Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданында тұратын соғыс ардагері Сәрсенбек Байжановқа автокөлік тарту етілді.
Әкім 100 жастағы соғыс ардагеріне автокөлік табыстады
3,435
оқылды

Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданында тұратын соғыс ардагері Сәрсенбек Байжановқа автокөлік тарту етілді. Ғасыр жасаған ардагердің үйіне арнайы құттықтап барған  облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев темір тұлпардың кілтін өз қолымен табыстады.

Сәрсенбек Байжанов 1923 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Соғыс жылдары Сталинградтың Солтүстік  батысындағы Магеллан қаласында  шайқасқан. Сол жолы көзінен, қолынан, аяғынан жарақат алып, бір жылдай госпитальда емделген. Соңында екінші топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралады. Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Германияны жеңгені үшін» ордендерімен және Ұлы Отан соғысының 50, 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік медальдарымен  марапатталған. Жұбайы Жәмила Сейітжанқызымен бірге 5 ұл, 6 қыз, 40 немере, 65 шөбере және 3 шөпшек тәрбиелеп өсірген.

 

 

«Қазақта «қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» дейді. Биыл сіздің 100 жасқа толуыңызбен қатар Ұлы Жеңістің 78 жылдығын да тойлаудамыз. 9 мамырды Ұлы Жеңіс мерекесі десек те, оған жететін жолдың қаншалықты  ауыр болғанын бүгінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанын қиған боздақтарымызды біз мәңгі есте сақтаймыз. Майдан даласында Отан үшін кеудені оққа тосқан ерліктеріңіз бен қайсарлықтарыңыз үшін бас иіп, алғыс білдіреміз», – деді облыс әкімі.

Ғасыр куәгері Сәрсенбек Байжанұлы береке-бірлік бар жерде ғана істің алға басатынын айтып, ақ батасын берді.

Айта кетейік, бүгінде облыста 6 Ұлы Отан соғысының ардагері бар.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы