Қазылар алқасы спектакльдің қойылым деңгейін және ЕҰУ студенттерінің актерлік шеберлігін жоғары бағалады.
Қазақстандық студенттер театры Испанияда фестивальда І орын иеленді
1,309
оқылды

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Шаңырақ» студенттік театры халықаралық «Sea. Sun. Festival»  фестивалінде «Драмалық театр» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Қазақстандық жастар еуропалық көрермендерге режиссер Қуандық Қасымовтың «Қыз Жібек» саунд-драмасының қойылымын қазақ тілінде ұсынды. 

Халықаралық фестиваль 29 сәуірде Испанияның Льорет-де-Мар қаласында басталды. Онда «Театр» аталымы бойынша 7 мемлекеттен 9 театр ұжымы өнер көрсетті. Қазылар алқасы спектакльдің  қойылым деңгейін және ЕҰУ студенттерінің актерлік шеберлігін жоғары бағалады.

Айта кетейік, Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» студенттік театры 2011 жылы құрылған. Шығармашылық ұжымда 50-ден астам жас талантты әртіс өнер көрсетеді. Олар көптеген халықаралық байқауларда бірнеше мәрте топ жарған. 

«Шаңырақ» – драматург Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» қойылымын  ағылшын тілінде сахналаған еліміздегі алғашқы студенттік театр. Олардың репертуарында – К.Жүнісовтың «Ғашықтар тарихы» комедиясы, Қ.Қасымовтың «Тамаша айым тамызым»  монодрамасы, А.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы, С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер», «Махаббат қызық мол жылдар», «Желсіз түнде жарық ай», «Ғасыр дерті»  секілді басқа да қойылымдар бар.