16 қарашада елордада көпқабатты пәтерден өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер дереу қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті. Кенет отқа оранған пәтерде 3 адамның қалғаны туралы хабар түсті. Сол сәтте Асқар Забикуллин басын бәйгеге тігіп, тілсіз жаудың тұзағында қалғандарды аман алып шықты. Осы ауысымнан кейін ол асыға күткен еңбек демалысына шығуы керек еді. Бірақ бұл оның соңғы жұмыс күні болды.
Асқардың артында қос қызы қалды. Қазір олар балабақшаға барады. Әкесінің батыр екенін біледі, сезеді. Онымен мақтанады.
“Үлкен қызым 5 ай бойы білген жоқ. Осы жақында мен оған айттым. Әрине, оған да ауыр соқққы болды. 5 ай бойы папасы жұмыста деген үмітпен өмір сүрді. Келеді деп. Ол менен күнде сұрайтын, әкем қайда деп, мен әрең шыдайтынмын. Мақтанады. Қай жаққа барсақ та, қонақта да, магазинде де әркімге барып, сен менің әкемді білесің бе деп қатты мақтанады”, – дейді батырдың жары Әнел Забикулина.
Қазір Әнел 2 баласымен батырға берілген 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Асқар қоныс тойын отбасымен бірге тойлауды армандаған еді. Төсбелгі алып, қызметтің шыңына шығуды да қалаған. Өкінішке қарай, жеткен жетістігін көзі тірісінде өзі көре алмай кетті.
“Армандарымыз көп болды. Өзіміздің үйімізді армандайтынбыз. Қыздардың өсетінін. Кіші қызымыз қашан балабақшаға барады, соны ойлайтынбыз. Ұл армандайтын, хоккейге беремін, өзім сияқты хоккейші болады деп”, – деп жалғады әйелі.
№6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі енді Асқар Забикулиннің атымен аталады. Мұнда ол бастықтың орынбасары қызметін атқарып, құтқарушылардың дайындығына жауап берді. Әріптестерінің айтуынша, Асқар жанкешті болды. Басшылық қызметіне қарамастан үнемі қызыл жалынның ішіне өзі кіріп, адамдарды мүмкіндігінше жылдам құтқаруға асығатын. Сол үшін өмірін бірнеше рет қатерге де тікті.
“Асқар бауырымыз – өз ісіне адал, адамгершілігі мол, өз қызметін жақсы білетін адам. Ондай жағдай көп болған. Өйткені ол күнделікті өрт болады. Қаншама кісілерді құтқарған, қаншама пәтерлердегі материалдық құндылықтарға өз еңбегін сіңірген жігіт”, – дейді А. Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Әділхан Талдыбаев.
Асқар Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімі елдегі ең үздік бөлім атағын жеңіп алды. Мұнда 120 маман жұмыс істейді. Олар былтыр тілсіз жаудың тұзағынан 8 адамды құтқарды. Айтпақшы, бұл – ТМД аумағындағы өрт сөндірушінің есімі берілген жалғыз бөлім. Сондықтан мұндағы әр маман Асқардың атына дақ түсірмей, батыл һәм ержүрек болу керек екенін жақсы түсінеді.
Еске салайық, Астанада өрт шыққан көпқабатты үйлердің бірінен үш адамды құтқарып қалып, өзі ауыр жарақаттан есін жимастан ауруханада көз жұмған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігі бүкіл қазақстандықтарды тәнті етті.
Адамдарды өрт аузынан аман алып қалған Асқардың денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылған. Төрт күннен соң өрт сөндіруші есін жимастан көз жұмды.
22 қарашада Көкшетауда қаза асы өтіп, батыр өзінің туған жері – Үлгі ауылында жерленді.
Мемлекет басшысының атынан ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мен елорданың сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыстаған.