Астанада ардагерлердің құрметіне көшпелі концерт ұйымдастырылды.
Елордада ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтау іс-шарасы өтті
1,281
оқылды

Астана әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының үрмелі оркестрінің әртістері, сол сияқты елорда жастары «Red bus» экскурсиялық екі қабатты автобуспен қала көшелерімен аралап, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.

Ардагерлердің құрметіне көшпелі концерт ұйымдастырылды – қарт кісілердің үйіне арнайы барып, Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының үрмелі оркестрі әскери жылдары шырқалған әуендерді орындады. Әскери-патриоттық әуендерді жақын маңдағы үйлердің тұрғындары да бірге тамашалады.

«Ардагерлерді екінші күн қатарынан құттықтап жатырмыз. Кеше бес ардагерді, бүгін екі ардагерді ауласында құттықтадық. Менің ойымша, жастар қаһармандарымызды тірі кезінде білуі керек, оларға мүмкіндігінше көп көңіл бөлу керек. Олардың арқасында біз бейбіт аспан астында өмір сүріп жүрміз. Өскелең ұрпақ осындай іс-шараларға қуана қатысады», - деп атап өтті «Астана жастары» ЖРО» КММ өкілі Айсұлу Қайыр.

Бүгін, 9 мамырда жастар екі ардагер – Жақан Сейсебаев пен Владимир Дровосековті құттықтады. Ал бір күн бұрын Ырзағұл Байкешевті, Абрахман Сафаровты, Михаил Куликті, Василий Сердюковті және Раиса Сафоничеваны арнайы құттықтаған. Бұл іс-шара дәстүрлі түрде өтеді. Әртістер мен қала жастары жыл сайын ардагерлерді осылай құттықтайды.

«Биыл мен 98 жасқа толдым. Қазір 9 немерем, 19 шөберем бар. Сіздер, өскелең ұрпақ, бейбіт күнде мәңгілік өмір сүріңіздер! Мен үш соғысты бастан өткердім. Германияда, АҚШ-та, Кореяда және Жапонияда болған майданға қатыстым. 17 жасымда соғысқа барып, 23 жасымда еліме аман-есен оралдым», – деді ардагер Жақан Сейсебаев.

ҰОС ардагерлерінің үйінің алдында оркестр әскери-патриоттық әндер орындады. «День Победы», «Смуглянка», «Нам нужна одна победа» және басқа да танымал композициялар шырқалды. Бұл тек ардагерлер үшін ғана емес, елорданың барлық тұрғындары үшін мерекеге арналған сый болды.

«Шағын концертте Жеңістің символына айналған танымал туындылар орындалды: Давид Тухмановтың «День Победы», Болат Окуджаваның «Нам нужна одна победа», «Смуглянка», «Катюша» және т.б. Бұл туындыларды Жеңіс жолында, біздің бақытты өмір сүруіміз үшін қан майданды бастан өткерген ардагерлеріміз жақсы көреді. Осы оркестрде төрт жылдан бері жұмыс істеп келемін, ардагерлерді үнемі құттықтап тұрамыз, бұл игі дәстүрге айналды. Ардагерлерімізге тек мереке күндері ғана емес, жыл бойы қамқорлық жасағым келеді. Қаһармандарымызға зор алғыс білдіреміз», – деді үрмелі аспаптар оркестрінің әртісі Арслан Байкетаев.

Арнайы ұйымдастырылған концертте ардагерлеріміз әртүрлі көңіл-күйде болды. Бірі қалың ойға шомып кетті, ал Владимир Дровосеков сияқты ардагеріміз жастық шағын еске алып, музыканың әуеніне сай билей жөнелду.

«Сол жылдарғы әуендерді естігенде бойымды қуаныш сезімі билейді. Осы әндерді өзімнің де орындағаным есімде. Мені сахна төріне шығарып, жұрт алдында ән айтып, би билеуге мәжбүрлегені бар», - деп ардагеріміз сол бір сәтті қуанышпен еске алды.

Мерекені ұйымдастырушылар – Астана қаласының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, «Астана жастары» ЖРО» КММ және Мемлекеттік академиялық филармониясы.