Сыр өңірінде көзі тірі 6 соғыс, 2048 соғыс ардагеріне теңестірілген тыл ардагері бар.
«Ардагерлерді ардақтайық» Қызылордада қарт жауынгерлерге құрмет көрсетілді
916
оқылды

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында аға ұрпаққа қамқорлық көрсету - «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі. Соған орай «AMANAT" партиясы Қызылорда облыстық филиалы қалада  «Тағзым» алаңы маңындағы салтанатты шараға қатысып,  қаһарлы жылдардың қаһармандарына арнап гүл шоқтарын қойды. 

Жеңіс күні мерекесі және партияның жобасы аясындағы шара Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтаумен жалғасты. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова мен облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракция мүшесі Ержан Ескендер және партияның облыстық филиалы жанындағы «Jastar ruhy»ЖҚ төрағасы Медет Жорабек  облыс орталығындағы көзі тірі қарт жауынгерлер  Төлеген Жүнісов пен Әбдірахман Байтіковті мерекемен құттықтады.

Ғасыр ғұмырды еңсерген Төлеген Жүнісов  1923 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келген. Украинада 688 атқыштар полкінде ұрыста болған. 

Қарт жауынгер кездесуде отты жылдарды есіне алып, «бүгінгі ұрпақ бақытты өмір сүрсін. Енді қайтып, соғыс болмасын», - деген тілегін жеткізді.  

Ал майдангер Әбдірахман Байтіков биыл 99 жасқа келеді. Ол 1942 жылы Ашхабад қаласында командирлер дайындайтын курсқа оқуға түсіп, сол жерден майданға аттанған. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақаттанған. Ауыр жарақаттан 2-топ ммүгедктңгін алып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған. 

«9 мамыр – Отан қорғаудағы өшпес ерліктің, өлшеусіз даңқтың, еңселі елдіктің рухы. Сондықтан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің тарихи ерлігі үшін мақтаныш пен шынайы құрмет көрсететін мереке болып қала беретінін және оларға қолдау білдіру әрқашан «AMANAT» партиясының басты назарында болады», - деді партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.

Жалпы бүгінде Сыр өңірінде көзі тірі  6 соғыс, 2048 соғыс ардагеріне теңестірілген тыл ардагері бар. Ұлы Жеңісті жақындатқан көзі тірі майдангерлерге жан-жақты қолдаулар көрсетілуде.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда