Саф өнердің саңлақ­тары жиналған Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академия­лық филармония апта сайын көрермендерін жаңа концерттермен қуантып келеді. Қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі оркестр, ішекті квартет, камера­лық хор, фольклорлық ансамбль сияқты 11 шығармашылық топтан құралған ұжымның әр өнер көрсетуінің артында жанкешті еңбек жатқанын бірі білсе, бірі білмейді.
Филармония флагманға айналсын десек...
1,380
оқылды

Астаналық филармония­ның өнер көрсететін сахнасы болса да, әлі күнге дайындық жасай­тын арнайы орындары жоқ. Онымен қоса, шетелде елде үрдіс алған балалар филармониясы әлі ашылмай келеді. 

Ғимаратқа жарымай отыр

Филармония алғаш рет Ақмола облыстық филармониясы болып 1997 жылы құрылды. Аз уақыт ішін­де өнер ұжымы жоғары жетіс­тік­терге жетіп, кең ауқымды кон­церт­тер өткізген. Бүгінде астаналық фи­лармонияда 11 шығармашылық топ жұмыс істейді. Дегенмен өнері үстем ұжымның, көңілі күпті. Филармония әншісі, ҚР еңбек сі­ңірген қайраткері Светлана Айт­баеваның айтуынша, бүгінде ұйым­да 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Бірақ филармонияның орналасқан ғимаратында дайындық жасауға жағдай жасалмаған. 700 адамның дайындалатын бөлмесі жоқ. «Ас­тана» концерт залы тек жиын өт­кі­зетін бұрынғы конгресс холл. Сон­дықтан симфониялық оркестр бір жерде, үрмелі оркестр Жастар са­райында, фольклорлық ансамбль Оқушылар сарайында, камералық хор «Астана Операның» бір қуы­сында дайындалады. Осылай бәрі ша­шырап жүр. Басын біріктіріп, бір жерде дайындалатын филармо­ния­ның үлкен ғимараты жоқ.

– Филармония – концерттік ұйым. Балалар филармониясын құ­рудан бұрын қазіргі филармонияның жағдайын жақсартуымыз керек. Неге біз мәдениетімізді дамыған ел­дердегідей деңгейге жеткізбейміз? Иә, «Астана Опера» әлемдегі үздік театрлардың қатарында. Дәл сондай астаналық филармония деген дең­гейге біз де лайық болғымыз келеді. 30 жылда музыканттарға камералық залдар мен дайындық жасауға қо­лайлы бір ғимарат салмағанымыз ұят. Біз Париж филармониясына, Вена филармониясына барып жүр­міз. Олардың ғимаратын біздікімен салыстыруға да келмейді. Шығар­машылық ұжымымыздың деңгейі жо­ғары. Нұржамал Үсенбаева, Май­ра Ілиясова, Алтынай Жорабаева сияқ­ты белді әншілер де біздің ұжым­да өнер көрсетеді. Шығар­ма­шы­лық топтың деңгейі мен мате­риал­дық базасының жағдайы бір-біріне сай келмейді,– деді Светлана Айтбаева. 

Өнер иесінің сөзін кезінде фи­лармонияның негізін қалаған Кен­жеғали Мыржықбай да растады. 

– 1997 жылы филармонияны құрып, барлық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, енді кіреміз деп отырған ғимаратымызды біреулер тартып алды. Сосын филармония өнер­паз­дары әр бұрышта дайындалып жүр­ді. Қазір ұжым да өсті. Кейін Кон­гресс холды филармонияға беріпті. Бірақ дайындық жасауға жағдай жасалмағандықтан, әртістер әр жерде дайындалып жүр екен, – дейді Кенжеғали Мыржықбай. 

Кішкентай өнерпазға үлкен сахна керек

Дамыған елдер мәдениетінің дәрежесін астаналық филармония арқылы паш етеді. Берлинде, Ве­нада, Амстердам мен Лондонда, Па­рижде дәл осындай филармо­ния­лар бар. Олардың сахнасында өнер көрсету әрбір кәсіби әншінің ар­манына айналған. Тіпті, Еуропа мен Америкада, көрші Ресей елінде мем­лекеттік филармониялар жа­нынан арнайы балалар филармо­ниясы ашылған. Мұндай филар­мо­ниялар балаларға музыкамен кәсіби тұрғыда айналысуға, аспаптарда ойнау дағдыларын жетілдіруге және көпшілік алдында өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша, ба­лалар филармонияларының көп­шілігі балалардың шығармашы­лығына, ақыл-ойының дамуына және әлеуметтік дағдылардың жақ­саруына ықпал етеді. Ал елімізде балаларға арналған нағыз кәсіби шығармашылық орталық жоқ. 

– Шетелде балалар филармо­ниялары бұрыннан бері, тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Балалар филармониясы не үшін керек? Фи­лармония дегеніміз – кәсіби сахна. Ол жерде кәсіби музыканттар ғана өнер көрсетеді. Қазір елімізде ба­лалар музыка мектептерінде ғана білім алады. Астанада онға жетпей­тін музыка мектебі бар. Әр мек­теп­тен жақсы музыканттар шығып жатыр. Бірақ балалар тек қана кабинеттік деңгейде қалып қояды. Сондықтан да талантты балалардың бағы үлкен сахнада ашылмай жүр. Жыл сайын «Бақытты бала» кон­курсын өткізіп, Ержан Максим сияқты дарындарды анықтаймыз. Бірақ сол балалардың ары қарай өнерін шыңдайтын кә­сіби фи­лармония болмай тұр. 18 жасқа де­йінгі балалар өнер көр­сететін кә­сіби сах­на керек,– дейді Свет­лана Айтбаева. 

Оның пікірінше, балаларға кә­сіби орта мен кәсіби сахна керек. Үлкен театрлар мен сахналардың барлығы ересектерге арналған. Ал оқушыларға арналған бір ғана орта, Оқушылар сарайы бар. Оның өзі Мәдениет министрлігіне емес, Оқу-ағарту министрлігіне қарайды. Сол себепті талантты балалар тасада қалып жатыр.

– Біз 2006 жылы Ақтөбеде тә­жірибе ретінде Ғ.Жұбанова атын­дағы облыстық филармония жа­ны­нан «Саз» деген балалар филармо­ниясын құрдық. Ол жерде балалар биден, хордан, фольклордан, во­калдан тегін сабақ алды. Облыстық филармониядағы ең мықты әртістер балаларға сабақ берді. Балаларды өздерінің ізбасарлары сияқты да­йындады. Димаш та осы филармо­нияның балалар орында ән айтты. Балалар филармониясына Аме­рикадан арнайы режиссер шақыр­тып, балаларға арналған мюзикл қойдық. Камералық оркестрмен бірге балалар хоры үлкен концерттер беретін. Бір шаңырақтың астында аға буын мен жас буын қоян-қолтық жұмыс істегендіктен, филар­мо­ния­ның жетістіктері де артты. Ал Ас­танаға келгеннен кейін мұндай үрдістің қалыптаспағанын көрдім. Балалар да, өнерпаздар да жан-жақ­та шашырап жүр, – деді Светлана Айтбаева. 

Өнер иесінің пікірінше, балалар филармониясына жеке ғимарат ашса да артық емес. Бірақ бірінші астаналық филармониядан қо­сымша штат ашып, балаларды бір жерге топтастыру керек. Бірақ біз балалардың бар екенін тек 1 мау­сымда ғана ойлаймыз. Балалар фи­лармониясы ашылса, оны теат­рал­дық, вокалдық бағытта да дамытуға болады. 

Қазір балалармен жұмыс іс­тейтін өнер ұжымдары аз. Тек «Астана Опера» театрында Балалар балет студиясы, Хор студиясы және Театрлық қолөнер студиясы жұмыс істейтінін білеміз. 

– Балалар хоры өз қызметін 2013 жылдың қараша айында бас­тады. Оның қатысуымен алғашқы концерт сол жылдың 25 желтоқ­санында өтті. Бүгінгі таңда театрда балалар хорының қатысуымен Дж. Пуччинидің «Богема», «Тоска», «Ту­рандот», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Ж.Бизенің «Кармен» спек­такльдері, Э.Григтың «Пер Гюнт­тің саяхаты» қойылымдары сахналан­ған. Жыл сайын 1 маусым – Бала­ларды қорғау күнінде театр­дың Ка­мералық залында балалар сту­диясының концерттері өтеді, онда жас өнерпаздар түрлі бағдар­ламамен өнерлерін ортаға салады. Балаларға арналған концерттермен қоса, хор Камералық зал сахнасында ересек­терге арналған іс-шараларға да қа­тысады, – деді Астана опера­дағы балалар хор студиясының же­текшісі Алтынғаным Ахметова. 

Қазір хор үйірмесіне 45 бала, театрлық қолөнер студиясына 7 ба­ла, балет студиясына 24 бала ақылы түрде қатысады. Олардың арасында «Арт-спорт» порталы арқылы тегін дайындалып жүргендер де бар. Ал балалардың алды өнер жолында әлемдік сахналарды бағындыруда. Бұл аға буын мен жас буынның ара­сындағы қалыптасқан өнер мекте­бінің бүгінгі жетістігі. Дегенмен «Ас­тана операда» жағдай да, ғимарат та бар. Олар балаларды тек клас­сикалық өнер бағыныда дайын­дай­ды. Ал ұлттық тәрбиенің негізі – ұлттық мәдениет екені даусыз. Сон­дықтан ұлттық өнерді дәріп­теген астаналық филармонияға жаңа ғимарат тұрғызылып, жанынан балалар филармониясы ашылса небір таланттар түлеп ұшар ма еді...

Көктем ҚАРҚЫН

Елдар ҚАБА (коллаж)