Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Халықаралық келісімді ратификациялау туралы заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Авторлық құқық қорғалады
978
оқылды

Отырыс барысында Сенат депутаттары «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжатта көрсетілген нормалар тиісті түйткілдерді, оның ішінде интернет-ресурс­тардағы мәселелерді де реттеуге арналған.

Заңды қабылдаудың негізгі мақсаттарының бірі – авторлық құқық және сабақтас құқықтар сала­сын­­дағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, осы бағыттағы тәжірибемен және ғылыми зерт­теулердің нәтижелерімен алмасу. Сонымен қатар бұл заң ТМД елдері арасындағы сауда-эко­номика­лық және мәдени байланыстарды кеңейтуге оң ықпалын тигізеді деп күтіліп отыр.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Бибігүл Жексенбай елордада және тұтас елі­мізде су тапшылығының артуына алаңдаушылық білдірді. Сенатор мәселені шешуге арналған бір­қатар ұсыныс айтты.

Әлібек Нәутиев ауыл шаруашылығы саласын­дағы қайта өңдеуді дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол өз сөзінде ауылшаруашылық тауарын өндіру­шілердің бірқатары шикізат экспортына ғана басымдық беретінін айтты. Соған байланысты аталған мәселені шешу жолдарын ұсынды.

Закиржан Кузиев магистральдық желілердің ескіруі салдарынан суармалы судың 60 пайызы далаға ағатынын мәлімдеді. Сенатордың пікірінше, бұл мәселені су үнемдеу технологияларын енгізу және шаруалардың су тұтынуын тиімді реттеу арқылы шешуге болады.

Жанболат Жөргенбаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға кейбір компаниялардың қатысуына рұқсат беру кезіндегі проблемаларды тілге тиек етті.

Қайрат Тастекеев Абай облысындағы суармалы жерлердегі су тапшылығына қатысты проблема­ларды көтерді. Сенатор «Қарғыба» су алабы мен «Жаңа тоған» магистральды каналында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтаудың маңызды екенін айтып, Үкіметті осы мәселені қамтамасыз етуге шақырды.