Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бүкілармиялық кеңес өтті. Алдымен Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына әскери қыз­мет­шілердің бірыңғай киім үлгісі таныстырылды.
Қуатты армия – сенімді тірек
1,027
оқылды

Бұдан соң Президент Қарулы Күш­теріміз мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, туған елдің тәуелсіздігін және бей­біт өмірін қорғау қасиетті парыз екенін атап өтті.

– Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қас­терлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – бас­ты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұр­пақ­қа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қо­ғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мем­лекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз де­сек, ең алдымен бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгінде заманның күнде құбылып жат­қанына және әлемде жаппай қарулану белең ал­ғанына назар аударды. Қазіргі күрделі кезеңде Ар­мияның рөлі күшейе түсті. Әскер егемендігімізді қор­ғауға әрдайым дайын болуы қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық тех­но­логиямен жабдықталуы басты факторға айналды. Әс­кердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәти­жесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады. Оның айтуын­ша, қазір арнайы операциялар күштерінің қол­басшылығы құрылды. Сондай-ақ десанттық-шабуыл­даушы әскердің қарым-қабілетін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Аумақтық қорғаныстың әлеуеті күшейтілуде. Аза­маттық қорғаныс бөлімшелері құрылып жатыр. Арнайы жасақ бөлімдерін дамыту ісі тың қарқынмен жалғасуда. Осы жұмыстың бәрін уақытылы аяқтау ке­рек. Олар біртіндеп қажетті жабдықтармен қам­та­масыз етілуге тиіс. Мемлекеттік органдардың ты­ғыз қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Сонда ға­на біз кез келген қауіп-қатерге төтеп бере аламыз. Қуат­ты армия – тұрақтылық пен тыныштықтың ке­пілі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев армияны тех­нологиялық тұрғыда жаңғырту жұмысы жалғасатынын атап өтті. Оның пайы­мынша, жаңа үлгідегі қару-жарақтың және техниканың, әсіресе дәлдігі жоғары қарулардың, ұшқышсыз басқарылатын техника мен роботты кешендердің үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ әскеріміз ұт­қыр болу үшін тасымалдаушы ұшақтар­дың және ұрыс көліктерінің санын кө­бейт­кен жөн деп есептейді. Ол үшін ақ­параттық жүйелер мен озық техно­логия­ны енгізу – маңызды міндет. Шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және жауынгерлік бөлімше­лердің әлеуетін арттыруға ерекше назар аудару керек. Бұл әскерді пайдалану тиімділігін айтарлық­тай жақсартады. Ар­миямызды толық­қанды қарулан­дыруда және жаңғыртуда отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады. Үкімет әскери өнімдер мен қызмет түрлерін кеңейту үшін барлық шараны қабылдауға тиіс. Тағы бір өзекті мәселе – зауыттардың және әскери бөлімдердің техниканы жөндеу мүм­кіндігін арттыру.

Президент жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіруді келесі бір мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ маңызды халықаралық тәжірибені жан-жақты зерт­теп, озық үлгілерін белсенді түрде қол­дануымыз керек екенін айтты. Сон­дай-ақ жиында әскери білім және ғылым жүйесін дамыту мәселесіне де баса мән берілді.

– Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман тала­бына сай бейімдеу қажет. Әскери ма­мандар даярлау үшін басқа да жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңінен пайдаланған жөн. Ректорлар студент­тер­дің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болуға тиіс. Әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға сүйенуі керек. Яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық беру қажет. Әскери оқу орын­дары қорғаныс саласындағы кәсіп­орындармен тығыз байланыс орнатуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әскери қызметтің беделін және жауынгер мәртебесін арттыру қажеттігіне тоқталып, әскери қызметшілердің әлеуметтік тұрғыдан қамтылу мәселесіне ерекше назар аударды.

– Ел тыныштығын қорғайтын әрбір жас маман өз қызметін мақтан етуі керек. Әскери қызметте болу үлкен абырой саналуға тиіс. Біз бұған қажетті барлық жағдайды жасаймыз. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты маман­дық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы ер­лігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар әскери қызметшіні марапаттады.