Шағын несие бойынша өтінім берген 18 үміткердің бизнес-жобасы қаралып, оның 17-сі мақұлданған.
Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, жастар арасында кәсібін кеңейткісі келетіндердің қатары көп.
"Осыдан бір ай бұрын облыс әкімінің өкімімен құрылған комиссия құрамы 18 үміткердің құжатын қарап, әрқайсымен сұрақ-жауап алмасты. Нәтижесінде 17 адамның жобасына несие берілетін болды. Ал, бүгін тағы да өтінім берген 18 адамның жобасын тыңдадық. Бизнес-жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға бағытталған. Комиссия мүшелері ұсынылған жобалардың өзектілігін, дәлелділігін, экономикалық негізділігін, маңыздылығы мен өміршеңдігін ескере отырып, тиісті шешімдер қабылдайды, – деді А.Мәмбетов.
Шағын несиелер 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Жас кәсіпкерлер жылдық 2,5% номиналды сыйақы мөлшерлемесі бойынша өтеу мерзімі 5 жылға дейін аралықта 5 миллион теңгеге дейін кредит ала алады.
Еске сала кетейік, несие алуға өтініштер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облыстық филиалында қабылдануда.
Баян Жанұзақова