«Қасірет пен тағдыр» романы жапон тіліне аударылды. Қазақ тілінен тікелей жапон тіліне аударған – Масуджима Шигенобу. Жапон тіліндегі кітаптың тұсаукесері Токиода өтті. «Қасірет пен тағдырмен» қатар белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің де «Жасанды күн» көрмесі қойылды. Жапониядағы сапар туралы жазушы Сәуле Досжанға бірер сауал қойған едік.
Сәуле Досжан: Күншығыс елі – даналықтың бесігі
2,220
оқылды

– Сәуле апай, «Қасірет пен тағ­дыр» романы жапон тіліне аудары­лып, Жапонияда тұсауы кесілді. Романды жапон тіліне аудару идеясы қалай келді?

– Осы орайда бұл сапарды ұйым­дастыруға атсалысқан ЮНЕСКО қамқорлығындағы Ха­лықаралық мәдениеттерді жа­қын­дастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов пен орынбасары Салтанат Әшімоваға және «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қоғамдық қозғалысының вице-президенті Валерий Жандәулетовке, осыдан бір жыл бұрын кітапты жапон тіліне аудару туралы идеясын айтқан Орталықтың Астана филиа­лының директоры Үмітхан Мұңал­баеваға рақмет айтқым келеді.

Бізбен қарағандылық делегация да бірге келген еді, соның ішінде суретші Кәріпбек Күйіковты жал­ғыз жібермей, қолдау білдіріп бар­ған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов пен Мәдениет басқармасының басшы­сы Еркебұлан Жұмакеновке және ко­мандасына ризашылығымды біл­діремін.

ЮНЕСКО мәдениеттерді жа­қындастыру орталығының ұсыны­сы­мен, Жапонияның Қазақ­стан­дағы елшілігінің қолдауының ар­қасында бұл жұмыс нәтижелі аяқ­талды. Қазақ тілінен тікелей жапон тіліне аударған – Масуджима Ши­генобумен осы уақыт ішінде жақсы қарым-қатынас орната білдік, ол кісі Жапония сапарында аудармашы болып, қасымызда бірге жүрді. 

– Жапонияда Кәріпбек Күйі­ковтің «Жасанды күн» көрмесі ашыл­ған екен. Көрме мен кітап тұсауке­сері белгілі бір датаға орайлас­ты­рылған ба?

– Әрине, «Қасірет пен Тағ­дыр­дың» мұқабасындағы сурет – Кә­ріпбектің еңбегі. Кәріпбек Күйі­ков – антиядролық тақырыптағы суреттерімен әлемге танылған қыл­қалам шебері. Біздің таныс­ты­ғымызға біраз жыл болды. «Қасірет пен тағдыр» кітабының мұқабасына суретін қоюға рұқсат сұрап ха­бар­ласқанда, сөзге келмей келісімін берген еді. Үлкен жүректі азамат. Осы жолы Жапонияға бірге барып, Токио Ұлттық Музейінде «Жасанды күн» көрмесі қойылды. Оған тақырыптық 14 суретін апарыпты. Кә­кеңнің онда бару себебі, бір жа­ғы­нан маған қолдау білдіріп барса, екінші жағынан ұйымдастырушылар тұсаукесер мен көрмені бір бағ­дарламаға енгізген екен. Бұл күні «Ақтастағы Ахико» елі қылқалам ше­бері Кәріпбек Күйіков еке­уі­міздің шығармашылық тандемімізге тәнті болды. Сурет көрмесі жоғары деңгейде бағаланды.

– Жапон еліне барған соң сапар қалай өрбіді?

– Ақбас Алатаудың бауырында өскен арманшыл қазақтың бір қызын қарт Фудзияма құшақ жая қарсы алады деп кім ойлаған? Алай­да армандар орындалады екен. Ұшақ қанатында самғап, алдымен Сеулге, одан ары қарай Токиоға жеттік. 

ҚР Жапониядағы елшісі Сабыр Ердембеков қазақстандық деле­гацияны жылы қарсы алды. Ота­нынан келген делегацияға елшілік жақсы қолдау білдірді. «Қасірет пен тағдыр» кітабының жапон тіліне аударылғаны үлкен жетістік екенін атап өтіп, кітапқа «екі ел арасын жақындата түсетін рухани дәнекер» деген баға берді. 

Мен де елшіге үлкен алғысымды айтып, қазақ елінде Мураками сияқ­ты мықты жазушылар көп еке­нін, тек әлемге құлаш сермей алмай жатқанын айттым. Қазақтың та­лантты жазушылары көбірек ауда­рылып, кітаптарын әлемге тарата беру керек деген ойымды жеткіздім.

Елшіліктің арнайы біз үшін құрылған бағдарламасы бойынша Токио мұнарасына жол тарттық. Елшілік бізге қала ішінде жүріп-тұруымызға жағдай жасап, іші кең, керемет көлігін көлденең тартты. Барлық ықыласы мен құрметіне ри­за болдық.

Жүрегім лүпілдеп, бір ерекше толқыныс сезімін басымнан кештім. Енді ше, ертең Токио Ұлттық му­зейінде Семей ядролық сынақ по­лигонының халқымызға тигізген зар­дабы туралы «Қасірет пен тағ­дыр» романымның тұсаукесері өт­пек. Соңғы он жылдың есебімен ал­ғанда, қазақ жазушысының шы­ғармасы жапон тіліне аударылып, онда тұсаукесері өтіпті дегенді ес­тімеппін. Сондықтан бұл өзім үшін де, қазақ руханияты үшін де үлкен жетістік болды. 

Жапония –тынық мұхит аралда­рына орналасқан мемлекет. Ол өзінің алға озып кеткен техно­ло­гияларымен танылған. Салт-дәс­түрін сақтай білген, жоғары мәде­ниетімен баурайтын ел. Сонымен қатар күншығыс елі – әлемдік даналықтың бесігі. Философиясы терең. Бір «Икигай» ережесі неге тұрады? Бұл – адам болу негізі туралы жапон ережесі. Сапалы өмір сүру үшін «өзіңнің мықты жағыңды анық­тап, соны дамыта біл, өмі­рің­нің әр сәті жаныңа ләззат сыйлауы керек» дейді жапон даналығы. 

Токио Ұлттық музейінде өткен кітап тұсаукесеріне жапон әдебиеті өкілдері, қазақ диаспорасы, сту­дент­тер келіпті. Тұсаукесер өте жо­ғары деңгейде өтті. Тұсаукесер шы­мылдығын Қазақстанның Жа­по­ниядағы елшісі Сабыр Есімбеков ашып, екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстарды дамы­тудың маңыздылығын айтып өтті. 

«Жапония – Еуразия» ядроға қарсылық қоғамының президенті Сока Гаккай сөз алып, Семей ядро­лық сынақ полигоны туралы шы­ғармаға жоғары баға берді. Маған «Ядролық жарылыстарға қарсы Әлемді бейбітшілікке шақыратын кітап жазғаны үшін» сертификатын табыстады. Өз кезегімде 12 миллион мүшесі бар қоғамның Президентіне алғысымды айтып, кітабымды сыйға тарттым. 

– Жапон әдебиетінде атом бом­басының зардабына қатысты, по­лигон тақырыбында жазылған шы­ғармалармен үндес көркем дү­ниелер бар ма?

– Хиросима қаласының мэрі қабылдағанда бұл тақырыпқа жа­зылған деректі дүниелердің көп еке­нін атап өтті. Менің «Қасірет пен тағдырымды» атом зардабын көр­сеткен алғашқы көркем шығарма деп бағалады. 

Ал бізде өздеріңіз білесіздер, полигон тақырыбындағы дүние­лерге келгенде, Кешірім Бозтаев, Медеу Сәрсекенің қабырғалы дү­ниелері еске түседі. Бұл полигонның қазаққа залалы зор екенін кезінде Мұхтар Әуезов айтқан екен. Ол кезде цензура қатты кез. Кешірім ағамыз қызметте істеген кезінде архивтерді ақтарып, «құпия» белгісі бар видеоматериалдарды көріп, жылаған екен. Атом бомбасын сы­нап қана қоймай, жергілікті адам­дарға, мал-жанға неше түрлі сынақ жүргізген ғой. Кешірім Бозтаев сынақ кезінде еті ағып түсіп қал­ған­дарды сол видеодан көрген. Сынақ жасалған адамдар атылып кеткен де, із-түзсіз жоғалғандар қатарына енгізілген. Бұл туралы «Қасірет пен тағдырдың» екінші кітабы «Үзіл­меген үмітте» ашып жазғанмын. Ақындардан Серік Ақсұңқарұлы, Бауыржан Жақып, Тыныштықбек Әбдікәкімов өлеңдерін енгіздім романыма. Полигон зардабын су­рет­тейтін Бекежан Тілегеновтың «Қара жел» романы бар.

– Сапардан алған әсеріңіз қан­дай? Бұл сапар несімен ерек­шеленеді?

 – Сапардың ерекшелігі өте зор болды. Біз келесі күні Хиросимаға жол тарттық. Токио уақыты таңғы сағат 5.00. Электричка атқан оқтай зулап Хиросимаға бет алды. Саға­тына 350 шақырымды еңсеретін темір жол көлігінің жылдамдығы ұшаққа бергісіз. Жылдамдық алған кезде магнит өрісінен тұратын темір табанынан ажырап, құстай ұша­тынға ұқсайды. Алыстан Фудзияма шыңы мұнартады. Бұл тау Хонсю аралындағы Сидзуока шеңберінде орналасқан, әлемдегі ең әдемі жа­нартаулардың бірі әрі Жапония­ның символы. 

Қазақстаннан келген делегация Хиросима қаласына жеткен соң, Бейбітшілік саябағындағы атом бомбасы құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойдық. 1945 жылы тамызда Американың бомбалаушы ұшағы Хиросимаға атом бомбасын тастап, одан 80 мың адам қаза тапқаны белгілі. Бұдан үш күн өткен соң Нагасакиге де осын­дай атом бомбасы тасталған. «Қа­сірет пен тағдыр» романында бұл туралы ашып жазамын. «Атом қа­сіреті қайталанбасын! Ел мен жер­де бейбітшілік болсын!» деген ті­лек айттық. Бізді Хиросима қала­сының мэрі Казуми Мацуи қа­былдады. Мацуи сан 1945 жылы 6 тамызда жапондар ядролық қарудың тікелей құрбаны болғанын еске ала отырып, адамзат үшін атом қаупі әлі де жоқ емес екенін ес­кертті. Өз кезегімде сөз алып, қазақ пен жапон халқы ортақ қасіретті бастан ке­шіргенін айта келіп, келешек ұрпақ үшін ядросыз әлем құрудың ма­ңыздылығына тоқ­тал­дым. «Қасірет пен тағдыр» рома­нын жылы қа­былдаған жапон халқына алғысым шексіз екенін жеткіздім. Жапон әншісі Мичида Риокко Ұлықбек Есдәулет аға­мыз­дың сөзіне жа­зыл­ған «Заман-ай» әнін орындады.

Бұдан кейін қазақстандық делегацияны Хиросима музейінің директоры Такехиро Кагава қабыл­дады. Бұл кісі Семей жерінде болған екен, жалпы, қазақ еліне төрт рет жолы түсіпті. Ол қонақтарға жапон­дардың ұлттық дәстүрі – шәй рәсімін зор ілтипатпен ұсынды. Маған «үйге барғанда рамаға салып қоясыз» деп, Хиросима трагедиясы бейнеленген гобеленді сыйға тарт­ты. Біз де өз тарапымыздан ұлттық дәстүрден таймай, Такехиро санның иығына шапан жаптық. Қолтаңба қойылған кітабымды сыйладым. Му­зей Хиросимадағы мемориалдық Бейбітшілік бағы аумағына орна­ласқан. Жобасын сызған әйгілі жа­пон сәулетшісі Кэндзо Тангэ екен. Музей кешені екі үлкен кор­пустан тұрады, біріншісінің аумағы 1 615 ш.м. болса, шығыс қанаты 10 098 ш.м. құрайды. Сәулет идеясы күл болған жерінен қайта еңсе тік­теуге қабілетті қайсар рухты көр­сеткісі келген. Бұл жерде атом тр­а­гедиясының ұмытылмас ескерткіші ретінде сол қалпында сақталған ғимараттар да бар.

Осы сұхбатты пайдалана оты­рып, жасаған зор еңбегі үшін ау­дармашым Масуджима санға, жо­баға қолдау білдірген Олжас Сү­лейменовке, кітапты аударуға демеу көрсеткен кәсіпкер И.А.Сауэрге, Қазақстан – Жапония арасына кө­пір салып, жол шығынымызды бір кісідей көтерген Қарағанды облысы әкімшілігіне, кітап мұқабасына өзінің әлемге танымал суреттерін қоюға келісім берген суретші Кә­ріпбек Күйіков ініме, тағы да басқа ұйымдастырушы, қолдаушыларыма зор алғысымды білдіремін. 

Әңгімелескен 

Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ