«AMANAT»-тың Шымкент қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдау өтті. Кездесуге келген тұрғындар түрлі мәселе бойынша партиялықтардан көмек сұрады.
Олардың арасында алаяққа алданған, қарызға белшеден батқан, алимент ала алмаған, баспанасынан айрылып, жер дауын көтерген азаматтар да болды. Өз кезегінде, заң сарапшылары, кәсіби заңгерлер мен адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен медиаторлар тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, заңгерлік көмек көрсетті.
Қабылдауға келген тұрғындар азаматтық, отбасылық және еңбек мәселелері бойынша құқықтық кеңес алды. Мәселен, Серік Өтегенов есімді азамат алаяқтарға алданып, сан соғып қалып отыр. Осы күні ол қарызын қарыз алып жабуға мәжбүр. Қабылдауда заңгерлер оған сотқа жүгіну жолын көрсетіп, құқықтық қолдау көрсетті.
Ал Гүлмира Егембердиева есімді азаматша осыдан бірер жыл бұрын банктен несие алып, оны дер кезінде төлей алмағандықтан барлық есеп-шоты бұғатқа түсіпті. Берешегі берекесін алып, амалсыз аманаттықтарға жүгінген тұрғынға заңгерлік көмек көрсетілді.
Көпбалалы ана Бақыткүл Өмірбекқызы болса, бұрынғы күйеуінен жылдар бойы алимент өндіре алмай жүргенін жеткізіп, мұңын шақты. Шешімін таппай келе жатқан мәселені заңгерлер өз бақылауына алып, тиісті нұсқаулық берілді.
Еске сала кетейік, партия қабырғасында аптасына екі рет тұрғындарға «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік кеңес беріледі. Сондай-ақ, айына бір мәрте заңгерлер шалғай аудандарға барып, халыққа құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Айта кетейік, былтыр партияның қалалық филиалына 10 мыңға жуық адам түрлі жағдаймен көмек сұрап, өтініштерін қалдырды.