Қостанайда вагоннан тауар ұрлаған теміржолшылар ұсталды
Қостанайда вагоннан тауар ұрлаған теміржолшылар ұсталды
© Сурет ғаламтордан
5,273
оқылды
Көліктегі полиция департаменті қызметкерлері жүк вагонынан құны 600 мың теңгеге жуық тауарды ұрлаған теміржол жұмысшыларын ұстады. Департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қостанай стансасындағы желілік полиция бөліміне жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестердің бірінің өкілі шағым түсірген. Оның айтуынша, «Қытай халық республикасы - Қостанай» бағытында келе жатқан жүк пойызы вагондарының бірінен бадам жаңғағын (миндаль) салынған 75 қорапты белгісіз біреулер ұрлап кеткен.
«Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бес ер адамды ұстады. Тексеру барысында күдіктілер Қарағанды облысының тұрғындары екені анықталған. Олардың бәрі теміржол ұйымының қызметкерлері болып шықты. Кәсіпкерге 590 759 теңге шығын келген. Жауап алу кезінде күдіктілер кінәларын мойындады», - делінген департаменттің ақпаратында.
Қазіргі уақытта айғақ заттары компанияға қайтарылды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.