аймақты да­мытуға бағытталған инфрақұ­рылымдық жобалармен таныс­қан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осы мәселе­лерге баса назар аударып, бір­қатар жобаларға қатысты сын-ескертпелерін айтты. Құрылыстың қарқыны жақ­сы болғанымен шешімін күткен тұстар да жетерлік. Әсіресе, білім саласы баса назар аударуды қажетсінеді. Былтыр осы салада 7,9 млрд теңге жұмсалып, пай­далануға берілген 23 нысанның 17-сі – мектеп. Бір облыста бір жылда 17 мектеп тұрғызу жаман дерек емес. Соған қарамастан республикалық жиындарда Алматы облысы үшауысымды мектеп мәселесін шеше алмай отырған аймақтар қатарында тұрақты аталады. Биылға жос­пар­ланған 20 нысанның ішінде тағы 13 мектеп бар. Алайда олар да күрделі проблемаға нүкте қоя алмайды.

– Қазіргі басты міндеттердің бірі әрі бірегейі – үшауысымды мектептерден құтылу. Сон­дық­тан биылғы жобаға енгізілген мек­теп санын көбейтіңдер. Мүм­кіндік болып жатса, жеке­меншік секторды да ортақ іске қол ұшын беруге тартыңдар. Бұл бағыттағы жұмыстар тыңғы­­лықты атқарылуы тиіс, – деп, сала­ға жауапты мамандарға жобалар­ды үстінен қайта қарап, пысықтап шығуды тапсырды облыс басшысы.

Дәл қазіргі кезде облыстағы 38 үшауысымды мектепте ба­лалар қысылып-қымтырылып білім алуда. Соған қарағанда, жоғарыда айтылған, биыл са­лынатын 13 мектеп те білім оша­ғының жетіспеушілігін бір ың­ғайлы ете алмайды. Талдықорған қаласының да іргесі кеңейіп, қанаты жайыла түскен. Жаңа шағынаудандарда, коттеджді қалашықта тіршілік қызу. Соған сай биыл Талды­қор­ған қаласының 8 шағын ауда­нында 1 200 орынды және кот­тедж қалашығында 900 орынды мектеп құрылысы қолға алын­бақ. Қасындағы қала басшы­сы­нан білім ошақтарының құ­ры­лысы қашан басталатындығын сұраған Амандық Ғаббасұлы қанағаттанарлық жауап ала алмады. – Жобалау жайын айтып ақ­талма. Биыл бастауға тиіссіңдер. Жұмысың әлі нашар. Қалаға қатыстының барлығын білуің қажет. Тыныштыққа әбден үй­реніп алғансың. Оның барлығын доғар, – деп қала әкіміне ескерту берген облыс басшысы тап­сыр­малардың орындалуын қатаң қадағалайтынын есіне салды. Жобаланған білім нысан­дарының сырт келбеті мен сыз­басы да әкім көңілінен шықпады. Кейбір білім ошақтарына жа­ңа­лық енгіземіз дегендер тым ар­тық кетсе, енді бір мекте­птер – тым қарабайыр. Жатақханаға қатысты жобаларға да назар аударып, материалдардың сапа­сын назарда ұстауды жүктеді. Биыл Талдықорған қаласында 4 жалдамалы баспана мен 31 кот­тедж, 2 несиеге берілетін үй құ­рылысын бастау жоспарланыпты. Жылдар бойы жұртты алаңдатқан «Қызылтас» саяжайы аума­ғындағы екі көпір тұрғызылатын болды. Талдықорған қаласын­дағы жолаушылар тасымалын реттеу мақсатында бірінші жар­тыжылдықта 36 жаңа автобус жолға шығады екен.   Болат АБАҒАН,                                                                                                                                                      Алматы облысы