– Сәуле апай, «Қасірет пен тағдыр» романы жапон тіліне аударылып, Жапонияда тұсауы кесілді. Романды жапон тіліне аудару идеясы қалай келді?
– Осы орайда бұл сапарды ұйымдастыруға атсалысқан ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов пен орынбасары Салтанат Әшімоваға және «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қоғамдық қозғалысының вице-президенті Валерий Жандәулетовке, осыдан бір жыл бұрын кітапты жапон тіліне аудару туралы идеясын айтқан Орталықтың Астана филиалының директоры Үмітхан Мұңалбаеваға рақмет айтқым келеді.
Бізбен қарағандылық делегация да бірге келген еді, соның ішінде суретші Кәріпбек Күйіковты жалғыз жібермей, қолдау білдіріп барған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов пен Мәдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновке және командасына ризашылығымды білдіремін.
ЮНЕСКО мәдениеттерді жақындастыру орталығының ұсынысымен, Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауының арқасында бұл жұмыс нәтижелі аяқталды. Қазақ тілінен тікелей жапон тіліне аударған – Масуджима Шигенобумен осы уақыт ішінде жақсы қарым-қатынас орната білдік, ол кісі Жапония сапарында аудармашы болып, қасымызда бірге жүрді.
– Жапонияда Кәріпбек Күйіковтің «Жасанды күн» көрмесі ашылған екен. Көрме мен кітап тұсаукесері белгілі бір датаға орайластырылған ба?
– Әрине, «Қасірет пен Тағдырдың» мұқабасындағы сурет – Кәріпбектің еңбегі. Кәріпбек Күйіков – антиядролық тақырыптағы суреттерімен әлемге танылған қылқалам шебері. Біздің таныстығымызға біраз жыл болды. «Қасірет пен тағдыр» кітабының мұқабасына суретін қоюға рұқсат сұрап хабарласқанда, сөзге келмей келісімін берген еді. Үлкен жүректі азамат. Осы жолы Жапонияға бірге барып, Токио Ұлттық Музейінде «Жасанды күн» көрмесі қойылды. Оған тақырыптық 14 суретін апарыпты. Кәкеңнің онда бару себебі, бір жағынан маған қолдау білдіріп барса, екінші жағынан ұйымдастырушылар тұсаукесер мен көрмені бір бағдарламаға енгізген екен. Бұл күні «Ақтастағы Ахико» елі қылқалам шебері Кәріпбек Күйіков екеуіміздің шығармашылық тандемімізге тәнті болды. Сурет көрмесі жоғары деңгейде бағаланды.
– Жапон еліне барған соң сапар қалай өрбіді?
– Ақбас Алатаудың бауырында өскен арманшыл қазақтың бір қызын қарт Фудзияма құшақ жая қарсы алады деп кім ойлаған? Алайда армандар орындалады екен. Ұшақ қанатында самғап, алдымен Сеулге, одан ары қарай Токиоға жеттік.
ҚР Жапониядағы елшісі Сабыр Ердембеков қазақстандық делегацияны жылы қарсы алды. Отанынан келген делегацияға елшілік жақсы қолдау білдірді. «Қасірет пен тағдыр» кітабының жапон тіліне аударылғаны үлкен жетістік екенін атап өтіп, кітапқа «екі ел арасын жақындата түсетін рухани дәнекер» деген баға берді.
Мен де елшіге үлкен алғысымды айтып, қазақ елінде Мураками сияқты мықты жазушылар көп екенін, тек әлемге құлаш сермей алмай жатқанын айттым. Қазақтың талантты жазушылары көбірек аударылып, кітаптарын әлемге тарата беру керек деген ойымды жеткіздім.
Елшіліктің арнайы біз үшін құрылған бағдарламасы бойынша Токио мұнарасына жол тарттық. Елшілік бізге қала ішінде жүріп-тұруымызға жағдай жасап, іші кең, керемет көлігін көлденең тартты. Барлық ықыласы мен құрметіне риза болдық.
Жүрегім лүпілдеп, бір ерекше толқыныс сезімін басымнан кештім. Енді ше, ертең Токио Ұлттық музейінде Семей ядролық сынақ полигонының халқымызға тигізген зардабы туралы «Қасірет пен тағдыр» романымның тұсаукесері өтпек. Соңғы он жылдың есебімен алғанда, қазақ жазушысының шығармасы жапон тіліне аударылып, онда тұсаукесері өтіпті дегенді естімеппін. Сондықтан бұл өзім үшін де, қазақ руханияты үшін де үлкен жетістік болды.
Жапония –тынық мұхит аралдарына орналасқан мемлекет. Ол өзінің алға озып кеткен технологияларымен танылған. Салт-дәстүрін сақтай білген, жоғары мәдениетімен баурайтын ел. Сонымен қатар күншығыс елі – әлемдік даналықтың бесігі. Философиясы терең. Бір «Икигай» ережесі неге тұрады? Бұл – адам болу негізі туралы жапон ережесі. Сапалы өмір сүру үшін «өзіңнің мықты жағыңды анықтап, соны дамыта біл, өміріңнің әр сәті жаныңа ләззат сыйлауы керек» дейді жапон даналығы.
Токио Ұлттық музейінде өткен кітап тұсаукесеріне жапон әдебиеті өкілдері, қазақ диаспорасы, студенттер келіпті. Тұсаукесер өте жоғары деңгейде өтті. Тұсаукесер шымылдығын Қазақстанның Жапониядағы елшісі Сабыр Есімбеков ашып, екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстарды дамытудың маңыздылығын айтып өтті.
«Жапония – Еуразия» ядроға қарсылық қоғамының президенті Сока Гаккай сөз алып, Семей ядролық сынақ полигоны туралы шығармаға жоғары баға берді. Маған «Ядролық жарылыстарға қарсы Әлемді бейбітшілікке шақыратын кітап жазғаны үшін» сертификатын табыстады. Өз кезегімде 12 миллион мүшесі бар қоғамның Президентіне алғысымды айтып, кітабымды сыйға тарттым.
– Жапон әдебиетінде атом бомбасының зардабына қатысты, полигон тақырыбында жазылған шығармалармен үндес көркем дүниелер бар ма?
– Хиросима қаласының мэрі қабылдағанда бұл тақырыпқа жазылған деректі дүниелердің көп екенін атап өтті. Менің «Қасірет пен тағдырымды» атом зардабын көрсеткен алғашқы көркем шығарма деп бағалады.
Ал бізде өздеріңіз білесіздер, полигон тақырыбындағы дүниелерге келгенде, Кешірім Бозтаев, Медеу Сәрсекенің қабырғалы дүниелері еске түседі. Бұл полигонның қазаққа залалы зор екенін кезінде Мұхтар Әуезов айтқан екен. Ол кезде цензура қатты кез. Кешірім ағамыз қызметте істеген кезінде архивтерді ақтарып, «құпия» белгісі бар видеоматериалдарды көріп, жылаған екен. Атом бомбасын сынап қана қоймай, жергілікті адамдарға, мал-жанға неше түрлі сынақ жүргізген ғой. Кешірім Бозтаев сынақ кезінде еті ағып түсіп қалғандарды сол видеодан көрген. Сынақ жасалған адамдар атылып кеткен де, із-түзсіз жоғалғандар қатарына енгізілген. Бұл туралы «Қасірет пен тағдырдың» екінші кітабы «Үзілмеген үмітте» ашып жазғанмын. Ақындардан Серік Ақсұңқарұлы, Бауыржан Жақып, Тыныштықбек Әбдікәкімов өлеңдерін енгіздім романыма. Полигон зардабын суреттейтін Бекежан Тілегеновтың «Қара жел» романы бар.
– Сапардан алған әсеріңіз қандай? Бұл сапар несімен ерекшеленеді?
– Сапардың ерекшелігі өте зор болды. Біз келесі күні Хиросимаға жол тарттық. Токио уақыты таңғы сағат 5.00. Электричка атқан оқтай зулап Хиросимаға бет алды. Сағатына 350 шақырымды еңсеретін темір жол көлігінің жылдамдығы ұшаққа бергісіз. Жылдамдық алған кезде магнит өрісінен тұратын темір табанынан ажырап, құстай ұшатынға ұқсайды. Алыстан Фудзияма шыңы мұнартады. Бұл тау Хонсю аралындағы Сидзуока шеңберінде орналасқан, әлемдегі ең әдемі жанартаулардың бірі әрі Жапонияның символы.
Қазақстаннан келген делегация Хиросима қаласына жеткен соң, Бейбітшілік саябағындағы атом бомбасы құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойдық. 1945 жылы тамызда Американың бомбалаушы ұшағы Хиросимаға атом бомбасын тастап, одан 80 мың адам қаза тапқаны белгілі. Бұдан үш күн өткен соң Нагасакиге де осындай атом бомбасы тасталған. «Қасірет пен тағдыр» романында бұл туралы ашып жазамын. «Атом қасіреті қайталанбасын! Ел мен жерде бейбітшілік болсын!» деген тілек айттық. Бізді Хиросима қаласының мэрі Казуми Мацуи қабылдады. Мацуи сан 1945 жылы 6 тамызда жапондар ядролық қарудың тікелей құрбаны болғанын еске ала отырып, адамзат үшін атом қаупі әлі де жоқ емес екенін ескертті. Өз кезегімде сөз алып, қазақ пен жапон халқы ортақ қасіретті бастан кешіргенін айта келіп, келешек ұрпақ үшін ядросыз әлем құрудың маңыздылығына тоқталдым. «Қасірет пен тағдыр» романын жылы қабылдаған жапон халқына алғысым шексіз екенін жеткіздім. Жапон әншісі Мичида Риокко Ұлықбек Есдәулет ағамыздың сөзіне жазылған «Заман-ай» әнін орындады.
Бұдан кейін қазақстандық делегацияны Хиросима музейінің директоры Такехиро Кагава қабылдады. Бұл кісі Семей жерінде болған екен, жалпы, қазақ еліне төрт рет жолы түсіпті. Ол қонақтарға жапондардың ұлттық дәстүрі – шәй рәсімін зор ілтипатпен ұсынды. Маған «үйге барғанда рамаға салып қоясыз» деп, Хиросима трагедиясы бейнеленген гобеленді сыйға тартты. Біз де өз тарапымыздан ұлттық дәстүрден таймай, Такехиро санның иығына шапан жаптық. Қолтаңба қойылған кітабымды сыйладым. Музей Хиросимадағы мемориалдық Бейбітшілік бағы аумағына орналасқан. Жобасын сызған әйгілі жапон сәулетшісі Кэндзо Тангэ екен. Музей кешені екі үлкен корпустан тұрады, біріншісінің аумағы 1 615 ш.м. болса, шығыс қанаты 10 098 ш.м. құрайды. Сәулет идеясы күл болған жерінен қайта еңсе тіктеуге қабілетті қайсар рухты көрсеткісі келген. Бұл жерде атом трагедиясының ұмытылмас ескерткіші ретінде сол қалпында сақталған ғимараттар да бар.
Осы сұхбатты пайдалана отырып, жасаған зор еңбегі үшін аудармашым Масуджима санға, жобаға қолдау білдірген Олжас Сүлейменовке, кітапты аударуға демеу көрсеткен кәсіпкер И.А.Сауэрге, Қазақстан – Жапония арасына көпір салып, жол шығынымызды бір кісідей көтерген Қарағанды облысы әкімшілігіне, кітап мұқабасына өзінің әлемге танымал суреттерін қоюға келісім берген суретші Кәріпбек Күйіков ініме, тағы да басқа ұйымдастырушы, қолдаушыларыма зор алғысымды білдіремін.
Әңгімелескен
Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ