Конференцияның алғашқы күнінде жергілікті Busan Ilbo тілшілері Ким Джун Юн мен Ли Сан Би қатысушыларға ерекше жобасын таныстырды. Олар Пусан қаласындағы Санбок тарихи көшесінің тұрғындарымен тілдесудің ерекше жолын ойлап тапқан.
Санбок көшесінің кейіпкерлері
510
оқылды

Пусан төбелерімен өтетін бұралмалы Санбок көшесі ұзақ уақыт бойы босқындарға баспана болды. Корей соғысы кезінде Солтүстік Кореядан келгендер ескі қаладан алыс, тау бөктерінде са­лынған уақытша шатырларда тұрды. Кейінірек, 1970-80 жылдардағы даму дәуірінде бұл үйшіктер ірі қалаға жұмыс істеуге ағылған зауыт жұмыс­шы­ларына да пана болды. Ал бүгінгі күні Санбок – Пусандағы танымал көшелердің бірі, ол жерден қала алақандағыдай әдемі көрінеді. Алайда көшенің қазіргі жағдайы мүшкіл. Бұл аймаққа бірді-екілі жолаушылар тасымалдайтын автобус кіреді. Пусан үшін қалыпты саналатын өркениет аталмыш ауданға жете қоймаған: ауызсу мен электр желісі атымен жоқ, краннан тот басқан су ағады. Ал тұрғындары көбіне қарт кісілер мен табысы төмен отбасылар. Сондықтан Санбок үнемі БАҚ өкіл­дерінің назарында және бұл көше туралы контент жасау жергілікті журналистер үшін әрдайым өзекті. Busan Ilbo газетінің тілшілері аталмыш ауданнан жасалатын әдеткі репортаждардың сценарийін бұзып, жергілікті халықпен тілдесуді мақсат тұтады. 

«Бұған дейін де Санбок көшесі туралы бірнеше репортаж жасап жүрдік. Ол жердегі тұрғындардың тағдырын баяндаудың түрлі жолын іздейтінбіз, алайда жергілікті әкімдіктің көмегімен һәм қа­далауымен жасалатын сұхбаттардан әрі аса алмадық. Өкінішке қарай, бұл аймақты жергілікті әкімдік қатаң бақылауда ұстайды. Өйткені мұндағы жұрттың тұрмыстық жағдайы, табыс көзі төмен. Журналистік билетіміз көрсетіп, арнайы рұқсат қағазын алып сұхбат құруды емес, кейіпкермен еш делдалсыз тікелей дидарласуды қаладық», – дейді тілші Ким Джун Юн.

Busan Ilbo тілшілеріне тың идея келеді. Олар жергілікті халыққа қажетті қызмет түрін ұсынып, оны өздері басқармаққа бекінеді. 

«Тұрғындармен тікелей тілдесу үшін алдымен бұл ауданға жерсіну қажеттігін түсіндік. Зерттей келе, Санбокта кір жуатын орындар тапшы екенін білдік. Ертеректе Санбок көшесінен репортаж жасаған уақытта егде әйелдердің қыстың күні суық сумен кір жуып жатқан сәттері есіме түсті. Мұндағы қарттар мен табысы төмен халық кір-қоңын қолмен жуады, өйткені бас-басына кір машина сатып алатын жағдай әрі су тартатын мүмкіндік жоқ. Кір жуатын орын ашудың тұрғындарға пайдалы болатынын анық түсіндік. Газет редакциясын екі кір жуатын және екі кір кептіретін машина сатып алуға көндірдік, шамамен 20 миллион вон (6,8 миллион теңге) шығындадық. Сөйтіп, 2022 жылдың мамырында Санбок көшесінде Хочхон ауылындағы қараусыз қалған бір үйден өз-өзіне қызмет көрсететін кір жуатын орын аштық. Бар-жоғы 10 шаршы метр болатын ескі үйді бір ай бойы жөндеуден өткізіп, түрлі түсті бояумен әрледік. Ашылған бойда халық белсенді келе бастады», – дейді тілші Ли Сан Би. 

Жергілікті халық бұл орынға келіп, тегін кір-қоңын жуа алады, бір ғана өтініш – кір жуылып біткенше Санбок тұрғыны өзінің өмірі, отбасы, кәсібі туралы баяндап беруі керек. Журналистер кейіпкерлермен болған сұхбатты Busan Ilbo сайты мен Sanbok Laundromat деп аталатын Youtube арнасына жариялап отырады. 

«Әр сейсенбі сайын газетке, сайтқа және Youtube арнасына Санбок тұрғындарының хикаясын жа­риялап отырдық. Алғашқы жарты жылда оқыр­мандардан, әріптестерімізден көптеген ыстық ілтипат алдық. Журналистер қауымы жергілікті ме­дианың көкжиегін аша алған креатив жоба деген баға берді. Бұл жоба жергілікті әкімшіліктің түрлі кедергілеріне қарамастан, кішкентай ауыл халқы­ның үлкен проблемасын айтуға болатынын көрсет­ті. Сондықтан оқырман арасында кең танылып, жақ­сы қолдауға ие болды. Қазір де Сонбок кө­ше­сінің кейіпкерлерінің оқиғасы сайтта жақсы оқы­лып, Youtube арнасында көп қаралым жинай­ды», – деді Ким Джун Юн.