Прокурорлар жолдың сапасыз салынғанын анықтаған.
Жетісуда су шайып кеткен жолды салған қызметкерлерді тергеу басталды
1,563
оқылды

Биыл 7 наурызда  Жетісу облысы Кербұлақ ауданында қар еріп, жолды су шайып кетті. 

Су тасқынынан соң Малайсары станциясына қарай автомобиль жолы жартылай қирап, жарамсыз болып қалды. Бұл туралы Aikyn.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды. 

Тексеру нәтижесінде, осы учаскеде жөндеу жұмысы кезіндегі өрескел заңбұзушылықтар анықталды. 

Бастапқыда осы жолдың жөндеу үшін  мемлекеттік органға жобалау-сметалық құжаттама өткізілмеген. Сараптама жүргізбестен, мемлекеттік сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін ағымдағы жөндеу заңсыз жүргізілген. Бұл өз кезегінде техникалық және авторлық қадағалау тарапынан бақылауды жояды.

Нәтижесінде су бұру жүйелерінің өткізу қабілеті есептелмеген. 

Прокуратура мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде мемлекетке зиян келтірген және аса ірі залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтады.

Осы факт бойынша биыл  3 сәуірінде арнайы прокурорлар жүзеге асыратын ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 3-тармағының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.