Шымкентте 18 құрылыс компаниясы тиісті құжатсыз жылжымайтын мүлікті сатпақ болған. Шымкент қаласындағы ақпараттық ком­муни­кациялық орталықта өткен жиында шенеуніктер қала тұрғындарын мұндай ұсыныстардан аулақ болуға шақырады.
Үлескерлер сан соғып қала жаздады
1,084
оқылды

Спикерлер тұрғындарға пәтер сатып алмас бұрын сатушының барлық рұқ­сат құжаты бар екеніне көз жеткізу керектігін айтады. Қазірдің өзінде қалада заңсыз жұмыс істеп жүрген 20-ға жуық компания әкімшілік жауап­кершілікке тартылған.

Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұржан Төребаев прокуратура қызметкерлері үлескерлердің құқын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарып келе жатқанын атап өтті.  Сонымен қатар заң талаптарына сай үлескерлікке қатысу үш түрлі жолмен жүзеге асырылатынын жеткізді. Оның  біріншісі – тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорынан кепілдік алу, екіншісі  – екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу және үшінші – тұрғын үйдің іргетасы қалана бастағаннан  жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен жүзеге асады. Әрбір тұрғын үлескер боларда заң талаптарына жете мән беру керек. 

Прокуратура органдары үлескерлердің құқының бұзылып жатқанын түрлі тәсілдерді қолдану арқылы анықтапты. 

2021 және 2022 жылдары krisha.kz сайтына жүр­гізілген талдау кезінде заң бұзушылықтар белгілі болған.  Үлескерлерден ақшалай қаражатты заңсыз алғаны үшін әр компанияға 300 АЕК көлемінде айыппұл салыныпты. Заңгерлер азаматтарды рұқсаты бар компаниялардан ғана үй алу керектігін ескертеді. Бұл тұрғыда мұндай құқықбұзушылықтарды болдырмау, оны жою  мақ­сатын­да Шымкент қаласының әкімдігіне деректерді жою үшін прокурорлық акті енгізген. 

Брифингте қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің мамандары заңсыз әрекетке барған кәсіпкерлер жауапқа тартылатынын – үлескер­лердің құқығы заңмен қорғалатынын атап өтті.

«Акционерлердің салған ақшасын қайтарып алуға құқығы жоқ. Сондықтан жағымсыз жағдайға тап болмас үшін күмәнді компанияларға ақша салмауға шақырамыз. Құрылыс компаниясына барған кезде компанияның үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты бар-жоғын сұрау керек. Ал, пәтер сатып алушылар талап етсе, құрылыс­шылар көрсетуге міндетті», – дейді Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нұрбол Жүнісбеков.

Қалалық ортаны дамытуды бақылау және сапасын бақылау департаментінің мамандары да 4 құрылыс компаниясының қызметіндегі заң бұзушылықтарды анықтап, құрылыс салушыларды әкімшілік жауап­кершілікке тартқанын атап өтті. Олардың қатарында Kanfar Buildin ЖШС-іне қарасты  «Отбасы» ТК  және «Тұран» ТК , Nomad Story Group ЖШС салып жатқан  Qaratau ТК мен  құрылысын SDN Construcoin ЖШС жүргізіп жатқан  Tolebi ТК-і де бар. Үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзуған 4 тұрғын үй кешендеріне қатысты 4 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар әкімшілік сотқа негізінен қарау үшін жолданған. Енді заң бұзған құрылыс ком­па­ниялары сот шешімдері негізінде әкімшілік жауапкер­шіліктерге тартылмақ.  Былтыр 5 тұрғын үй кешен­деріне қатысты 5 әкімшілік құқықбұзушылық орын ал­ған. Алдағы уақытта жылжымайтын мүлік объек­тілеріне мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасады.

Жиында бұдан бөлек,  азаматтардың  «Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру»  мемлекеттік қызметі 3 тәсілмен жүзеге асырылатынын назарға алу керектігі сөз болды. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы