«AMANAT» партиясы Пав­лодар облыстық фи­лиалы жанындағы Азамат­тық қоғам мен мәдениетті дамыту бойынша MIRAS ке­ңесінің отырысында эт­но­саралық қатынастар­ды сақтау және ұлттық тәрбие мәселесі талқыланды.
Конфессияаралық келісім – тұрақтылық кепілі
1,116
оқылды

Таяуда Саяси бюро кеңесінің қаулысына сәйкес, кеңес төр­а­ғасы лауазымына Дулат Абет­жанов тағайындалған еді. Об­лыстық филиалдың атқарушы хатшысы Айгүл Маликова оны кеңес мүшелеріне таныстырды. Сондай-ақ кеңес мүшелері 2023 жылға арналған жұмыс жос­па­рын қабылдады. Жиынға об­лыс­тық Ақпарат және қоғамдық да­му басқармасы, Полиция де­партаменті, Мәдениет, тіл­дер­ді дамыту және архив ісі бас­қар­ма­сының өкілдері мен «Сенімен Болашақ» ҚБ төра­ғасы Хызыр Жа­нарыс қатысты. Кеңес оты­ры­­сында өзекті бір­неше мәсе­ле­лер қаралды. Олар­дың бірі – елі­мізде болып жат­қан этностар ара­сындағы орын­сыз көзқарас­тар. Осы мә­селе бойынша құ­зы­ретті орган­дардың баяндамалары тыңда­лып, кеңес мүшелері тарапынан сұ­рақтар қойылды. 

Біздің қоғамда ұлт пен эт­нос­тар арасында қалыптасқан мызғымас тату, бейбіт қарым-қатынастарға зиянын тигізіп жүрген азаматтар баршылық. Пар­тия тегіне, әлеуметтік, лауа­зымдық және мүліктік жағ­дайы­на, жынысына, нәсіліне, ұлтына, діни көзқарасына, на­нымына, тұрғылықты жеріне қа­тысты кез келген кемсіту­шілікті айыптайды. 

«Бүгін біз бұл тақырыпты бе­к­ерден бекер қозғап отыр­ға­нымыз жоқ. Аталған мәселелер партияның Саяси тұғырнамасы мен сайлауалды бағдарламасын­да ерекше айтылған. Партия жал­пыұлттық бірегейлікті ны­ғай­та отырып, еліміздегі ұл­та­ра­лық татулыққа, конфес­сия­ара­лық келісімге сына қағуға еш­қашан жол бермейді. Сон­дықтан қазіргі көтеріліп отыр­ған мәселенің алдын алу және шешу – біздің жалпы ор­тақ міндетіміз. Құрметті Кеңес отырысына қатысушылар, егер де заңнамада кемшіліктер мен шикіліктер болса, өз ұсыныс­тарыңызды беріңіздер. Мәжілісте біздің екі де­пу­тат бар. Олар біздің мәселелерді жоғары трибуналарда қарауға дайын», – деп атап өтті Айгүл Маликова. 

Соңғы Республикалық MIRAS кеңесінің отырысында ба­лалардың тәрбиесі, соның ішінде ұлттық тәрбие мәселесі кө­терілген болатын. Сонымен қатар жасөспірімдер арасын­дағы қылмыстық жауапкершілік мәселесі де қаралды.

«Қазір әлеуметтік желіде жасөспірімдер арасында аяусыз төбелестерді жиі көреміз. Олар­дың қаншамасы жасырын түрде өтіп жатыр. Бұл негізі бәрімізді қынжылтатын дүние. Әсіресе, әлеуметтік желілердің оның ішінде TikTok, Instagram-ның бақылаусыздығы балаларымыз­дың өміріне қатты әсер етуде. Бұл жерде құзіретті органдардың жұмысын сынау үшін жиналған жоқпыз. Мәселенің жауабын тауып, шешу үшін MIRAS қо­ғам­дық кеңесі заңнамаларға өз­герістер енгізу бойынша ұсы­ныстар беретін алаң болып та­бы­лады», – деді кеңес төрағасы Дулат Абетжанов. 

Сонымен қатар кеңес мү­ше­лері отбасындағы және мек­теп­тегі бала тәрбиесі, қазақ тілін оқыту және оның қолдану ая­сын кеңейту, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоқ әлеу­меттік желідеге тұлғалардың және ұйымдардың жұмысына тыйым салу сияқты мәселелерді көтерді. Отырыс қорытындысы бойынша MIRAS қоғамдық кеңесі мемлекеттік орган­дар­дан, кеңеске қатысу­шы­лардан күн тәртібіндегі аталған мә­селелерді реттейтін заңнамалар мен құжаттарға өзгерістер ен­гізу бойынша ұсыныстар беруді сұрады.

Нұрлан ҚОСАЙ