«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев соғыс ардагері Рзағұл Байкешевтің шаңырағына барып, 99 жастағы қарияны Ұлы жеңіс мерекесімен құттықтады.
«Көңіл көңілден су ішеді». Өздеріңдей азаматтарды көрген сайын ұмытпаған екен ғой деп қуанып қаламын. Осылай ұмытпай, хал сұрасып келіп тұрыңдар. Қайда жүрсеңдер де аман жүріңдер. Жортқанда жолдарың болсын. Сендердің тілектеріңді тілеп отырамын. Құдай қуат берсе биыл 18 қазанда 100 жасқа толамын. Сонда жүздесуге жазсын», – деп ақсақал ақ тілегін білдірді.
Өз кезегінде, партияның Атқарушы хатшысы аманаттықтар әрқашан ардагерлер қауымына айрықша құрметпен қарайтынын атап өтіп, ыстық ықыласын білдірді.
«Бүгінгі ашық аспан, бейбіт өміріміз үшін ардагерлеріміздің алдында мәңгі қарыздармыз. Сіздердің ерен ерліктеріңізді келер ұрпақ ешқашан ұмытпайды. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді халқымыз. Өзіңіздей өр тұлғаларға қарап бой түзейміз. «AMANAT» партиясы аға буынды ардақтау, құрмет көрсету ісіне әрдайым жіті мән береді. Деніңізге саулық, елімізге амандық тілеймін», – деді Елнұр Бейсенбаев.
Ғасыр жасаған ақсақал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Калинин облысында, Рыжов қаласында және Великий Луг қаласында майдан кешті. Сонымен қатар, Польша, Румыния және Мажарстан мемлекеттерін азат етуге атсалысты.
Майдан даласынан аман-есен оралған соң Рождественка совхозында экспедитор болып жұмыс істеді. 1983 жылы зейнетке шықты. Екі ұл өсіріп, олардан бес немере мен жеті шөбере сүйді. «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Г. К. Жуков» медалімен және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталды.