«Адамдар жезөкшелік пен ойнасты шатастырып отыр» – Омар Жәлелұлы

Омар Жәлелұлын халық «Харекет» кітабы арқылы жақсы таниды.

Қазаққа Абай мен Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің ойларын жеткізіп жүрген ғалым былтыр алқа би болып сайланды. Ал жақында филология ғылымдарының кандидаты сюцай ілімі жайлы жазба жариялап жүр. Осыған орай, Омар Жәлелұлына хабарластық.

Соңғы кезде әлеуметтік желідегі жазбаларыңызды «Ұстаздың дәрісінен..» деп бастап жүрсіз. Сонда ұстазыңыз кім?

– Ұстазым – Жанат Қожамжаров. Ол Ресейде ұзақ жүрген. Мәскеуде 3-4 жыл дәріс оқыған. Сонда ол кісі: «Мәскеуде жүргенде, елді сағынғанда сенің You Tube-тегі дәрістеріңді тыңдайтынмын. Әннен Мақпал Жүнісованы тыңдайтынмын» дейді. Сөйтіп, ол кісі барлық шәкіртіне «Омарды тыңдаңдар» деп айтады екен. Өйткені менің әңгімелерім үзілмей келе жатқан ескі қазақтың әңгімелері. Шетелде жүрген адам елін аңсайды ғой. Бірде мені Жанат Қожамжаров форумға шақырды. Сол жиында баяндама жасадым. Кейін бәйбішем екеумізді Қырғыз Республикасына шақырды. Сол кезде бұл ілімнің не екенін түсіндім. Бұл – қазақтың өз ілімі. Адамның санасын ашатын ілім. Қазақ «Сюцай» деген атынан шошиды. Ол кісі «Бұл атты әдейі қойдым. «Ізгілік ілімі» десем жұрттың бәрі бұл ілімді қолдар еді дейді. Ал «Сюцай» деген сөз тек қорқынышын жеңген адамдарды  іріктейді. Өйткені көп адам қорқынышпен өмір сүреді. Мен ұстазға: «Бұл атты өзгертейік. «Игілік ілімі» деп қояйық» деп айтқанмын. Бірақ ұстаз: «Қазір қазақтар қорқыныш әлемінде өмір сүреді. Біз отаршылдықтан шықтық. Бұл аттың өз жасырын сыры бар» дейді. Бұл ілімді Жанат Қожамжаровқа Қытайдан Бақыт ұстаз табыстапты.

– Ал сіз айтып жүрген қазақтың ілімі қайда қалады? Әлде екеуі бір ұғым ба?

– Иә, екеуі де қазақтың ілімі. Тек Жанат ұстаздың ілімінде жүйе бар. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Алты мақұлық бірге туады» дейді. Жерде адам туғанда, аспанда жұлдыз туады, бір шайтан, бір пері, бір періште, бір жын туады. Алтауы бір мезгілде дүниеге келеді. Әр адамның жұлдызы әртүрлі. Бір ана мен бір әкеден туған балалардың әртүрлі болуының себебі де сол.

– Сюцай ілімі Аллаға серік қосу емес пе?

– Алланың жаратқан дүниесі Аллаға серік бола алмайды. Жұлдыз да Алланың жаратқаны. Ақылға салсаңыз, ол қалай Аллаға серік бола алады. Қазақ ежелден «жұлдызым қарсы», «айы оңынан, жұлдызы солынан туды», «жұлдызды сәті», «жұлдызы жарқырап көрінді» деп айтып жатады. Сонда жұлдыз ілімі бұрыннан қазақта бар. Қазақта жұлдызға қарап есеп айыратын есепшілер болған. Жер сілкінісін, табиғи апаттардың бәрін сол есепшілер біліп отырған. Біз отаршылдық кезеңінде осының бәрін ұмыттық. Төл дүниемізден айырылдық. Халықты құл қылу үшін оны төл дүниетанымынан айырады. Дәл солай біз де отарлаушы басқа халықтың дүниетанымын қабылдадық. Жанат ұстаздың «бұрын біз іліммен өмір сүргенбіз. Қазір моральмен өмір сүреміз» деп айтып отырғаны осы.

Оқырманыңыздың көбі сіздің пікіріңізбен келіспей жатыр. Сонда біздің қоғам моральдан шыға алмай жүр ме?

– Мораль дегеніміз – адамға ыңғайлы нәрсе. Мораль дегеніміз – адамның қалыптасып қалған наным-сенімі. Сол наным-сенімге қайшы келген затқа адам келіспей, айыптай бастайды. Акутагава Рюноскэ: «Мораль - ыңғайлылықтың басқаша атауы. Ол «солтарапты қозғалыспен» ұқсас. Моральдың сыйлайтын игілігі - уақыт пен еңбекті үнемдейді. Моральдың тигізетін зияны - ар-ұжданнан жұрдай қылады.

Моральды ойсыз терістейтіндер экономикадан хабары жоқтар. Ал оның алдында ойсыз бас иетіндер не қорқақтар, не сандалып бос жүргендер. Күштілер моральды табанының астына салады. Әлсіздерді мораль әлдилейді. Ал моральдың астында жаншылғандар әдетте күштілер мен әлсіздердің ортасын ұстанады. Мораль – әдетте, тозығы жеткен көйлек» дейді.

Моральмен өмір сүрген оңай деп ойланбайсың. Мысалы, бір адамның әкесі аштан өлейін деп жатса, мораль «ұрлама» дейді. Ал бала ұрлыққа бармаса, әкесі аштан өледі. Ал бір тауықты ұрлап, әкесіне сорпа жасап берсе, әкесі өлімнен аман қалады. Неге? Өйткені ол баланың ар-ұяты бар. «Ұрлама» деген моральға сүйеніп, әкесін өлтіріп алса, өмір бойы ар-ұяты мазалайды. Ал қазіргі қоғам мораль мен ар-ұятты ажырата алмай жүр. Моральда ар-ұят жоқ. Тек қағидалар бар. «Ұрлама, өтірік айтпа, ойнас жасама» деген.

«Отаршылдық қазақтың рухын сындырды. Иесінен айырды. Ендігі қазақ рухпен емес, моральмен өмір сүретін болды. Менің арманым – әрбір қазаққа рухын, иесін қайтару» депті ұстазыңыз. Сонда рух пен ие дегеніміз не?

Ие деген – рух. Ал рух дегеніміз ақыл. Сонда бұл екеуі қазақта бір ұғым. Қазақ «басшыға ерген ел азбайды, ақылға ерген дене азбайды» дейді. Адам неге ауырады? Ақыл тастап кеткен кезде ауырады. Ақыл мен рух бір нәрсе. Ақылды адамның рухы күшті болады. Ал рухты адам ақылды болады. Ақыл, рух тастап кеткен кезде иесіз қалған денені ауру бас салады. Адамның ақылы кетіп қалған кезде адамның энергиясы азайып кетеді. Энергиясы аз адам ешқашан жазылмайды. Мысалы, коронавирус инфекциясы кезінде ақылы азайған, рухы шошып қалған адамдар бірден бақилық болды. Ақылды азайтатын үрей. Адам қатерлі ісіктен өлмейді, қатерлі ісікке шалдықтың деген ақпараттан өледі дейді. Неге? Өйткені оларда қорқыныш пайда болды. Қорқыныш болған кезде денені ақыл тастап кетеді.  

Сонда сіз бұрыннан айтатын адамның «мені» рух пен нәпсіден тұра ма?

Бізде екі «мен» бар. Біреуі нәпсінің менменшілдігі, екіншісі «шын» мен. Біз нәпсінің зынданында жатқан «шын» менге жете алмай жүрміз. Қазір неше түрлі ой айтылып жатыр. Мұның барлығы трансформация. Адамды күйзеліске ұшырату арқылы оның ескі наным-сенімдерін қирату. Танымал журналист Бейсен Құранбек соңғы жазбасында «Таңертең төсегіңнен еш жерің ауырмай тұрудың өзі бақыт екен ғой» деп жазды. Осы түсінікке жету үшін барлығымыз жаман ауруға шалдығуымыз керек пе? Түсінікке жетудің басқа жолы жоқ па? Сонда Бейсен адамдарға жақсылықпен трансформация жасап жатыр. Түсінікке жетудің жолдарын көрсетіп жатыр. Мораль тек қана біледі, бірақ түсінбейді. Ал түсінік ілімде. Ілім ананың сүтімен, әкенің қанымен келеді. Бұрынғы қазақ іліммен өмір сүрген. Айтқызбай-ақ ыммен түсінісіп отырған. Қазіргі қазақ ымды да, дымды да білмейді. Себебі қазақта қазір ілім жоқ. Моральмен өмір сүреді. Мораль дегеніміз – адамның есейгенде алатын білімі. Білім нәпсіде ғана тұрады. Ал ілім адамның жан жүрегінде, қанында, алпыс екі тамырында тұрады.

– Сюцай ілімінің өзегі неде? Ілім тарату қазақ қоғамындағы рухани бірегейлікті талқандамай ма?

– Бұл ілім негізін раджа йогадан алған. Раджа йога – ақыл-ой тәртібі. Абай «Мұсылманға  бірінші мұсылман хакімдерін, сосын басқа діннің хакімдерін оқу керек» дейді. Ал басқа діннің хакімдерінде Алланы мойындамайтындары да бар. Олар бізге дін ұстазымыз бола алмайды. Дегенмен де оларды оқу керек дейді. Өйткені хакімдер халыққа пайдалы адамдар. Олар осы өмірде адамдардың бақытты болғанын қалайды. Сонда сюцайдың негізінде раджа йога деген халім жатыр. Одан кейін өзіміздің қазақтың бұрынғы түсінік ілім жатыр. Сопылық ілім де бар. Мұнда көп бастау бар. Бұл ғылым әлемде басқа еш жерде жоқ. Негізін қалаған Жанат Қожамжаров. Ал рухта бірегейлік болмайды. Рухта бірегейлік болса бізді тоталитаризмге алып барады. Конфуций: «Адам бірлікке әртүрлі ойлау арқылы келген кезде ғана қоғамда берекет орнайды» дейді. Бұл ілімді түсіну үшін оны оқу керек. Құлақпен естіген қанық, көзбен көрген анық болады.

Көп мақалдан мысалдар келтіріпсіз. Сонда «Ұрлық қыл да мал тап, ойнас қыл да ұл тап» дейсіз. Абайдың өзі «Мақалдың естісі бар, ескісі бар» деп айтып кеткен ғой. Мұндай мақал тарату қоғамдағы кейбір адамдардың теріс әрекетін ақтап алмай ма?

Біріншіден бұл сөзді мен шығарған жоқпын. Оны қазақ шығарған. Оны жеткізіп отырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз. Біздің адамдар жезөкшелік пен ойнасты шатастырып отыр. Екеуі екі түрлі. Жезөкшелік әйелдердің тәнін сатуы. Күнкөріс үшін. Ал ойнас қылудың арғы жағында, мақалда айтылғандай, сапалы ұл туу мәселесі жатыр. Сапалы адамға, елге тұлға болатын ұлға деген зәрулік қоғамның қажеттілігінен пайда болған. Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында қазақтың бетке ұстар болыстарының әкелері жаман болғаны жайлы айтылады ғой. Сол болыс мақтанып отырады екен: «өзім болдым, өзім толдым» деп. Сонда болыстың шешесі: «Сен керемет емес, мен кереметпін. Жаманнан жақсы бала туушы ма еді. Мен жақсы адаммен қосылып, үйір-шүйір болып сені тудым» дегенде бала үндемей отырып қалыпты. Мұны Мәшһүр Жүсіп жазған. Ал ойнас қылудың арғы жағында сапалы ұл туу мәселесі жатыр. Қоғамның қажеттілігінен пайда болған. «Ойнас қыл да ұл тап» мақалында, мәселе ойнаста емес, мәселе Ұл тууда болып тұр.

Халық «Харекетті» сүйіп оқыды. Қазір кітап жазып жүрсіз бе?

Иә, осы ілімдерді қорытып, тағы да жақсы кітап жазбақ ойым бар.

– Бірнеше жыл бұрын алқа би болып сайланғаныңызды білеміз. Қандай жұмыстар атқардыңыз?

– Би дегеннің не ақшасы, не қызметі жоқ. Қоғамдық жұмыс қой. Халықтың тілегі. Билердің негізгі жұмысы халық арасындағы келеңсіздікті сотқа жеткізбей шешу. Менің жұмысым, халықпен етене жұмыс істеп жатқан билердің деңгейін көтеру. Менімен бірге билер де ақырындап өсіп келе жатыр. Өйткені би іліммен өмір сүреді. Біліммен емес. Мораль бойынша түйе ұрлағанды да, тауық ұрлағанды да 8 жылға заң аясында соттайды. Ал ілім түсінік деңгейінде, ол адамның неге ұрлыққа барғанын тексереді. Жанат Қожамжаров: «ілімнен түсінік, түсініктен кешірім туады. Кешірім адамға өмір сүруге мүмкіндік береді» дейді. Ал біздің қоғамда қазір кешірім жоқ. Бірін-бірі талап жеуге дайын. Себебі түсінік жоқ. Мораль адамды өлтіріп жібереді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
К.ЕСІМ