Қазақстанда туристердің саны артуы мүмкін.
Мәулен Әшімбаев Қытаймен визасыз режим енгізудің артықшылығы туралы айтты
4,257
оқылды

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режим туралы пікірін айтты. Бұл туралы Aikyn.kz сайты «Қазақпаратқа» сілтеме жасап хабарлайды.  

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, визасыз режимді халыққа дұрыс түсіндіру керек. 

«Қазіргі кезде Қазақстан 50-ге жуық мемлекеттің азаматтарына шектеулі уақытқа визасыз келуге мүмкіндік берген. Олардың арасында АҚШ, Еуропа мен Азияның елдері қамтылған. Бұл шешім елімізге туристерді тарту және бизнес аясында келіп жатқан адамдарға тиісті мүмкіндік жасау бағытында ескерілді. Атап айтқанда, аталған режим шектеулі уақытқа арналған, сондай-ақ оның аясында жұмыс істеуге және Қазақстанда тұрақты қалуға болмайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Визасыз режим кейінгі жылдары Қытайға да қатысты қабылданды.

«Кейінгі жылдары Қытай азаматтарының Қазақстанға 14 күнге визасыз кіруге мүмкіндігі бар. Бұл шешім пандемияға дейін қабылданған еді. Яғни, бірнеше жылдан бері Еуропа мен Қытай және басқа елдердің азаматтарына осындай мүмкіндік жасалды. Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының Қытайға визасыз баруы туралы мәселені көтеріп жатыр. Осы орайда тиісті келіссөз жүріп жатыр. Бұл тұрғыда біздің азаматтарға тиісті жағдай жасауға арналған», – деді ол.

Бұған дейін  «Қытай мен Қазақстан арасында визасыз жүйе енгізілсе, пайдасы бар ма?» деген мәселе төңірегінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары пікір білдірген еді.