Қазақстан ұн экспорты бойынша 2007 жылы әлемде көшбасшы атанды. Бірақ жаһандық деңгейдегі бірінші орнын небәрі үш жыл ұстап тұра алды. 2010 жылы Түркияға жол беріп, екінші орынға сырғыды. Бұл да зор жетістік. Алайда енді бізді Өзбекстан басып озатын түрі бар.
Ұнның құнын экспортталған бидай түсіреді
1,074
оқылды

Өзбек ағайын бұған дейін тұрақты түрде ұн экспорты жөнінен әлемдік жетекші елдердің «үштігіне» кіріп келген Францияны ығыстырды. Ғажабы сол, Өзбекстан Қазақстаннан 3,5 еседей аз бидай жинайды. Сонда бұл елдің құпия-сыры неде? Біздің елімізде неге осы сала кері кетіп барады? 

Фавориттен аутсайдерге айналмайық

Қазақстан 2022 жылы 22,8 миллион тонна астық жинады. Бұл 2021 жылғыдан 26 пайызға көп. Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің дерегінше, бұл – соңғы он­жылдықтағы жақсы көрсеткіш. Көр­ші Өзбекстан былтыр қам­баға 6,7 миллион тонна бидай жинаған. Бұл алдыңғы жылғыдан 6,4 па­йызға артық. 

Бұл жерде оңтүстік көршінің еңбек өнімділігі таңғалдырады. Мысалы, Қазақстан былтыр 16,1 миллион гектарға бидай екті. Ал Өзбекстанда бидай небәрі 1,4 млн гектар ғана алқаптан жиналады. Яғни, он есе кем. Сол себепті Қа­зақстан өзбек еліне қарағанда он есе көп астық оруы керек еді. Олай болмады, айырмашылық 3 еседей ғана. Бұдан шығатын байлам: өз­бек ағайын аз ғана жерге дән сеуіп, көп өнім алады. Бізде астық әр гектардан 12,6 центнерден айна­лады, ал өзбектерде орташа шы­ғымдылық әр гектардан 65-70 центнерден айналады.

Өзбектердің тағы бір алғыр­лығын Қазақстанның астық өң­деушілер одағы құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Евгений Ганн айтып берді. Таяу жылдары Өз­бек­стан ұн экспорты жөнінен дүние­жүзінде Қазақстанды төмен жыл­жытып, екінші орынға шығуы және Түркиямен үзеңгі қағыс­тыруы мүмкін. Және бұл істе оған Қазақстан көмектеспек. 

Отандық сарапшылар көп жыл­дан бері Үкіметке бидайды шикізат түрінде шетелге шығаруды азайтып, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім түрінде сату­ды үздіксіз ұсынып келеді. Бірақ би­лік бұл сынға құлақ асып, ұн өндірі­сін дамытуға баса көңіл бөліп жатқан жоқ. Мұны Өзбекстан Үкіметі жасады. Көрші ел қазақ астығын арзанға алып, оны тар­тып, жа­һан­дық қара базарға ұн, басқа да да­йын өнімдер түрінде өткізіп жатыр. Мемлекетке қа­расты O’zdonmahsulot (Уздон­махсулот) акционерлік қоғамының құрамына ірі 43 кәсіпорын, 52 диірмен кіреді. Бұдан бөлек, салада мыңға дейін жеке компания жұмыс істейді. 

Ал Қазақстан астық өңдеушілер одағының басшысы Евгений Ган­ның мәліметінше, елімізде қазіргі уақытта шамамен 250 ірілі-ұсақты ұн тартушы кәсіпорын ғана тір­келген. Бірақ оның шамамен 70-і ғана жұмыс істеп тұр. 

– Жыл сайын республикамызда 7 миллион тоннаға дейін бидай өңделеді. 2021 және 2022 жылдары 3,3-3,6 млн тонна ұн өндірілді. Бірақ оның жартысын – 1,8 млн тоннасын ішкі нарық тұтынады. Сұранысты өз өндірушілеріміз өтеп отыр. Диірменшілеріміз жыл сайын нарықтық бағамен 5,5 млн тонна бидай сатып алады. Олар – диқандардың ең ірі әрі тұрақты сатып алушысы. Тұтастай алғанда, шамамен 4,5 млн гектар егістің астығын солар кепілді түрде сатып алады, – деді Евгений Ганн.

Егер Үкімет ұн тартатын кә­сіпорындарға жақсы жағдай жасап, саланың қарқынды дамуына соны серпін берсе, онда астықты шет­елге шикізат түрінде сатудың да көп қажеті болмай қалар еді. Ұн­нан нан, тоқаш өнімдері ғана емес, печенье, макарон, кондитерлік тағамдар сияқты ондаған мың өнім түрі жасалады. Ұн жемазық (ком­бикорм), клейстер, сан алуан соус, панировкалар және басқасын жасауда пайдаланылады. Көрші Қытай бидайды экспорттау орны­на ұн тартып, одан жылына 90 миллиард порция тез дайында­латын лапша шығарады. 

Ауған елі үшін күрес күшейді

Соңғы жылдары қазақстандық ұн экспортының нарығы Орталық Азиямен шектелді: елімізде өнді­рілген бидай ұнын негізінен Ау­ғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Түрік­менстан сатып алады. Кейінгі кез­де Қытайға да ұн экспорттау көлемін артыра бастады. Ағымдағы маркетингтік жылда 300 мың тонна ұн алды. 

Әйтсе де, қазақстандық ұнның басты экспорттық нарығы – Ау­ған­стан: бұл ел 2022 жылы біздің халықаралық нарыққа жөнелтілген бүкіл ұнының 70 пайызын тұ­тын­ды. Қазақстандық қатты бидайдан жасалған ұн барынша көп өнім түрін шығаруға мүмкіндік береді. Сондықтан ауған халқы қазақ ұнын жоғары бағалайды. Сол үшін олар қазақ ұнын өзгелердікіне қа­рағанда қымбатқа сатып алуға дайын.

Осы сырды түсіне қойған өзбек кәсіпкерлері кейінгі жылдары қа­зақ бидайын көбірек импорттап, одан өндірілген сапалы ұнымен Ауғанстан нарығына шығып жа­тыр. Бұдан қатаң бәсекелестік ор­нап, қазақстандық жеткізуші­лерді ығыстыра бастады. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысында ұн тартушы кәсіпорындардың 70 пайызы не банкрот болды, не жа­былу қарсаңында тұр. Себебі ұн өткізу нарықтары жоғалтты, көлік, тасымал тарифтері екі еседей қымбаттады. Алыс нарықтарды игеруге мемлекет тарапынан қуат­ты қолдау жоқ, жол және логистика шығыны қашық елдерге ұн тасуды тиімсіз етеді.

«Мысалы, «Цесна» немесе басқа да қазақстандық бренд бар қаптамаға қапталған ұн Ауған­стандағы сөрелерде толып тұрады. Бірақ шынында ол Қазақстанда өндірілмейді. Қазақстан Үкіметі өз брендтерін шетелде қорғамайды. Оның қолдан жасалуымен күрес үшін халықаралық деңгейде қолға алып жатқан шаралары туралы естімеппін. Отандық ұн басты нарығымызға – Ауғанстанға Өз­бекстан аумағы арқылы тасы­мал­данады. Өзбектер экспортымызды шектеу үшін транзитке жоғары тарифтер енгізді. Үкімет соны тө­мендетуге қол жеткізуі тиіс. Онсыз қазақстандық ұн ақырғы тұты­ну­шысына тым қымбатқа түсіп, бәсекелестік артықшылығынан айырылуда. Қазақстанның ұн экс­порты жөнінен әлемдік рейтинг­терде құлдырауының бір себебі осында», – дейді диірмен иесі, кәсіпкер Бағдат Оразбаев. 

Оның мәліметінше, бүгінде жалғыз Өзбекстан ғана емес, Тә­жікстан да, Ауғанстан да төл ұн тарту өнеркәсібін белсенді дамы­тып жатыр. Олар біздің бидайды тартып, ұн жасап алады, тиісінше, біздің ұннан бас тартады. Сон­дықтан кәсіпкерлер Үкіметке бұл елдерге бидай сатуға мораторий енгізуді де ұсыныпты. Сонда оларға жоғары сапалы қазақ ұнын сатып алудан басқа амал қалмайды. Қазақ ұнынан жасалған мака­рондардың АҚШ пен Италияда да жақсы сұранысқа ие екені мәлім. Әйтпесе, қазақ ұнының шетелдегі бүгінгі импорттаушыларының бәрі ертең содан жаппай бас тартуы мүмкін. Соның кесірінен ұн экс­порты нарығынан толық айы­рылса, Қазақстанға тек бидай сату ғана қалмақ. 

Диірменші неге елден ауды?

2022 жылы Қазақстан шетелге 1 млн 850 мың тонна ұн және 400 мың тонна кебек сатты. Салыс­тырсақ, ұн экспорты шырқау ше­гіне жеткен 2010 жылы бұл көр­сеткіш 2,3 миллион тонна болған. Сонымен бірге қазақ ұнының ба­ғасы 10 пайызға немесе әр тоннасы үшін 340 доллардан 310 долларға дейін (DAP Сарыағаш) құлдырады. 

№1 экспорттаушыға айналған Түркия жыл сайын әлемдік на­рықта 3,5 миллион тоннаға дейін ұн өткізеді. Өзбекстан 2022 жылы 949 мың тонна ұнды экспортқа шығара алды. 

Өйткені Е.Ганның айтуынша, Өзбекстанда бидай өңдеу қуатты­лығы жыл сайын 2,5-3 млн тоннаға өсіп отырады. Өзбекстан Үкіметі жергілікті диірмендерді қолдаудың қуатты бағдарламасын іске қосты. Оларға арзан кредит, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар сыртында протекционистік қолдау түрінде де артықшылықтар бе­ріледі. Соның ішінде қазақстандық ұнды Өзбекстан аумағы арқылы транзитпен өткізу тарифін көтеру де бар. Оның орнына қазақстандық бидайды жеткізуге жеңілдік қа­растырылған. Нәтижесінде, өз­бек­тер қазақ астығының ірі импорт­таушысына айналды. Егер 2021 жылы көрші ел 2 млн 762 мың тон­на бидайымызды сатып алса, 2022 жылы бұл көлемді 3 миллионға (2,99 млн) жеткізген. Соның бәрін өзінде диірменнен өткізіп, ұн тү­рінде сыртқа қымбатқа саудалайды.

Осы орайда Өзбекстан Ау­ғанстанға жеткізетін ұн көлемін қарқынды арттыруда: 2020 жылы ауған еліне 721 мың тонна ұн жө­нелтсе, 2021 жылы 949,1 мың тон­насын жолдады. 2022 жылы Өз­бекстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек түрінде ұн жеткізу бойынша БҰҰ тендерін жеңіп алып, табысқа кенелді. 

Қазақстанның Ауғанстанға жеткізілімдері құлдырап барады: 2020-2021 маркетингтік жылы 1 млн 147 мың тонна ұн сата алды. 2021-2022 маркетингтік жылда бұл көр­сеткіш 1 млн 74 мың тоннаға де­йін төмендеді. Ағымдағы 2022-2023 жылғы көрсеткіш – 622 мың тонна. 

Жалпы, кезінде Қазақстанның Ауғанстан нарығын жаулап алуына Пәкістан «көмектесті»: ондаған жыл бойы ауған елін өз ұнымен асыраған Пәкістан ағымдағы онжылдықта ұн экспорт­таушы­сынан импорттаушыға айналды. Бұл өнім оның 230 миллионнан асатын өз халқын тамақтандыруға жетпейтін болды. Әрине, Қазақ­стан Пәкістанның ұлан-ғайыр нарығын игеріп алуына болатын еді. Бірақ Қазақстан Үкіметі оған баса мән бермей отыр. Тек 2022 жылы Термез (Өзбекстан) – Мазари-Шариф (Ауғанстан) – Кабул (Ауғанстан) – Пешавар (Пәкістан) теміржол бағытының құрылысына қатысу ниетін білді­румен шектелді. 

Биыл отандық ұн экспортының көлемі қанша болатыны әзірге бел­гісіз. Ағымдағы 2022-2023 мар­кетингтік жылда 884 мың тонна ұн экспортталған. Сонымен бірге ұн бағасы арзандап кеткені әлгінде айтылды. Яғни, отандық ұн экс­пор­ттаушылардың табысы кемиді. 

Мұның сыртында сарапшылар елдегі диірмендердің толық жүк­темемен жұмыс істемейтінін, қо­сымша ресурстардың, электр қуа­тының, жанар-жағармайдың ба­ғасы қымбаттағанына, логисти­калық шығындардың да өскеніне назар аудартады. 

Ел Үкіметі Өзбекстанның тә­жірибесін игеріп, үлгі алуы үшін шенеуніктерден және бизнес­мендерден тұратын ауқымды де­легацияларды аттандырса, артық болмас еді. Сонда көршіде ұн өндірісін өркендету үшін қандай жағдайлар жасалғанын ұғынар еді. Әйтпесе, ұнды өз елімізде жаса­ған­нан өзбек аумағында өндірген әл­деқайда тиімді әрі табысты еке­нін түсінген тәжірибелі қазақ­стан­дық кәсіпкерлер Өзбекстанда ұн тарту кәсіпорындарын ашып жа­тыр. Сондай-ақ өз елін тәліптер ба­сып алғалы ауғандық диірмен­шілер де өзбек жеріне ауып, ұн өндіру кәсіпорындарын соған көшірді. 

Ұнға қай кезде де сұраныс бо­лады. Демек, Үкімет бағасы құл­дырап бара жатқан мұнайға алдана бермей, ұн экспортын нағыз бай­лық көзіне айналдырудың қамына мықтап кіріскені абзал.

Айхан ШӘРІП