Әлуметтік желіде өзін құлдықта ұстап, қайыр сұрауға мәжбүрледі деген ер адам ұсталды

Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде видеода айтылған дәйектер расталмады

Алматы облыстық ПД әлеуметтік желідегі өзін құлдықта ұстап, қайыр сұрауға мәжбүрледі деген ер адамға қатысты видеоны тексеріп, ақпараттың рас-өтірігін анықтады.

Видеода бір аяғы жоқ балдақтағы адам белгісіз адамдар құжаттарын тартып алып, көшеде қайыр тілеуге мәжбүрлегенін айтады. Оның айтуынша, ол жертөледе тұрады, ал жинаған барлық қаражатты өзін құлдықта ұстайтын адамдарға береді.

Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының қызметкерлері мен прокуратура аталған факті бойынша арнайы тексеру жүргізді.

 
"Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде видеода айтылған дәйектер расталмады. Тексеру жұмыстары кезінде 1991 жылы туған азаматтың айтқандарына дәлел табылмағаны белгілі болды. Іс бойынша тергеудің толыққандылығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тексеру шаралары жалғасуда",– делінген хабарламада.
 
 
Ер адам көшедегі адамдарды алдағанын мойындап, видео жариялады.