Қабылдауға келген азаматтардың қатарында аудандық мәслихаттың депутаттары, белсенді азаматтар болды.
Қоғамдық қабылдау: Астана іргесіндегі елді мекендер халқы аурухана салынуын талап етті
952
оқылды

«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Кездесуде Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының тұрғындарын толғандырған түйінді мәселелер талқыланды.

Қабылдауға келген азаматтардың қатарында аудандық мәслихаттың депутаттары, белсенді азаматтар болды. Сонымен қатар, құзырлы органдардың өкілдері жиынға онлайн режимде қатысты.

 «Елімізде ауруханасы жоқ жалғыз аудан – Целиноград. Әзірге стационарлық емхананы ғана қанағат тұтып отырмыз. Тұрғындарға шамемен 250 төсек-орындық аурухана қажет. Аудан әкімдігі оған арнап 7 гектар жер бөлді. Алайда аурухана тұрғызу жұмысы осы жер бөлумен ғана шектеліп қалды», – деді Целиноград ауданының мәслихат депутаты Динара Әбдірахманова.

Сонымен қатар, халық қалаулысы ауруханадан бөлек, мәйітхана салу, сот-медициналық сараптама жүргізетін орын ашу жұмысы да кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өтті.

«Целиноград ауданына қарасты ауылдың бірі – Қараөткел. Елорданың  іргесінде орналасқан ауыл тұрғындары Астанадағы №12 емханаға бекітілген еді. Алайда бір жарым жылдан бері ауылдағы мектеп медицинасының мәселесі шешілмей келеді. Яғни, оқушылар біз айтып өткен емханаға бекітілген жоқ. Соның салдарынан, 1430 балаға жоспарлы екпе егілмей жатыр», – деп дабыл қақты депутат.