Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген Gosagro.kz ақпараттық жүйесі дәл көктемгі дала жұмыстары қызған шақта дұрыс жұмыс істемей, шаруаларға қолбайлау болып отыр. Ақпараттық жүйе жұмысының шала­ғайлығы салдарынан солтүстік­қазақстандық диқандар өздеріне тиесілі субсидияны уақытылы ала алмай, қарызға белшесінен батуға мәжбүр.
Qoldau-ға зар болып қалды
1,563
оқылды

Gosagro.kz ақпараттық жүйесі Qoldau платформасының орнына жасалған болатын. Ескі платформаны алмастырған жаңа жүйе оған қарағанда жақсы жұмыс істеуі керек-ті. Бірақ шаруалар оның жұ­мысының шалағайлығын айтып байбалам салуда. «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасына шағым айта келген диқандардан білгеніміздей, gosagro.kz жүйесінің басты кемшіліктерінің бірі – кәсіпкерлердің жер телімдері туралы мәліметтердің жоқ­тығында. 

Барлық шаруа жалғыз маманнан сұрайды

«Талшық Астық Агро» ЖШС осындай мәселемен бетпе-бет келді.  Ақпараттық жүйеде жер учаскелері цифрланбаған. Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінен және Qoldau порталынан алын­ған деректер Gosagro-ға дұрыс кіріктіріл­меген. Соның салдарынан өтініш беру үшін сайтқа кіру мүмкін емес, мұрағаттық деректер және бұрын алынған субсидиялар туралы ақпарат жоқ. Бұл жайт субсидияны қайталап алуға әкеліп соқтыруы мүмкін, өйткені деректерді салыстыруға еш мүм­кіндік жоқ», – деді Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту бөлімінің сарапшысы Сабина Мұқашева. 

Сөйтсек, облыстағы жер телімдерінің басым бөлігі цифрландырылмаған немесе заң талаптарына сай тіркелмеген екен. 

«Бұрын Qoldau порталында барлық егістік жерлерді көретінбіз. Қазір егістіктер бойынша емес, жалпы кадастр ғана бар. Жүйе соңына дейін жасалмаған. Қолдары­нан келмесе, неге Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгінбеске? Тіпті, біздің ауылдағы IT-мамандар да бұл мәселені шешудің жолдарын ұсынып жатыр. Qoldau да, gosagro.kz да, «Ғарыш сапары» ҰК да Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағы­нышты емес. Неге?

Бұл – жалғыз «Талшық Астық Агро­ның» қиындығы емес. Бүкіл ел бойынша туындап отырған мәселе. Осы мұңымызды айтып кімге жүгінсек те, қол жайғаннан басқа амалдары жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да «білмеймізден» ары аспайды. Жүйенің колл-орталығының телефоны жұмыс істемейді. Мәселе туын­даса, оның шешімін табуға көмектесетін маман жоқ. Арнайы ашылған телеграм-арналары бар екен. Бірақ бұл арнаға қарапайым шаруалар  қосыла қоймайды. Және бұл арна бүкіл Қазақстанға ортақ. Қанша адам бар екенін топшылай беріңіздер. Солардың барлығының қарша бораған сұрақтарына бір ғана өкіл жауап береді. Оның қай мекемеде жұмыс істейтіні белгісіз. Жалғыз өзі жауап беріп те үлгер­мейді», – деп мұңын шақты «Талшық Ас­тық Агро» ЖШС-інің есепшісі Раушан Мұхамедқайырова. 

Биыл 18 сәуірде тыңайтқыштарды суб­сидиялауға өтінім беру басталған болатын. Осындай өтінім беру кезінде «Қызылжар» фермерлік қожалығы да тосын оқиғаға тап болды. 

«Кәсіпорын селитра мен аммофосты субсидиялауға өтінім бере алмады, өйткені өтінімде жер телімдері көрсетілмеген. Кә­сіпорын басшылығы gosagro.kz порталы­ның қолданушыларға қолдау көрсету қызметіне жүгінген.  Ондағы маман егер жер жеке сәйкестендіру нөміріне,  ал ұйым бизнес сәйкестендіру нөміріне ресімделген болса, онда техникалық жағынан субси­дияларға өтінім беру мүмкін емес екенін түсіндірді. Неліктен жаңа жүйені әзірлеу­шілер фермерлік қожалықтың жерлері заң бойынша басшысының  жеке сәйкес­тендіру нөміріне тіркелетінін ескермеген? Өйткені бұған дейінгі qoldau.kz порталында солай болатын. Бұл сұраққа gosagro.kz жүйесінің маманы мұндай техникалық тапсырма берілген жоқ деп жауап берді. Ендеше, бұл мәселе жүйені әзірлеушілердің жоспарына  да енгізілмеген және сәй­кесінше кемшіліктерді жою мерзімі де жоқ», – деді  облыстық кәсіпкерлер пала­тасының сарапшысы Шыңғыс Жылқы­баев.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы­на қатысқан Солтүстік Қазақстан облыс­тық Ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары басқармасы басшысының орын­басары Қайрат Сансызбаев министрлік деңгейінде деректерді бұрынғы жүйеден жаңасына көшіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жергілікті басқарма қосарланған субсидиялау тәуе­кел­дерінің алдын алу үшін осы процедура­ның тезірек аяқталуына мүдделі. Сондық­тан облыстық басқарманың бір қызметкері қазір деректерді салыстыру және тасымал­даумен айналысу үшін министрлікте жұмыс істеп жатқан көрінеді. 

Ал жеке сәйкестендіру және бизнес сәйкестендіру нөмірлеріне қатысты мә­селе түбінде шешіледі. Бірақ қашан екені белгісіз. 

Қолдан жасалған кедергі ме?

Дәл қазір Gosagro-ның техникалық ақауына байланысты диқандар үшін тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, бүкіл республикада  қиын жағдай қалып­тасып отыр. Олар өздеріне тиесілі субсидияға қол жеткізе алмай жүр. 

Палата өз кезегінде бұрынғы Qoldau жүйесін мемлекеттік меншікке беру мәселесін пысықтау, Әлеуметтік қамсыз­дандырудың бірыңғай мемлекеттік ақпа­раттық жүйесіндегі мәселелерді шешу үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін қатыстыру, субсидиялау жөніндегі мемлекеттік қызметті egov.kz порталында ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады. Ірі инвестициялық жобалар бойынша жүйедегі кемшіліктерді жою жөніндегі жұмыс тобын құрып, әр облыста ақпарат­тық жүйеге қатысты сұрақтарға жауап алу және қолжетімділікті қамтама­сыз ету орталықтарын ұйымдастыру ұсынылды. Айта кету керек, бұған дейін бұл ұсыныстардың барлығы Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілген болатын. Әзірге, «баяғы жартас – сол жартас».

«Бұл мәселердің біразын бірер жыл бұрын да қозғағанбыз. Әзірге өзгерген еш­теңе жоқ. Себебі нақты мерзім белгілен­бейді. Жауапты тұлғалар: «біз бұл мәселені білеміз, жұмыс істеп жатырмыз, бақылауда ұстаймыз» дегеннен басқа ештеңе айт­пай­ды. Қанша уақыт бақылауда ұстауға бо­ла­ды? Түптеп келгенде, ешқандай қиындық та жоқ, тек техникалық ақаулық қана, инженерлер шешіп беретін жұмыс», – деді облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сының жанындағы кәсіпкерлердің құқы­ғын қорғау және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы Инесса Қуанова. 

Кеңес отырысына қатысушылар тіпті бұл жайт субсидиялар белгілі бір адамдарға ғана бөлінуі үшін әдейі қолдан жасалған болуы мүмкін деген де күдіктерін жоққа шығармайды.  Портал жұмыс істемеген 5-6 сағаттың ішінде бір шаруа миллион теңгелік өтінімін өткізе алмаса, дәл осы мезгілде басқа біреулер миллиардтаған субсидия алып үлгеріпті. 

«Техникалық ақаулық сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін арттыра түседі. Субсидияға қаржы бөлінгенімен, ол ша­руаға жетпейді немесе «қажетті» адамдарға ғана беріледі. Біздің аграрлық аймақ субсидиямен күн көреді. Тауар өндірушілер субсидия ала алмаса азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Кәсіп­кер­лер біресе тыңайтқышқа, біресе жұмырт­қаға субсидия ала алмай жүргендерін айтып үнемі  шағымданады. Содан кейін неге жұмыртқа қымбат деп таң қаламыз. Субсидиясыз шаруаға өте қиын, ал бізге, қарапайым тұтынушыға бәрі қымбат», – деп баса айтты Инесса Қуанова. 

Сондықтан кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі кеңес осы мәселені шешу үшін сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызметтің де ат салысуы керек деген ұсы­ныс айтты.

Роза ШӘКЕН, 

Солтүстік Қазақстан облысы