Интернет пен телефон арқылы жасалатын қылмыс пен кибералаяқтық жыл санап артып келеді. Депутат Елнұр Бейсенбаев бүгінгі Мәжіліс отырысында осы мәселеге қатысты алаңдаушылық білдірді.
Мәжіліс депутаты аталған мәселе бойынша Бас прокурор Берік Асылов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымоваға сауал жолдады.
«Соңғы 5 жылда аталған қылмыс түрі бес есеге өскен: 2018 жылы 4 287 факт анықталса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, осындай 20 444 қылмыс тіркеліпті. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 4 687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23 пайызының ғана бетін ашыпты. Соңғы 3 жылда келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асып жығылды.
Екіншіден, халық арасында қазір онлайн несие алуға сұраныс күрт артқан. Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойнына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді. 2022 жылы банктен несие әперемін деген желеумен алаяқтар 3 022 адамды сан соқтырыпты, биылғы үш айда 475 факт тіркелді.
Үшіншіден, әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойнатып, аңғал адамдардың ақшасын сыпырып алатын алаяқтарға да тосқауыл болмай тұр. Мұны өздері ГИВ деп атайды», – деп нақтылады ол.
Кибералаяқтыққа қатысты түрлі оқиғалар еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Елнұр Сабыржанұлы да «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына осы мәселе бойынша жиі шағым түсетінін атап өтті.
Осы мәселемен күресті нығайту үшін депутат мынадай бірнеше ұсыныс білдірді:
Біріншіден, азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізу;
Екіншіден, елімізде заңсыз лотереялардың, қаржы пирамидалары мен өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күрес қалай жүргізілетінін түсіндіру;
Үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау.